«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Жандос АЙТЖАНОВ: МЕНІ ШЫҢДАҒАН БАСЫЛЫМ

— «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы дипломын қолына енді алған жас мамандар үшін өмір жолына жол сілтейтін бағдарламалардың бірі. 2010 жылы еңбек жолымды аудандық «Мұғалжар» газетінен «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен бастадым. Оқушы кезімнен теледидардағы күнделікті жаңалықтарды үзбей қарайтыным есімде. Сондықтан болар телеарналардың әр облыстағы журналистерін жатқа білетінмін. Аудандық газетке келген жылы бас редактор Қуаныш Кенжеғалиев ағай болатын. Мұғалжар ауданының жаңа энциклопедиясын жинақтау бөлімінде еңбек еттім. 2011 жылдың наурыз айынан бастап «Мұғалжар» газетіне дизайнер-беттеуші болып жұмысқа қабылдандым. Газеттің шығатын әр нөміріне дизайн жасау оңай емес екенін түсіндім. Сол жерде жүріп, газеттің ішкі «кухнясымен» толықтай таныс болдым, газеттің ішкі атмосферасын сезіндім деп айта аламын. Газетте жауапты хатшы қызметін атқарған Ізгілік Тағанова дизайнерліктің көптеген қыр-сырларын үйретті. Газет журналистері ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси және мәдени өміріндегі өзекті өзгерістерді жазып, ерен еңбек иелерін насихаттауда үлкен жұмыс атқарды. 2012 жылы тілшілікке ауысып, қызығы мен шыжығы мол журналистиканың қыр-сырын үйрендім.

Газет тілшісі бола жүріп, аудандағы елді мекендер мен тарихи өлкелерге барып, тыныс-тіршілігімен таныстым. Жұмыс барысында әріптестерімнен үйренгенім мен білгенім, көкейге түйгенім көп болды. Мамандықтың қыр-сырын үйреніп, іссапарларға шығып, жан-жақты болуға дағдыландым. Бірде аудан орталығы Қандыағаш қаласында «Айырық айшықтары» атты мәдени шара өткен болатын. Аталған шараға қатысып, газетке кең көлемде «Айырық айшықтар ауданда» атты тақырыппен мақала дайындадым. Сөйтсем, мақаланың тақырыбы қате екен. Бұл — өзімнің саналы түрде жіберген қателігім еді. Өйткені газет баспаға кетіп жатқанда, тақырыпта берілген «айшықтары» деген сөздегі «ы» әрпін алып тастадым. Оның себебі фотода тақырыбы «ы» әрпінсіз көрінді. Сөйтсем, жөнсіз күдіктенген екенмін. Не керек, газет жарыққа шығып, оқырманның қолына тиді. Газеттегі қатені көрген аудан әкімінің орынбасары, марқұм Жангелді Құрмашев мені шақырып алып, сыбағымды дұрыстап тұрып бергені әлі есімде. Бұл маған үлкен сабақ болды. Сол күннен бастап, жұмысыма аса жауаптылықпен қарап, жан-жақты болу керектігін терең ұғындым.

Ұқсас ақпараттар

АТ ҚҰЛАҒЫНДА ОЙНАЙТЫН БЕРЕКЕТ

admin_mugalzhar

АУЫЛДЫҢ БЛОГЕР КЕЛІНІ

admin_mugalzhar

ТҮРЛІ КӘСІПТІҢ БАСЫН ҚОСҚАН ГҮЛЗАДА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.