АНАНЫҢ АЯЛЫ АРМАНЫ – “АҢСАҒАН СӘБИ”

0
274

ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ӨЗ ЖОЛДАУЫНДА 2021 ЖЫЛДАН ЕЛІМІЗДЕ “АҢСАҒАН СӘБИ” АРНАУЛЫ БАҒДАРЛАМАСЫН ІСКЕ ҚОСУДЫ ТАПСЫРДЫ. ОСЫ ОРАЙДА “ЭКО” ЖОБАСЫМЕН КВОТАНЫ 7 МЫҢҒА ДЕЙІН, ЯҒНИ 7 ЕСЕ КӨБЕЙТУ МІНДЕТІН ҚОЙДЫ. БҰЛ – СӘБИДІҢ ІҢГӘСІНЕ ЗӘРУ БОЛҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АНАЛАР ҮШІН СҮЙІНШІ ХАБАР БОЛДЫ.

Ресми дерекке сүйенсек, елімізде әрбір 6-шы отбасы бір перзентке зар болып отыр. Бедеулік диагнозымен есепте тұрған 9 467 әйелдің 30 пайызы жасанды ұрықтандыру қызметіне жүгінуге мәжбүр көрінеді. Осы уақытқа дейін аталған медициналық қызмет түрін тегін алу үшін мемлекеттен 1 мың квота бөлініп келген. Ал жасанды жолмен балалы болудың құны елімізде 700 мың мен 1 млн 200 мың теңге шамасында. Мұндай қаржыны кез келген отбасының қалтасы көтере бермейтіні анық. Аналардың арманын орындау мақсатында биыл ел үкіметі “Аңсаған сәби” бағдарламасына 943 млн 800 мың теңге бөлді. Бұл қаржының негізді жұмсалуы үшін Қазақстанда 26 ЭКО орталығы жұмыс жасайды. Оның 21-і жекеменшік емхана.

АУДАНДА 46 ӘЙЕЛ КЕЗЕГІН КҮТУДЕ

Ақтөбе облысында соңғы 3 жылда репродуктивті технологиялар арқылы 100-ге жуық нәресте дүниеге келген. Экстрокорпаральды ұрықтандыру әдісінің арқасында 10 шақты шаңырақта егіз балалар өмір есігін ашыпты. Ал ауданда осы жылы Мұғалжар аудандық ауруханасы бойынша 18 әйел, Ембі аудандық ауруханасы бойынша 28 әйел ЭКО кезегін күтуде. Мұғалжар аудандық ауруханасының дәрігер-гинекологы Дина Сағынованың айтуынша, үйленгеннен кейін екі жұптың арасында бір жылға дейін бала болмаса, оларға бедеулік диагнозы қойылады екен. – Отбасын құрған жастардың көпшілігі түрлі емханаларды аралап, уақыт жоғалтып алады. Олар ең бірінші отбасын жоспарлау керек. Ер мен әйелі бірдей тексеріліп, емделуі қажет. Бедеуліктің себебін анықтап, нақты диагноз қойылғаннан кейін денсаулық сақтау басқармасындағы арнайы тізімге енгізіледі. Квота – әйелдің екі түтікшесі бітелген немесе алынып тасталған, ерлердің белсенділігі төмен болған жағдайда беріледі. Биылғы квотаны тек медициналық сақтандырылған адамдар ала алады. Сонымен қатар экстрокорпоральды ұрықтандыруға бала сүю мүмкіндігі жоғары жұптарды таңдап алады. Бұл бағдарламаның тағы бір жағымды жаңалығы – квотаға баратын әйелдер жасының 42 жасқа ұзартылуы. Егер әйелдің жасы осы жастан асып кеткен жағдайда, ұрықтың белсенділігі төмен болады, – дейді ол.

