10 БАЛАҒА КІНДІК ШЕШЕ БОЛҒАН ДӘРІГЕР

0
590

Бала денсаулығы – жауапкершілікті екі есе қажет етері айқын. Сондықтан педиатр- дәрігер болудың жүгі де жеңіл емес. 3 жыл бұрын Ақкемер ауылына көшіп келген Збира Бөпелек бұл мамандыққа тосыннан келмегенін және ешқашан өкінбегенін айтады.

1966 жылы Байғанин ауданындағы Алтай батыр ауылында дүниеге келген Збира Айдарбайқызы 1982 жылы мектепті Алтын медальмен аяқтап, бала кезгі арманына қол жеткізіп, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түскен. 1988 жылы институтты педиатрия мамандығы бойынша бітіріп, №2 Ақтөбе қалалық балалар ауруханасында бала дәрігері болып еңбек жолын бастайды. Кейін Қарабұтақ ауданына қарасты Бөгетсай ауылында, өзінің туған жері Байғанин ауданы, Алтай батыр ауылында балалар дәрігері, жалпы тәжірибелік дәрігер болып қызметін жалғастырады.

– Менің осы салада жүргеніме 33 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде қаншама оқиға, қуанышты сәттер мен қайғылы кезеңдер бір-бірін алмастырды. Әрине, шүкір, сүйіншілеген жаңалықтар басым болды. Аяғы ауыр келіншекті ауылдан аудан орталығына алып шыққан кезде, жолда босанып қалған қаншама ананың баласының алғашқы шыр еткен дауыстарын естіп, кіндік шеше болдым. Тіпті кейде ауданға жіберген келіншектер жолда қайтып үйге келіп, кейін қайтып үй жағдайында босандырған кездерім де болды. Кішкентай ауылда жедел жәрдем көлігі жоқ, қашықта орналасқан тауларда қой бағып отырған қойшыларға бірнеше рет су, май таситын машиналарымен, трактормен шақыртуға да барғанмын. Ондай кезде көлік таңдайтын жағдайда болмайсың. Әрі педиатр, әрі хирург, әрі гинеколог та болуға тура келеді. Жарақаттың тігісін тігу, әйелді босандыру, кез келген қиналған жанға ақыл-кеңес айтып, күйзелісін бірге сезініп, психолог та болуға тура келетін кезеңдер болады. Осылай еңбек ете жүріп, қаншама жаннан алғыс алдым. “33 жыл бойы бір күн тыныш, алаңсыз ұйықтадым ба екен өзі” деп ойлаймын кейде. Күні-түні жұмыс бізде. Осының барлығына қарамастан өз жұмысымды жақсы көремін. Қанша жылдық тәжірибемнің арқасында осындай көп қиындықты еңсердім деп айта аламын, – дейді дәрігер.

2018 жылы қараша айында отбасылық жағдайына байланысты Ақкемер ауылына көшіп келіп, осы жерде қызметін жалғастырып, еңбек етіп келеді. 2014 жылы “Ең үздік ауыл дәрігері” номинациясы бойынша сол кездегі облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қолынан Құрмет грамотасын алған. Әр жыл сайын облыстық, аудандық деңгейде Алғыс хаттар мен түрлі марапаттар алып отырады. Өзінің жүрек қалауымен жар таңдап, өзі таңдаған сүйікті ісімен шұғылданып жүрген, еңбегімен елінің алғысына ие болған Збира Бөпелек әйел бақыты мен ана бақытының дәмін татып, қызметте де абыройға ие болып жүрген үлгі боларлық жан. Жолдасы екеуі бүгінде 2 баладан 2 немере бағып отыр.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