“Самұрық-Қазынаға” жаңа басшы тағайындалды

0
227

“Самұрық-Қазына” қорының жаңа басшысы болып Алмасадам Сәтқалиев тағайындалды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап. Премьер-министр Асқар Мамин “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ ұжымына басқарманың жаңа төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті таныстырды.

Үкімет басшысы Қордың бұрынғы басқарма төрағасы Ахметжан Есімовке Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі және Тәуелсіздік жылдары түрлі мемлекеттік лауазымдардағы тиімді жұмысы үшін алғыс айтты.

Премьер-министр Есімовтің “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ трансформациясын жүргізу және жаңғырту, Қазақстан экономикасын әртараптандыру мен дамытуды арттыру жөніндегі міндеттерді табысты шешкенін атап өтті.

Асқар Мамин Қордың жаңа басшысы Алмасадам Сәтқалиевті таныстыра отырып, оның энергетика саласындағы және “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ жүйесіндегі үлкен жұмыс тәжірибесін атап айтты.

“ҚР Тұңғыш Президенті  – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев “Самұрық-Қазына” қорының алдында маңызы үлкен міндеттер қойып отыр. Бұл еліміздің инфрақұрылымдық, көлік-логистикалық және индустриалдық дамуын қамтамасыз ету арқылы, сонымен қатар, отын-энергетика кешенін дамыту, инвестицияларды тарту және отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету арқылы ұлттық экономиканың одан әрі тұрақты дамуына жағдай жасау”, – деді Мамин.