Қате қадам

0
270
Сабылысқан адамдар. Бірі мініп, енді бірі өзінің аялдамасынан түсіп қалып жатыр. Қоғамдық көліктің ең соңғы орындығына жайғасқан Айша жан-жағындағылардың бәрін көзімен сүзгіден өткізді. Қабағы түсіп, жүзі қуарған әйелдің жанына ешкім жолағысы келмеген сыңайлы көрінді. Айналасындағылардың бәрі бақытты. Мынау тұрған қос ғашық та бір-біріне махаббат жанған көздермен қарайды. Қарт әжей де телефон арқылы немерелерімен сөйлесіп, солардың былдырлаған дауысына мәз. Тіпті анау жанында үш баласын ерте жүрген келіншек те балалары ырық бермей жатса да, әрбіріне мейіріммен қарап, аймалап келеді. Тек өзі ғана. Өзі ғана бар бақыттан адыра қалғандай сезінді.
«Жоқ. Мен де бір кездері бақытты болдым. Бізге де жұрт қызыға қараушы еді. Думан мені алақанға салып аялады. Біз де шынайы махаббатпен отау құрып, бар бақытқа бірге жеттік емес пе?! Осынау бар кереметті әрі қарай жалғастыруға болар еді ғой. Бәріне өзім кінәлі. Тек өзім ғана. Анау келіншек сияқты баламды шұбыртып жүріп, әжей сияқты немеремнің қызығын көруге менің де мүмкіндігім болған». Айша осындай ішкі ойларымен арпалысып келе жатып, өзі түсетін аялдамадан өтіп те кетіпті. Онысын терезеден сыртқа көз тастаған кезде байқады. Орнынан атып тұрып есікке қарай «тоқтаңыз» деп жүгірді. Мұның дауысынан бәрі бетіне бажырая қарады.
– Не болды, әпке, – деді кондуктор жігіт.
– Аялдамадан өтіп кетіппін.
– Әпке, қарап отырмайсыз ба? Қайта-қайта айғайлап айтып жатқан жоқпыз ба! Енді келесі аялдамадан тоқтаймыз.
Әншейінде жұлып алардай етіп дүрсе қоя беретін Айша өзінің кінәсін түсінді ме, үнсіз ғана есікке жақындап тұрды. Өзіне қадалған көп жанардан ыңғайсызданып, жүзін тайдырып, есікке қадалып алды.
Айша қазір жалғыздықтан қорқатын болған. Жалғыз қалса болды, осылай ойға шомып, дүниеден түңіліп кететін болған.
Көліктен түсті де, жаяулатып жолмен үйіне қарай келеді. Салқын самал желге жүзін бұрып, таза ауамен тыныстап келеді. Асыққан жоқ. Асыққанда қайда барады? Оны үйде күтіп отырған адам жоқ.
Айша ауылдың қызы еді. Мәрия деген көрші сыныптас құрбысы екеуі ажырамас дос болды. Мектепке бірге барып, сабаққа бірге дайындалып жүретін. Бір үйдің баласындай болып өсті. Бала кезінен-ақ Мәрияның қалада тұратын ағасының баласы Думан ауылға жазғы демалыс кезінде келіп-кетіп тұратын. Сол кезде бірге ойнап өскен-ді. Кейін олар мектеп бітірер шақта жолықты. Ол кезде екеуі де бойжеткен мен бозбала болып қалған. Айша анау айтқандай алып бара жатқан сұлу болмаса да, өзіне тән тартымдылығы бар еді. Мінезі ашық, ақкөңіл қыз ортасымен тез араласып кететін. Ал Думан қалада өскен соң ба қайдам, келісті болды. Өзі спортпен шұғылданатын. Бойшаң, ірі денелі еді. Ең алғаш көргенде Айшаның жүрек түкпірінен қылт еткен сезім оянды. Бірақ онысын оңай байқатқан жоқ. Думанның әрекетін күтті. Думан да оған баяғы бала кезден-ақ ғашық болатын. Бала махаббат ер жеткен соң тіпті шарықтап кетті. Осылайша жастарды сезім тоғыстырды. Кейін мектеп бітірген соң, Айша Алматыға оқуға түсті. Думан Айшаның оқу орнында, бірақ басқа факультеттің студенті атанды. Осылай қос ғашық үлкен қалада жарасым тауып, бақытты шақтарды өткеріп, студенттік жылдарды да артта қалдырды. Оқу