«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҰЛАҒАТТЫ ҰРПАҚ САБАҚТАСТЫҒЫ

ҚАЗАҚТЫҢ «ЖАҚСЫ ӘКЕ БАЛАСЫНА 40 ЖЫЛ АЗЫҚ» ДЕГЕН ҚАНАТТЫ СӨЗІНІҢ АСТАРЫНА ҮҢІЛСЕК, КӨП НӘРСЕНІ АҢҒАРУҒА БОЛАДЫ. ӘКЕ – БАЛАНЫҢ ҮЛГІ-ӨНЕГЕ АЛАТЫН, БАТЫРЛЫҚПЕН АДАЛДЫҚТЫ БОЙЫНА СІҢІРЕТІН АСҚАР ТАУ ҚОРҒАНЫ, БИІК ҚАМАЛЫ, ТҮЗУ  ЖОЛ САЛЫП БЕРЕТІН НЫСАНАСЫ. ОСЫНДАЙ ӘКЕЛІК КЕЛБЕТТІҢ ҮДЕСІНЕН ШЫҒЫП ЖҮРГЕН ТӨЛЕУЛІ МАХИМОВ – ӘКЕ АМАНАТЫН АДАЛ АТҚАРҒАН ҰЛАҒАТТЫ ҰЛ, ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУҒАН БІЛГІР БАСШЫ, ҰРПАҒЫН РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН ОТАНСҮЙГІШТІККЕ ТӘРБИЕЛЕГЕН АБЫРОЙЛЫ ӘКЕ.

АТА ӨМІРІ ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

«Ұрпағын дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда абыройлы әкеге, үлгілі отағасына байланысты», — деп әңгімесін бастаған біздің кейіпкеріміз Төлеулі Махимов бүгінде абыройлы еңбек етіп, ел алдында еңсесін тіктепжүрсе, оны әкесіЖұмағазының арқасы деп біледі. Жұмағазы Махимов Ұлы Отан соғысына қатысып, отанды жаудан қорғауда ерлік көрсетіп, екінші және үшінші дәрежелі «Даңқ», «Отан» соғысы ордендері мен «Ерлігі үшін» медалінің иегері атанған. Соғыстан оралғаннан кейін ұзақ жыл ағартушылық саласында елеулі еңбек етіп, ұрпағын білім нәрімен сусындату жолында қызмет жасаған ұлағатты ұстаз.

— Менің әкем Ұлы Отан соғысының қаһарманы десем, артық бола қоймас. Өйткені ол кісі соғысқа басынан бастап аяғына дейін қатысқан адам. Біз Батыр әке тәрбиесін көріп өстік. Менің Адам ретінде де, маман ретінде де қалыптасуымда әкемнің рөлі зор болды. Әкеме қарап бой түзедім, ой жалғадым. Мамандық таңдауда да әке жолын қудым. Көзі ашық, көкірегі ояу адам болғандықтан әкем перзенттерінің білімді, тәрбиелі, ақылды болғанын қалады. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, білім деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі — ақымақтық» деген Ұлы Абайдың қара сөзін санамызға құйып тәрбиеледі. Соның арқасында біз де еліміздің отансүйгіш азаматы болып қалыптастық. Қалтаның қамын емес, халық алдында адал қызмет етудің қамын ойладық, — дейді Төлеулі Махимов. БүгіндеТемір ауданының орталығы Шұбарқұдықтың бір көшесіне өмірі ұрпағына үлгі болған Жұмағазы Махимовтің есімі берілген.

