«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АНАМНЫҢ ЖОЛЫН ҚУЫП, ДӘРІГЕР АТАНДЫМ…

ЕМБІ АУДАНДЫҚ ЕМХАНАДАҒЫ ЖАЛПЫ ТӘЖІРИБЕЛІК ДӘРІГЕР РАУШАН АНДАКУЛОВА: «БАЛА КЕЗДЕГІ АНАМНЫҢ АҚ ХАЛАТТАҒЫ БЕЙНЕСІ МЕНІҢ БОЛАШАҚ МАМАНДЫҒЫМА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІГІМ МЕН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫМДЫ ОЯТЫП, АРМАНЫМА АЙНАЛДЫ», — ДЕЙДІ.

Сол арманы жетелеген кейіпкеріміз бүгінде анасының аманатындай болған ақ халатты дәрігерге айналды.
— Арманым адастырмай әкелгеніне қуанамын. Осы салада жүргеніме 10 жылдан асса да, әрқашан ізденісті, тәжірибені жетілдіруді талап етеді. Себебі көп жағдайда адам денсаулығы, тіпті өмірі бізге тікелей байланысты болады. Осы тұста ауруды асқындырмай дер кезінде емдетуге келу керектігін баршаға құлаққағыс еткім келіп отыр. Себебі бізде әбден дерт денені жаулаған соң, ем қонудың төмен сатысында тұрған кезде келіп жататын жағдайлар көп. Ондай кезде біздің де мүмкіншілігіміз азайып, ел арасында кері пікірлер туып жатады, — дейді маман.
Раушан Аманғалиқызы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік академиясының түлегі. Қазіргі таңда жұмысымен бірге отбасын қатар алып, жұбайымен 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған аяулы ана, асыл жар.
— Дәрігер болған соң кешегі әлемді жаулаған пандемия аса қатты алаңдатты. Демалыссыз, тіпті үйге бармай, сол дерт ошағының басы-қасында жүріп қызмет жасауға тура келді. Себебі ол біздің басты міндетіміз. Сол кезде үй-жайын тастап, халықпен бірге жүріп, дертке дауа болғандарға алғысымды білдіргім келіп отыр. Осындай кезде жақын адамдардың да қолдауы өте маңызды. Өйткені отбасылы болған соң, бірі түсінеді, бірі түсінбейді. Жолдасым, жақындарым мені қолдап, барынша түсініп, демеу болғаны — менің жұмысымда екі есе жақсы нәтиже көрсетуіме түрткі болды, — дейді Раушан Андакулова.
«Жалпы дәрігер болу үшін үлкен жүрек және батылдық керек, — деп санайтын кейіпкеріміз: — себебі күрескер болсаң ғана науқастың дертін қайтару мүмкіндігің бар. Ал кең жүрек науқастың еммен бірге мейірім арқылы шипа көруіне жол ашады», — дейді.
— Шын мәнінде адам денсаулығын қадағалап отыру жай адамның ойлануына да ауыр дүние тәрізді. Сондықтан осы мереке қарсаңында ақ халатты абзал, ержүрек жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Еңбектеріңіз жана берсін, сүйікті менің әріптестерім! — деп ыстық ықыласы мен ақжарма тілегін жаудырған Раушан Андакулованың жұмысына біз де жеміс тілейміз.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

ПАНТЫМЕН ЕМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

admin_mugalzhar

Димаш Құдайберген Түркияда жеке концертін өткізетінін хабарлады

admin_mugalzhar

Сайлау: үш үміткердің құжаттары мемлекеттік органдарда тексеріліп жатыр

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.