“10 немесе 200 мың теңгемен”. Ел ішіндегі саяхатқа 10 кеңес

0
231

Қазақстандықтар арасында ішкі туризмге сұраныс артты. Әсіресе Түркістанға сапар шегетіндер көбейді. Ол жаққа турды 10 мың теңгеге де, 200 мың теңгеге де сатып алуға болады. Қайсын таңдау керек, ең бастысы – қалай таңдау керек? Қазақстан мен әлем бойынша авторлық тур ұйымдастырушы Ирина Лукьянина Кaz.tengritravel.kz порталына 10 кеңесін айтып берді.

Бұл материалда Ирина Лукьянинаның турист және турларды ұйымдастырушы ретінде Қазақстандағы ішкі турлар бойынша ойын бөлісеміз.

Бірінші кеңес: баға

Мысал ретінде, Түркістанға турды алайық. Сізді тек баға қызықтырады. Қымбат/арзан. Бұл бағаға не кіреді? Соны білу керек. Көбіне арзан тур алғанда тамақтану, кіру билеттері және т.б. үшін қосымша ақы төлеу керек. Кейде қосымша төлемдер негізгі турдың құнынан асып кетуі мүмкін. Сондықтан тур бағасы мен оған кіретін қызметтерді нақтылау керек.

Екінші кеңес: турдың күні

Әдетте біз турға баратын мерзімді қараймыз және күндерін санаймыз. Ал негізінде сіз баратын қалаңызда қанша түн өткізетініңізді есептеп, экскурсия бағдарламасының қашан басталатынын сұрауыңыз керек. Мысалы, Алматыдан Түркістанға саяхат 25-27 мамырда үш күн сияқты өтеді. Бірақ! 25 мамырда кешке автобуспен шығу, қалаға келу – 26 мамырда таңертең болады. Сол күні кешке автобуспен кері шығып, түні бойы жүресіз, ал Алматыға 27 мамырда таңертең келесіз. Үш күн, оның бір күні Түркістанда өтеді және ол қалада түнеген жоқсыз.

Үшінші кеңес: гид немесе ертіп жүретін адам?

Жергілікті гид (Шымкент/Түркістан) немесе сіздің қалаңыздан бірге шығатын адам бола ма? Сертификаты бар ма (Мемлекеттік тізілімге тіркелген) немесе кеше қайда жұмыс істегенін ешкім білмейтін адам ба? О! Ешкім мұндай сұрақ қоймайды. Ал саяхатыңыздың әсерлі болуы қыдыртатын адамға байланысты болады.

Төртінші кеңес: хостел немесе Хилтон?

Әдетте тур ұйымдастырушы қонақүйдің немесе хостелдің суретін жібереді және сол жерде бәрі болатынына сеніп отырамыз. Бірақ сол қонақүйде болған туристердің пікірін оқып, көрікті жерлерден қашықтығын білу керек (егер алыс болса, онда сіз қонақүйге тек кешке келесіз, жақын болса – кез-келген уақытта топтан артта қалып, демалуға болады, жақсы турларда мұндай демалыс қарастырылған). Қонақүйдің бағасын интернеттен қараңыз, жайлы орындар арзан емес. Таңғы ас, басқа қызметтер бағаға кіре ме? Мысалы, егер тур жазда ыстық аймақта болса, кондиционер маңызды.

Бесінші кеңес: тамақтану

Көбіне біз “Неге? Өзіміз үйтіп-бүйтіп, бір жерден жей саламыз” деп ойлаймыз… Бәрі бекер! Кейде тур бағдарламасы жақсы дәмханалардан алыс жерде өтеді немесе баратын жерлер көп болады, сондықтан дәмхана іздеп жүретін уақыт жоқ. Егер түскі ас тур бағасына кірмесе және алдын ала дайын тұрмаса, онда сізге дәмхананың қайда екенін айтады және турдағы барлық адам тапсырыс бергенше, тамақ дайын болғанша уақыт жоғалтасыз. Тіпті аш қалуыңыз да мүмкін.

Алтыншы кеңес: “Ал, баламен баруға бола ма?”

Әдетте біз бұл сұрақты баламен бірге баратын кезде ғана қоямыз. Бұл да бекер. Алдын ала біліңіз. Егер баланы ертіп жүруге болса, онда көрікті жерлерді аралағанда, түскі ас кезінде, қонақүйге кіріп-шығарда ұзақ уақыт алады. Балалар тез шаршайды, жиі тамақтанғысы/су ішкісі/дәретханаға барғысы келеді. Балалардың жылауына және басқа да қолайсыздықтарға дайын болыңыз. Егер бұл сізді мазалайтын болса, тек үлкен балалар немесе ересектерге арналған турларды таңдаңыз.

Жетінші кеңес: қыдыратын орындар

Интернетте картаны ашып, олардың арасындағы қашықтықты көріңіз және бұрын барған адамдардың пікірін оқыңыз. Мысалы, көптеген турда Үкаша ата құдығына барып қайтуға бір сағат кетеді деп қояды. Шын мәнінде, оған кезекке тұру үшін бір жарым-үш сағат кетеді, сонымен қатар жол мен шағын экскурсия қажет. Олар сізді сол жерге апарады, оны алыстан көрсетеді және қайта алып кетеді. Сондықтан, егер сіз осы қасиетті жерге (немесе басқа) барғыңыз келсе, турдың уақыты мен егжей-тегжейін тексеріңіз.

Сегізінші кеңес: демалыс

Турда тек көрікті жерлер бар және демалуға бірде-бір күн жоқ болуы мүмкін. Мысалы, турда  таза ауада серуендеу, тауларға, орманға, пикник пен көлге бару немесе бір-екі бос күн қарастырылмаса, турдан кейін сізге тағы бір апта демалыс қажет болады.

Тоғызыншы кеңес: топ

Топтағы адамдар санына мұқият қараңыз. Егер 30-40 саяхатшы болса, онда алдын ала дайын болыңыз. Жолда санитарлық аялдамалар ұзаққа созылып, кешігіп жүруіңіз мүмкін. Бірақ мұндай турлар арзан және көптеген адамға ұнайды.

Оныншы кеңес: көлік

Турда қандай көлік бар? Қай жылы шығарылған? Кондиционері бар ма? Бұл сіздің қауіпсіздігіңіз бен жайлылығыңыз үшін маңызды.

“Сондай-ақ ұйымдастырушының/гидтің әлеуметтік желісіне қарап, онда өткен турлардан видеоның бар-жоғын көру артық болмайды. Турдың алдыңғы қатысушыларынан сапар туралы жеке пікірін сұрауға ерінбеңіз.

Егер сіз ауырып қалсаңыз немесе Ashyq жобасында мәртебеңіз “қызыл”/”сары” болса тур бағасы қайтарыла ма? Қазір ең өзекті мәселе осы шығар”, – деп қорытындылады кеңесін Ирина.