бітірген соң Думан бірден үйленуге ұсыныс жасады. Ол кезде өзі қаладағы бір компанияда менеджер болып жұмыс жасап жүрген. Айша да диплом алысымен мамандығы бойынша жұмысқа орналасып алды. Не керек, олар үйленіп, қалада тұруға бекінді. Үлкендер жағы тойдың қызу дайындығына кірісіп кетті. Екі жақ құдалар да жарасым тауып, балаларының тойын өткізіп, қалаға жіберді. Думан үйдің екінші ұлы болатын. Үлкен ағасы әлі үйленбесе де, ата-анасы бұларды ұстап қалған жоқ. Қалада бұлар алғашында жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұрды. Артық шығын шығармай, қаражат жинай бастады. Бірақ тарақаны көп жатақхана бөлмесінде ұзақ тұру мүмкін болмаған соң, бір бөлмелі пәтерге шықты. Мұнда да қайбір жетіскен жағдай бар дейсің. Сонда да болса олар бәріне шыдады. Үйленгеннен кейін екі ай өткесін, Айша өзіндегі ыңғайсыздықты сезінді. Денсаулығы мазалай берген соң, дәрігерге барып қаралған еді. Аяғы ауыр екен. Жүктіліктің жетінші аптасы. Бірақ бұл жаңалыққа Айша еш қуанған жоқ. Қайта ұнжырғасы түсіп кетті. Дәрігерден “баланы бойымнан арылтып беріңіз” деп өтінді.
– Ау, қызым, мұның қалай? Әлде тұрмыс құрмап па едің. Жолдан көтердің бе? Қыздар, осы сендерге не болған, а-а-а, – деп көзілдірігін шешіп, жанарын тіктеп қарады.
– Жоқ, дәрігер. Құдай сақтасын, жолдасым бар. Отбасын құрғанымызға екі ай болды.
– Енді. Ақыры жағдайың жақсы екен, баладан неге қашасың? Бұл да табиғаттың заңдылығы емес пе?
– Түсінесіз бе? Біздің қазір бала бағатын шамамыз жоқ. Өзімізді әзер бағып жүрміз. Пәтерден пәтерге көшіп. Ертең бала болатын болса, тұрмыстық жағдайымыз мүлде төмендеп кететін болады. Мен жұмыссыз қаламын. Жолдасымның табысы күнкөрістен артылмайды. Баланың шығыны көп, білемін ғой.
– Айналайын, бәрін түсініп тұрмын. Бірақ баланы алдыру оңай емес. Мұнан соң мүлдем балалы болмай қалуың мүмкін. Сондықтан мен сенің бұл шешіміңді құптамаймын. Әбден ойланып, жолдасыңмен ақылдасып, келесі аптада келерсің, – деп, дәрігер мұны шығарып салды.
Дәрігердің “мұнан соң мүлде бала сүйе алмай қалуың мүмкін” деген сөзінен қорықса да, дәрігерлер әдейі солай айта береді. Мен бала көтеруге қабілетті екенмін. Онда бұдан соң да бола жатар. Айтпақшы, студент кездегі құрбым Сәния қанша рет баласын алдырып тастады. Бірақ қазір балалары бар ғой деген ойлармен өзін жұбатты.
Олар тек кешкі аста ғана бас қосатын. Думан бүгін де қосымша жұмыс жасап, кеш қайтты. Күйеуінің ойын білгісі келген Айша өзінің жүкті екенін айтпаса да, астарлап жеткізді.
– Думан, сен баланы жақсы көресің бе?
– Әрине, әсіресе, кішкентай кезде иісі деген тәтті болады ғой. Неге сұрадың? Әлде аяғың ауыр ма? – деп қасығын тастай салып, Айшаға бажырая қарады. Бұған Айша селк ете қалды.
– Жо, жоқ, жай сұрағаным ғой. Құрбым демалыс күні ұлымды бағып берші деген. Соған сені жақтырмай қала ма деп…
– А-а-а-а, әкеле бер. Сенің аяғың ауыр ма деп шошып кеттім ғой.
– Шошып?! Сонда менің аяғым ауыр болса, бұл қорқынышты ма?
– Жоқ. Білмеймін. Айша, енді мен балаларымның мынадай тар пәтерде өмірге келгенін қаламаймын. Оларға барлық жағдайды жасап бергім келеді. Егер баламыз болатын болса, онда бізге алдымен үй алу керек болады,– деп кібіртіктеп қалды.
