ЖЕР ЖЫРТЫП, ТҰҚЫМ СЕПТІҢ БЕ, ДИҚАН?

0
379

 

Соңғы жылдары еліміз бойынша ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, осы бағыттағы түрлі бағдарламалар қолға алынды. Оған дәлел – Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасындағы өсімдік шаруашылығының тиімділігін 48%-ға көтеруі жөніндегі тұжырымдамасы. Министрліктің болжамынша, бұл тұжырым ауылшаруашылығына оң өзгеріс әкелмек. Ал аудан диқандары егін науқанына дайын ба? Егістіктер жыртылып, тұқым себілді ме? Бұл сұрақтарды ауылшаруашылығына жауапты мамандар мен шаруа қожалықтарының иелеріне жолдадық. Әлқисса..

Мұғалжарлық диқандар аудан халқын толықтай астық өнімдерімен қамтамыз ете алмайды. Себебі ауданда тұқым тастап, ырыздығын жерден күтетін диқандар қауымы аз. Бүгінгі таңда ауданның жалпы ауылшаруашылығына арналған жерінің көлімі 1 152 327 гектар, ал егістікке арналған және тыңайған жерлерінің көлемі бар жоғы 29 047 гектарды құрайды. Ал егіншілікпенайналысатыншаруақожалықтарының саны саусақпен санарлық. Шындығында егін егу үлкен тәуекелділікті талап етеді. Жерге тұқым тастағаннан кейін жауын-шашын тілеп, ал ору науқанында жауынның болмауын қалайтын егіншілердің еңбегі ауа-райына тәуелді. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Жолмағанбет өткен жылы ауа райының қолайсыздығынан шаруалардың еккен астығының өнімділігі төмен болғанын айтады. Шаруалар әр гектарынан орташа есеппен 4 центнерден дәнді дақылдар алса, ал майлы дақылдар бойынша орташа 2,5-3,0 центнерден өнім алған. Бұл жағдай кетпен ұстаған аудан диқандарының бірқатарын ойынан айнытса, басымын жылдағы үрдісінен жаңылдырған жоқ. Бүгінгі таңда аудан аумағындағы шаруа қожалықтар егуге қажетті тұқымдарын алып, техникаларын жасақтап, жер жыртуға дайындық үстінде. Ақкемер ауылдық округінің аумағында егіншілікпен айналысатын “Руслан” шаруа қожалығының басшысы Руслан Тапанбаев мамыр айының басында жер жырту жұмыстарының басталатынын жеткізді.

– Егін шаруашылығымен айналысып келе жатқаныма 20 жылдан астам уақыт болды. Осы жылдар аралығында көптеген қиындықтарды да бастан кешірдік. Өнімді жақсы алған кездеріміз де болды. Егіннің шығымдылығы жердің құнары мен ауарайының жаңбырлы болуына байланысты. Тұқымның да сапалы болғаны жөн. Біз мемлекет тарапынан жанар-жағармай мен жерді тыңайтуға арналған тыңайтқыштарға субсидия аламыз. Бұл – үлкен мүмкіндік. Басты кәсібім болғаннан кейін пайданың да барын жасыра алмаймын. Ол үшін тек еңбектеніп, шыдамды болу керек деп есептеймін. Өткен жылы 500 гектар жерден 50 тонна бидай, 10 тонна арпа алдық. Ал биыл 600-700 гектар жерге егін егеміз деп жоспарлап отырмыз, – дейді диқаншы. Аудандағы шаруа қожалықтары осы жылы дәнді дақылдардан бөлек, майлы дақылдарды және картоп, көкөніс-бақшаегудіжоспарлап отыр. Осы жылдың жоспары бойынша 4000-нан астам гектар жерге дәнді дақылдар, 1000-ға жуық гектар жерге майлы дақылдар, ал 650 гектаржергекартопжәне көкөніс-бақша өнімдері егіледі.

– Егін егуге қажетті жанар-жағар майды, яғни дизель отынын шаруашылықтар Ақтөбе қаласындағы “Батыс-Жер” ЖШС-нен арзандатылған бағамен сатып алуда. Ал егетін тұқымдарын егіс егетін басқа аудандардан немесе көрші облыстың шаруашылықтарынан сатып алады. Егер диқандар элиталық тұқым сатып алатын болса, себілген көлемнің 15 пайызына сатып алған соммасының 70 пайызын үкімет қайтарады. Сондай-ақ, І-репродукциялы тұқым сатып алса, себілген көлемнің 20 пайызына сатып алған соммасының 50 пайызына субсидия облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы төленеді, – дейді кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы. Еңбек ауылдық округінің аумағына егін салатын “Али-Бибарыс” шаруа қожалығының иесі Еркін Дауылбаев осы жылы жерге тұқым сеппейтінін айтады. Себебі Мұғалжар ауданының климаттық жағдайы егін егуге аса қолайлы емес көрінеді. Тәуекелі көп іске барып, шығынға ұшырағанды жөн көрмеген. Осы ауылдық округтегі “Байқар” ШҚ-ның иес іГүлжан Байымбетова да биыл егін екпейтінін айтады. Себебі 2016 жылдан бері егін алқабынан мардымды астық орылмапты. Бірақ қожалығына қарасты егін алқабын бос қоймай, көп жылдық бидайық тұқымдас шөбін егуді ұйғарған. Бүгінде дайындық жұмыстары қарқынды жүруде.

