Головкиннің келесі қарсыласы анықталды

0
274

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің келесі жекпе-жегі қашан өтетіні және кіммен жұдырықтасатыны белгілі болды. Ол мексикалық Хайме Мунгиямен кездесіп, орта салмақта IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы белбеуін қорғайды, – деп хабарлайды Vesti.kz.

RingPolska басылымының мәліметіне сүйенсек, Головкин мексикалық боксшыға қарсы жекпе-жек өткізеді. Кездесу 7 мамырда АҚШ-тың Техас штатында өтеді. Қос тарап бірнеше апта бойы келіссөз жүргізіп жатыр.

Мунгия – бірінші орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы. Головкиннің дивизионында екі жекпе-жек өткізген. Ол алдымен ирландиялық Гэри О’Салливанды, кейін багамалық Туреано Джонсонды жеңген.

Головкинге қарсылас болуы мүмкін тағы бір боксшы – WBO чемпионы америкалық Деметриус Андраде. Бірақ, ол міндетті үміткер ұлыбританиялық Лиам Уильямспен жекпе-жек өткізуі керек.

Айта кетейік, Головкин кейінгі жекпе-жегін 2020 жылы желтоқсанда АҚШ-та өткізген болатын. Сол кезде поляк Камил Шереметаны нокаутқа түсіріп, 21-рет әлем чемпионы атағын қорғаған еді.