Бұл сөздер Айшаның баладан құтылу керек деген ойын одан әрі түйсіндіре түсті. Ертеңіне барып жеке клиникада түсік жасатып тастады. Осылай мұны Думаны білмей де қалды. Уақыт өтіп жатты. Араға тағы бір жыл салып бұлар қаланың қақ ортасынан екі бөлмелі пәтер сатып алды. Бұл кез олардың өміріндегі ең бақытты шақтар еді. Думанның жұмыста қызметі де жоғарылады. Айшаның да айлық табысы көтеріліп, екі жерде жұмыс жасап жүрді. Не керек, олар адал еңбектің арқасында таршылық көрмей тұрмыс кешіп жатты.
Жаңа жыл жақындап қалған кез болатын. Думан ұжымдастарымен болған мерекелік кештен сәл масайрап келді. Қолында тәттіге толы қалтасы бар. Қалтасын Айшаға ұстатып, өзі кіреберістегі диванға отыра кетті.
– Ту, қандай күшті кәмпиттер. Мұны басшылық дайындаған ба?
– Иә, баласы барларға ғана береді екен. Білесің бе? Бізден кейін үйленген Самат бар ғой, екеуміз тойына барып едік қой. Соның қазір төрт баласы бар. Оған төрт қалтасын берді. Содан ол маған мынаны ырымдап берді. Бала деген тәтті ғой. Өткенде сол Саматтың үйіне жолай кіргем. Алдымнан кіп-кішкентай балалары шулап шыға келді. Өздері сондай сүйкімді екен. Саматтан аумайды. Айша, қалай ойлайсың ертең біздің баламыз кімге ұқсайды екен?! – деді.
Айша тілсіз қалды. Өзінің баяғы қылығы есіне түсіп, онан соң бала көтермегенін ойлап ойға шомып, уайымға батты. Бірақ мұның бәрінен Думан хабарсыз еді. Мереке өткен соң дәрігерге барып қараламын деген шешімге келді. Олар жаңа жылда ата-анасына келді. Бұл кезде Думанның барлық бауырлары үйленіп, үйлі-жайлы болған. Көптен қауышқан енесімен, абысынымен оңаша шай ішіп отырғанда, енесі де оған осынша уақыт бала көтермеудің қорқынышты екендігін айтты.
– Өзің дәрігерге қаралдың ба?
– Жоқ. Жұмыс, жұмыс деп Думан да, мен де ол туралы мүлде ойламаппыз.
– Қу тіршіліктің қиындығы таусылмайды. Бала – отбасының негізі. Жанұяны ұстап қалатын да бала, қалқам, сенің мына жайбарақат жүрісіңе жол болсын. Мен баламның артынан ұрпақ ергенін қалаймын, – деді.
Мұнан кейін Айшаның қорқынышы одан сайын еселенді. Қалаға келген бетте дәрігерге қаралды. Екі күн жүріп толық тексеруден өткен соң, оған дәрігерлер ешқашан бала сүйе алмайтыны туралы тоқтам жасады. Мұны естігенде Айшаның жүрегі тоқтап қала жаздады. Бәрі сол баяғы түсіктің салдары. Бірақ мұны Думанға қалай айтады. Ол мұны естісе, не боларын құдай білсін. “Неде болса бұл сырды өзіммен бірге алып кетемін” деген тоқтамға келді. Айшаның жағдайынан хабарсыз Думан “бәлкім, кінәрат менен болар” деп өзінше тексеруден өтіп, әлек болып жүр.
Осылай жүргенде олардың жұптық өмірінің де 20 жылы өтіп кетті. Енді Думанның да үміті үзілгендей. Айша мұны сезіп жүр. Соңғы кезде қарым-қатынастары да мәз емес. Думан кейде үйге қонбай қалатынды шығарды. Қазір де жүрегі сезіп тұр. Ол үйде жоқ. Басқа бір әйелмен көңіл жарастырып кетсе де, қолынан ештеңе келмейді. Өйткені ол да бала сүйіп, бақытқа кенелгісі келеді. Бірақ Думанның қасынан өзгені көремін деген ойдан-ақ қорқады. Десе де бәрі мүмкін…

Назерке  БАҚЫРАН 

tolqyn.kz