«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ШАҒЫН АУДАНДАРДЫҢ ШЫРАЙЫ КІРМЕК

ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ТАРИХЫ ТЕРЕҢНЕН ТАМЫР ТАРТАДЫ. ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДА ШАҒЫН ҒАНА БЕКЕТ БОЛЫП ҚҰРЫЛҒАН БҰЛ МЕКЕН — ТҮРЛІ КЕЗЕҢДІ БАСЫНАН ӨТКЕРГЕН, БҮГІНДЕ ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ ТОРАБЫНА АЙНАЛҒАН, ӨНДІРІСІ МЕН КӘСІБІ КӨРКЕЙГЕН, 40 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫНЫ БАР АУДАН ОРТАЛЫҒЫ. БАРДЫ БАҒАЛАЙ БІЛГЕН ДҰРЫС. БҮГІНДЕ АУДАН ОРТАЛЫҒЫ КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРГЕН, ЖОЛДАР ЖӨНДЕЛГЕН, САЯБАҚТАР САЛЫНҒАН, КӨШЕЛЕР АБАТТАНДЫРЫЛҒАН, ЖАҢА ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР БОЙ КӨТЕРГЕН КӨРІКТІ ҚАЛАҒА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ. ОРТАЛЫҚТАН БАСТАЛҒАН ИГІ ШАРАЛАРДАН ШАҺАРДЫҢ ШЕТ АУМАҚТАРЫНАН «САМАЛ», «БОЛАШАҚ», «НҰРЛЫ КӨШ», «ЖАҢА ҚОНЫС» СЕКІЛДІ МӨЛТЕК АУДАНДАР ПАЙДА БОЛЫП, ЖЕКЕ ТҰРҒЫН ҮЙ САЛУ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ.

Кәсіпкерлік нысандар көбеюде

Соңғы он жылдың аясында аудан орталығын көркейту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, «Тәуелсіздік», «Астана» және «Бақытты бала» саябағы мен аллеялар, темір жол вокзалы алдындағы «Анаға тағзым» саябағы, аудан әкімдігі ғимаратының алдындағы субұрқақтар мен алаңдар пайдалануға беріліп, қала тұрғындары мен қонақтарының қажетіне жарап тұр. Сондай-ақ қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне қойылған ескерткіштің жаңғыртылуы, Есет батыр Көкіұлы, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Жамбыл Жабаев секілді еліміздің біртуар азаматтарының құрметіне ескерткіштердің орнатылуы — рухани жаңғыруымызды дәлелдегендей. Соңғы жылдарда аудан орталығынан бірнеше көпқабатты тұрғын үй салынып, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар үйінің тәрбиеленушілері, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар, мемлекеттік және бюджеттік салада жұмыс жасайтын қызметкерлер қоныс той тойлады. Жаңа типте салынған бөбекжай-бақшалар мен шағын медициналық орталықтар, ойынсауық орындары, балаларға арналған түзету кабинеттері пайдалануға берілді. Мемлекеттік қызметкерлер мен көпбалалы аналар үшін көппәтерлі тұрғын үй кешендері, кәсіпкерлік нысандар мен мешіт салынды. Сонымен қатар ойын-сауық және тамақтану орталықтары көптеп ашылуда. — Қандыағаш қаласы дамуының басты бағыттарының бірі – тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, тазалық және автомобиль жолдарын жөндеу мен ұстау, сыртқы жарықтандыру, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету екені белгілі. Тұрғындардың жайлы және қолайлы өмір сүруі осы мәселелердің жылдам әрі уақытылы шешілуіне байланысты. Аз ғана уақыт ішінде бұл қала құлдырауды да, қайта түлеуді де басынан өткерді. Қазіргі таңда шырайы кіріп, гүлдене түсті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарын жүзеге асыру нәтижесінде, қаланың келбеті өзгерді. Мәдени-тұрмыстық жаңа нысандар бой көтеріп, кәсіпорындар ашылуда. Шағын және орта бизнес субъектілері, кафелер, дүкендер сияқты нысандар құрылысы қарқынды жүруде, — деген аудандық сәулет қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Асан Садықов алдағы уақытта Қандыағаш қаласының көркейе түсетініне сенімін білдірді.

«Самалда» 2680 жеке тұрғын үй бой көтереді

Соңғы жылдары қалада жаңадан бой көтеріп, жобасы сызылып жатқан бірнеше жаңа шағын аудандар барын ескерсек, Қандыағаштың да қанатын кеңге жая түсер кезі алыс емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қандыағаш қаласының Еңбек ауылдық округімен шектесетін аумағы жазықтық, кең дала болатын. Ал бүгінде қаздай тізілген жеке тұрғын үйлер шағын қалашыққа айналған. 450-ден астам түтіні бар «Самал» шағын ауданы 11 кварталдан тұрады. Үлкен үш ауданға бөлуге болады. Аталған шағын ауданда жалпы саны 24 көше бар. Атап айтатын болсақ, 1-4 кварталында — 4 көше, 5-ші кварталда — 2 көше, 6-8-ші кварталда — 3 көше, 9-11-ші кварталдарда — 14 көше. Алдағы уақытта «Самал» шағын ауданы бойынша барлығы 2680 тұрғын үй бой көтереді деп жоспарланып отыр.

