Қуаныш КЕНЖЕҒАЛИЕВ: ЖУРНАЛИСТИКА – ӨМІРІМДІ АРНАҒАН МАМАНДЫҚ

0
109

– Журналистикаға балалық арманым алып келді. Мектепте оқып жүрген кезімде ең алғаш рет қазіргі “Мұғалжар”, сол кездегі “Жаршы” газетінде 2-3 шумақ өлеңім жарияланды. Жүрегімді жарып шыққан кішкентай туындымның басылым бетіне шығуы – болашақ мамандығымды таңдауда шешуші рөл атқарғаны анық. Сол күннен бастап апта сайын аудандық газетке мақала жазып тұру – әдетке айналды. Мектеп бітіргеннен кейін Алматыға келіп, КазГУ-дің журналистика факультетіне құжат тапсырдым. Алайда, бірінші жылы түсе алмай, екінші жылы ақыры оқуға қабылдандым. Оқуды аяқтап, 1973 жылы Қандыағашқа оралып, сол кездегі аудандық газет “Октябрь туы – Знамя Октября” газетіне тілші болып қызметке орналастым. Сол жылдан бастап аудандық газетке шығармашылық өмірімді арнадым. Осы жолдағы ұстаздарым Н.Тастанбаев, Е.Дүйсенбаев, Т.Құлиясов екенін мақтана айтып жүремін үнемі. Өзім де уақыт өте шәкірттер тәрбиеледім. Жалпы, журналист – еңбегі елене бермейтін кәсіп иесі. Дегенмен, осы жолда қол жеткізген жетістігім мен алған мәртебем мол. Үш мәрте Қазақстан Журналистері конгресіне делегат болып қатысып, осынша рет Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігінің “Құрмет грамотасымен”, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, “Еңбек ардагері” медалімен, облыс және аудан әкімдерінің грамоталарымен марапатталдым. Екі мәрте аудандық және бір рет қалалық Советі атқару комитетінің депутаты болып сайландым. 40 жыл өмірім бірге өткен журналистика – менің маман ретінде қалыптасуыма негіз болып, адам ретінде өсуіме зор ықпалын тигізді деп айта аламын. Мерекеге орай, мен үшін орны ерек “мұғалжарлықтарымды” кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, еңбектеріне жеміс  тілеймін!