Бүгінгі таңда аталған бағдарламаның арқасында аудан бойынша екі әйел жасанды ұрықтандыру арқылы жүктілік бойынша тіркеуге алынған. Дина Сағынова оның бірінің осы жылы “Аңсаған сәби” бағдарламасымен облыстағы экстрокорпаральды ұрықтандыру орталығында ем қабылдап, аяғы ауырлағанын, бүгінде жүктілікпен өзінің қадағалауында екенін қуанышпен жеткізді. Ал Ембі аудандық ауруханасының бас дәрігері Ерлан Бұқарбаев репродуктивті жастағы бір келіншектің көтерудің балама жолдарын іздестіріп, ЭКО арқылы 2020 жылы бала көтергенін, 2021 жылы 3 әйел ЭКО арқылы бала көтеруге дайындық үстінде екенін айтты. Қазіргі таңда аяғы ауырлаған келіншек сәбилі болатын күнін асыға күтуде.

ЭКО АРҚЫЛЫ, АНА АТАНДЫ

Осыдан 10 жыл бұрын алғашқы сәбиін жасанды ұрықтандыру жолымен дүниеге әкелген Айнұр (аты өз өтінішімен өзгертілді) есімді келіншек ана бақытын сезіну үшін өз қаржысымен Алматы қаласына барып, жүйелі ем алғанын айтады. Ол бүгінгі медицинаның мүмкіндігіне, технологияның дамығанына дән риза. – Жолдасым екеуміздің шаңырақ көтергенімізге 8 жыл уақыт өтсе де, арамызда бала болмады. Балалы болу үшін аурухана мен клиникалардың табалдырығын тоздырып, емші-балгерлерді жағалап кеттік. Бірақ нәтиже болмады. Соңғы үмітіміз ЭКО болды. Сөйтіп мініп жүрген қымбат көлігімізді сатып, Алматы қаласына жол тарттық. Сондағы мақсатымыз – осы саланың білікті дәрігері Салтанат Байқошқаровамен кездесу болатын. Сол кісінің клиникасына барып, сараптама жасатып, жасанды ұрықтандыру жолымен балалы болуға мүмкіндік барын білдік. Қатты қуанып, ем-дом қабылдап, балалы болуға шешім  қабылдадық. Алла ниетімізді қабыл етіп, 9 айдан соң отбасымызға шекесі торсықтай ұл бала қосылды. Қуанышымызда шек болмады. Бүгінде шүкір, балам өсіп, 2 – сыныпта оқып жүр. Сабақ үлгерімі де, денсаулығы да өзімен қатар балалардан қалыспайды, – дейді “құтыдан шыққан” құтты балапанның анасы Айнұр.

ҚАЗАҚСТАНДА 30 МЫҢ БАЛА ҚҰТЫДАН ШЫҚҚАН

Жасанды жолмен туған балалар болашақта бала сүйе алмайды деген пікірді сіздің де құлағыңыз шалған болар. Бұл пікірдің негізсіз екенін әлемдік медицина дәлелдеп берді. XIX ғасырдың ғылыми төңкерісі болған жасанды ұрықтандыруды алғаш рет 1976 жылы Кембридж университетінің физиологы Роберт Эдвардс енгізген көрінеді. Екі жыл өткен соң тұңғыш рет жасанды жолмен Лондонда Луиза Браун есімді қыз дүниеге келіп, ата-анасын шаттыққа бөлесе, 28 жасында өзі табиғи жолмен ана атанған. Қазақстанда алғаш рет экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы өмірге келген сәбидің есімі – Юля. Биыл жиырма үш жасқа толады. Осы жолмен әлемде 8 млн бала өмірге келсе, елімізде 30 мың бала жарық дүниеге есігін ашқан.

P.S. Қазақстандық отбасылардың әрбір алтыншысы балаға мұқтаж. Елдегі мамандар да ажырасудың көптеп орын алуын осы статистикамен байланыстыратын көрінеді. Демек отбасын сақтап қалудың соңғы мүмкіндігі жасанды жолмен ұрықтандыру болса, мемлекет басшысының бұл бастамасы ажырасудың алдын алып қана қоймай, әр шаңырақта сәбидің былдыры мен ананың әлдиінің айтылуына себепкер болатыны жанды жадыратады.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ.