ІНДЕТ ӘЛІ ІРГЕСІН АЛЫСТАТПАДЫ

0
511

#CаулықСақтықта

Қазір елдегі жағдай қайтаданкүрт өзгеріп кетті. Халық еңсесін көтеріп, ауру күшін жойғандай көрініп еді, алайда, қасқағым сәтте қызыл аймаққа жеткен өңірлер қатары өсіп, сақтық шараларын қатайтуға тура келді. Оның үстіне ауа-райы да құбылып, жылы мен суық араласып, ауруды өршітіп тұр. Осындай кезде әр адам өз денсаулығын қадағалауда ұстауы керек. Дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанып, вирус жұқтырмауға ағзаны дайындаса, пайдасы болары анық. Той, садақа, жиындарды барынша қысқартқанымыз абзал. Қоғамдық көліктерде, адам көп шоғырланған орталарда міндетті түрде маскамен жүруіміз керек. Көктем айы болғаннан кейін, адам баласында шаршау, шалдығу, тұмаулату тәрізді маусымдық симптомдар қатар жүретіні мәлім. Сондықтан дәрігер кеңестеріне жүгініп, керекті ем-домдарды қабылдаған дұрыс. Өз бетімізше ем қабылдайтын заман емес. Бөгде адамдармен араласу да вирус жұғуының қаупін жиілетеді. Алайда, бұл індеттен сақтана отырып, адамдар жақындарының қадірін, стресске қарсы тұрудың, дүрбелеңге бой алдырмаудың, басқалар үшін жауапкершілікті сезінудің жолын да үйрене білді. Әрине, шектеулерді ескермей, күмәнмен қарап, бірқатар ережелерді бұзғандар да болды. Әлі де бар. Сақтық шараларын өзімізден бөлек, жақындарымыздың денсаулығы үшін де сақтасақ, бәрі жақсы болатынына сенемін. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білетін» халқымды шыдамдылық таныта отырып, сақтық түрлерін тоқтатпай ұстануға шақырамын. Әлемді шарпыған, ауыздықтауға мүмкіндік бермей жүрген вирустың күші әлі-ақ кетер. Көңілді кештеріміз де, сән-салтанатты тойларымыз да қайтадан оралады. Тек шыдамдылық пен сабырлық танытып, індеттің өшуіне барлық күшімізбен атсалыссақ деймін.

Сәуле ЕРНИЯЗОВА, №7 «Айгөлек» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі, Қ.Жұбанов ауылдық округі, Қаракөл ауылы.