– Бірнеше жылдан бері егіншілік еңбегімізді ақтамай келеді. Жаз бойы жаңбыр жаумай, егістік алқабы күйіп кетеді. Сол себепті кәсібімді мал шаруашылығына қарай бұрып жатырмын. Бүгінде мал азығы үшін таптырмайтын, құнарлылығы мол бидай шөбін (житняк) егуді қолға алдым. Бұл өсімдіктің өнімділігі сондай, шабындық жердің 3000 гектарынан шабылған шөптен бес есе көп береді. Жылына екі мәрте күз және көктем айларында егіледі. Бұл шөптің тұқымы Қазақстанда өндірілген отандық өнім. Тоннасы 750 мың теңге тұрады. 1 гектарға 12 келі тұқым себіледі. Ал үкімет тарапынан берілетін субсидия осы соманың 20 пайызын құрайды. Мемлекет тарапынан техника мен мал азығына субсидиялар беріліп тұрады. Дегенмен осындай жеңілдіктердің көлемі артса, ауылшаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік болар еді, – дейді кәсіпкер Гүлжан Әбденқызы.

Ал Ащысай ауылдық округінің аумағында егіншілікпен айналысатын “Айсұлтан” шаруа қожалығының иесі Нұрғали Елубаев өткен жылы егіннің бітік шыққанын айтады. Ол әр гектарына 9-10 центнерден астық алған.

– Биылғы егін науқанына дайындық жұмыстарын қызу жүргізіп жатырмыз. Мамыр айының 10- нан бастап жер жырту, тұқым себужұмыстарынбастаймыздеп отырмыз. Ресейлік “Анна” сұрыпты бидай және арпа өнімдерінің тұқымын сатып алдым. 300-500 гектар жерге тұқым себемін деп жоспарлап отырмын, – дейді Нұрғали Айсұлтанұлы.

Бүгінгі таңда мемлекет бағдарламасына сәйкес, егін шаруашылығымен айналысатын шаруалар тұқым және гербицидтер мен минералды тыңайтқыштар сатып алса, шығынның 50 пайызын үкімет қайтарады. Егер шаруа қожалықтары техника сатып алса, техниканың 35 пайызы, шаруашылық қазған ұңғыма құдықтардың шығынының 50 пайызы қайтарылады. Бұл – инвестициялық бағыттарға берілетін субсидия.

– Қазіргі таңда егін шаруашылығы мен инвестициялық субсидиялар алуға ынталы диқандар өтінімдерін Qoldau.kz электронды порталы арқылы беруге болады. Ол үшін шаруашылық иелері өздерінің шаруашылықтарының ЭСҚ кілттері арқылы кіріп, өтінім қалдыра алады. Демек, бұл диқандардың ауылда отырып-ақ, интернет арқылы субсидияға қол жеткізуіне жасалған мүмкіндік, – дейді Бауыржан Кенжебайұлы.

МАЛ БАСЫНА СУБСИДИЯ ТӨЛЕНЕДІ

Ауыл шаруашылық саласының тағы бір маңызды бөлігі – мал шаруашылығы. Бүгінгі таңда мал шаруашылығына байланысты селекциялық жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Ірі қара малдың аналығының 1 басына 10 мың теңге, ал асыл тұқымды аналық басына 15 мың теңге субсидия төленеді.

– Қой шаруашылығымен айналысатын қожалықтардың селекция жұмыстарына тауарлық аналық басына 2500 теңге, асыл тұқымды аналық басына 4000 теңге субсидия беріледі. Ал асыл тұқымды айғыр және түйе сатып алғаны үшін 1 басқа 100 мың теңге бөлінеді. Мал бордақылау алаңдарына бұқашықтар тапсырғаны үшін шаруаға тiрiдей салмағының 1 кг-на 200 теңге төленеді, – дейді Б.Жолмағанбет.

Сонымен қатар мал шаруашылығын дамытамын деушілерге мемлекет тарапынан жасалатын тағы бір көмек – мал азығына берілетін жеңілдік. Шаруа қожалық иелері малының азығына жұмсалған шығындарына облыстық бюджеттен субсидия ала алады. Аналық ірі қараның басына 30 мың теңге, аналық қой басына 5 мың теңге бөлінеді. Ал аналық жылқы басына 20 мың теңге беріледі. Бөлім басшысы осы аталған субсидиялардың ережелері барлық қала және ауылдық округтер әкімшіліктеріне жолданғанын, шаруашылықтарға ережелерді түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып өтті.

ЖЕМ БОЙЫНАН БАУ-БАҚША БОЙ КӨТЕРЕДІ

Көкөніс, бақша дақылдары және жеміс-жидектер өсіру шаруашылығын қолға алған Ембі қаласының тұрғыны Айболат Бижанов қала іргесінен 2 гектар жер алған. Ол Ресейдің Челябинск қаласынан 170 тал алма ағашы, 130 тал алмұрт, 130 талалқоры, 90 талөрік, 200 тал қарақат талдарын және Ақтөбе қаласы “Юсупов” жеке кәсіпкері арқылы құлпынай, таңқурай, жүзім көшеттерін алдырып отырғызған. Жем бойына бақша салған бағбан еңбекпен келетін нанның тәтті екенін жақсы біледі. Кәсіпкер алдағы уақытта алған өнімі арқылы Ембі қаласының тұрғындарын сапалы да пайдалы жеміс-жидектермен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

P.S. Ықылым заманнан жер жыртып, егін салған диқаншылық – атадан балаға жеткен кәсіп. Бүгінде бұл шаруашылықты қолға алған аудан диқандары егістік жерлерін өңдеп, егін егуге дайындық жұмыстарын бастап кетті. Енді тұқым егілген алқапқа ауа-райы оң қабақ танытып, төгілген маңдай тердің тамшысындай жауын жауса, диқанның ерен еңбегінің ақталғаны.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ.