Бақытжан НИЕТАЛЫ: БҰЛ САЛАҒА САНАЛЫ ҒҰМЫРЫМДЫ АРНАДЫМ

0
87

– Журналист болуды мектеп қабырғасынан армандадым. Қолым оқудан босаса, аудандық кітапханада түрлі басылымдарды оқуды жақсы көретінмін. Мектепті бітіргесін журналистикаға бару жолым ұзаққа созылды. Жетімдіктің кесірі, қашыққа барып оқи алмадым. Еңбекке араласып, жұмысшы мамандығын игердім. Бұл маған зор өмір үлгісі, ал болашақ журналист үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Содан, 1965 жылы ҚазГУге оқуға түстім-ау, әйтеуір. Өмір-бақи оқумен, үйренумен келемін. Алматы, Мәскеу, Қазан қалаларындағы бес институтта дәріс алыппын. Журналистикаға 32 жыл саналы ғұмырымды арнадым. Қатардағы тілшіден редакторлық қызметке дейін көтерілдім. Қандай жағдайда да журналистиканың биік принциптеріне адал болғанымды мақтан тұтамын. Журналист – қоғам қайраткері. Сенің әрбір жазғаныңнан қоғам мен халық мүддесінің иісі аңқып тұрғаны абзал. Мұны әр талапкер терең түсінуі ләзім, сонда ғана сен талантты тұлға бола аласың. Жаңа заманда да журналист мамандығының рөлі арта түспесе, кеміген жоқ. Аудандық газеттегі әріптестерге қаламдарың мұқалмасын, шығармашылық табыстарың молая берсін деген тілек айтамын. Кәсіптік мерекелерің құтты болсын!