— 2021 жылы осы ауданнан, яғни, 4-ші квартал мен 7-ші кварталдың ортасындағы ашық алаңқайдан 600 орындық жаңа мектептің құрылысы басталады. Бұл мектептің құрылысы өткен жылы басталу керек болған. Алайда елдегі ахуалға байланысты кейінге шегерілген болатын. 2-ші квартал мен 6-шы кварталдың ортасындағы ашық жерге «Әкімшілік — тұрмыстық құқық бұзушылар ғимаратын» салу жоспарлануда. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда, — деді Асан Садықов.

Үкімет  тарапынан тегін берілген 10 сотық жерлерге құрылыс жұмыстарын бастап, үй тұрғызған жергілікті халыққа жайлы өмір сүруі үшін ең алдымен жол қатынасының жақсарып, коммуникация жүйелерінің толыққанды тартылуы қажет екені анық. Осыған байланысты осы сала мамандары 2021 жылы аталған ауданның 1-ші кварталындағы тас жолдың аяқталған жеріненбастап 5 кварталдың жанымен және артқы көшесімен одан ары қарай 6, 7, 8 кварталдардың алдыңғы көшесімен жүріп, 4 кварталдағы жолға барып қосылатын тас жол салынатынын айтады.

— «Самал» шағын ауданындағы 10-шы кварталда орналасқан жеке тұрғын үйлерге су жүйесінің құрылысынжүргізуге бюджеттен 285,0 млн теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Алтын Айдарлы» ЖШС-і жүргізуде. 9-10-шы кварталды көгілдір отынмен жабдықтау үшін бюджеттен 2021 жылы 356,0 млн теңге бөлінеді деп жаспарланып отыр. Газбен жабдықтау жұмыстарын «StroyGazCompany» ЖШС-і жүргізеді. Бүгінде мердігер компаниямен 307,1 млн теңгеге келісімшарт жасалды. Сонымен қатар осы кварталға электр желісін салу үшін 2021 жылы 334,0 млн теңге бөлінеді деп жоспарлап отырмыз. «Интер Электро Комплект» ЖШС-мен 288,0 млн теңгенің құрылыс жұмыстарына келісім-шарт жасау үшін келіссөздержүргізіліпжатыр, — дейді бөлім басшысы.

«Жаңақоныстан» жер телімдері беріледі

«Ақтөбе-Атырау» тас жолының екі жағын жағалай жайғасқан шағын аудандар «Болашақ», «Нұрлы көш», «Жаңақоныс» деп аталады. Қазіргі таңда «Болашақ» шағын ауданында 200-ден астам үй салынып біткен. Жоғарыда аталған шағын аудандардағы жер учаскелеріне электр желісі, су құбырлары мен орталық кәріз жүйелері толықтай тартылған. «Нұрлы көш» мөлтек ауданындағы жеке тұрғын үйлерді электрмен қамту үшін 2021 жылға 397,0 млн теңге жоспарланған. Жарықпен жабдықтау жұмыстарын «Энергомера» ЖШС-і жүргізеді. Бүгінгі таңда 343,1 млн теңгеге келісім-шарт жасалуда. Сонымен бірге жеке тұрғын үйлерге су желілерін салу жұмыстарын «Данекер» ЖШС-і жүргізеді. Бөлім басшысы Асан Оразалыұлы «Жаңақоныс» шағын ауданынан 650-ге жуық үй салынатынын айтады. Бүгінгі таңда аталған ауданнан 171 жер учаскесінің су құбыры мен электр желісін жүргізу үшін қажетті қаржы бөлінген. Осы жылдың аяғына дейін кезекте тұрған қала тұрғындарына жер учаскелері табысталатын көрінеді.

P.S….Қаңырап қалған үйлер мен қараусыз қалған нысандар, шұрық тесік жолдар мен тозығы жеткен көшелер, суға толған сай-сала мен жалаңаш жатқан жылу құбырлары… Бұл қаланың 15 жыл бұрынғы көрінісі. Ал бүгінде аудан орталығы инвестициялық жобаларды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында оңды көрсеткіштерге ие болды. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Ол енді ертеңгі күннің еншісінде…

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

АҚШ Қазақстанға коронавируспен күресуге 800 мың доллар қаржылай көмек берді

admin_mugalzhar

171 актюбинец нуждается в пересадке органов

admin_mugalzhar

СОҒЫЛДЫ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.