ӘКЕ КӨРГЕН ОҚ ЖОНАР…

Ұлы ойшыл Әл-Фарабидің «Әр дәуірдің өсіп-өркендеуіне адал еңбек еткен адам ғана қайраткер. Әркез халық мүддесін өзінің қара басының мүддесінен жоғары қойған, халықтың қорғаны болған және ұлт мүддесі үшін күресе білген адам ғана қайраткер» деген қанатты сөзі біздің бүгінгі кейіпкерімізге арналып айтылғандай. Осы даналық үдесінен шығу үшін халыққа адал қызмет етіпжүрген Төлеулі Махимов ауданның мемлекеттік қызмет пен идеология саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Ол — жаңашылдық пен шыншылдықты жанына серік еткен мемлекеттік қызметкер. Төлеулі Жұмағазыұлы 1958 жылы Темір ауданы, Шұбарқұдық поселкесінде ұстаздар отбасында дүниеге келген. 1975 жылы ата-анасының жолын қуып, Гурьев педагогикалық институтына «Тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түседі. 1979 жылы Ақтөбе облысы, Темір ауданындағы №1 Шұбарқұдық орта мектебінде тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын бастады. 1979-1981 жылдары Кеңес әскері қатарында болды. Ұстаздық қызметті атқара жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан кейіпкеріміз Темір аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі қызметіне шақырту алады. Бұл жерде абыроймен еңбек ете жүріп, қызмет сатысында басшылыққа дейін көтеріледі. Атап айтсақ, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі, аудандық Кеңестің бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ол еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін тұралаған елдің еңсесін көтеру жолында елеулі еңбек етті. 1992 жылы жаппай жұмыссыздық орын алып, жұмысшылар еңбекақыларын айлап ала алмай жүрген шақтарда Темір аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры болды. Жұмыссыз қалған елді түрлі мемлекеттік бағдарламар бойынша жұмысқа тартып, елдің алғысын арқалады. 1999-2002 жылдар аралығында Темір аудандық мәслихатының бөлім меңгерушісі, 2002-2009 жылдары Темір ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2009-2013 жылдары Мұғалжар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, 2013-2016 жылдары Мұғалжар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарды.

— Тәуелсіздік алған жылдары елдің жағдайы өте ауыр болды. Көп адам еліміздің аяғынан тік тұрып, дамушы ел болатынына сенбеді. Бірде бір әріптесім Қазақстанның болашағына күмәнданғаны соншалық, қолына «халва» тәттісін ұстап отырып, «балаларымыз өскенде осы халваны білер ме екен» деген еді. Бүгінде қарап отырсам, балаларымыз сол халваның түр-түрін жеп жүргенін көріп, қуанамын. Бұл дегеніміз еліміздің дамып, балаларымыздың болашағының жарқын болғанының көрінісі, — деді ол.

Төлеулі Махимов қызмет бабында түрлі сатылардан абыроймен өтіп, шеберлігін шыңдай білді. Халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, мемлекеттік қызмет саласының ортасынан табылып, ауданның дамуына өз үлесін қосып, ыстық-суығына төселіп, басқарушылық қабілетті бойына жинақтады. Бүгінде ол «Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдықмемлекеттікмекемесінің директоры қызметін де абыроймен атқарып жүр. Осылайша, әке жолын жалғастырып жүрген Төлеулі Жұмағазыұлы ауданның экономикалық жағдайын көтеруге өз үлесін қосып, өз саласында жемісті еңбек етіп келеді. Жұмыстағы жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне — 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне — 25 жыл» мерекелік медальдарымен, 2019 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың, 2005 және 2007 жылдары Ақтөбе облысының әкімі Е.Сағындықовтың және 2012 жылы облыс әкімі А.Мұхамбетовтің, 2020 жылы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Р.Хамбаровтың Алғыс хаттарымен, 2013 және 2016 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету мекемелері кәсіподағының, 2016 жылы Ақтөбе облысы Кәсіподақтар орталығының, 2011 жылы Ақтөбе облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. 2017 жылдың қорытындысы бойынша «Мұғалжар ауданының Жыл адамы» құрметті атағының иегері болды. 2020 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатын алды.

АТА ҰЛАҒАТЫ НЕМЕРЕГЕ АМАНАТ

Азаматтық болмысы мен кісілік келбетін көпшілікке таныта білген Төлеулі Махимов отбасы берекесінің ұйытқысы болған ардақты әке. Ал зайыбы Гүлсім апай үйішілік тіршілікті тап-тұйнақтай етуге тым шебер, аяулы ана. Ерлі-зайыптылар мейіріммен тәрбиелеген 2 ұлы мен 1 қызы қоғамға белсенді араласып, еліміздің іргетасын бекемдей түсу жолында елеулі еңбек етуде. Ұлы Виктор заңгер қызметін, ал қызы Гүлмира Темір аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметін атқарады. Қара шаңырақтың түтінін түтетеді деп үлкен үміт артып отырған кіші ұлы Айдар Қазақстан әскері қатарында абыройлы қызмет атқарып жүр. Айдар Қандыағаш қалалық №4 орта мектебін, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін тәмамдаған. Сабағын аса тиянақтылықпен орындаған ол «Үздік студент» медалінің иегері атанды. Көңілді Тапқырлар Алаңы ойындарының жартылай финалисі болды. Спортты жанына серік еткен Айдар бокстан Ақтөбе облысының чемпионы, Қазақстан Республикасы чемпионатының Қола жүлдегері.

— Мен әкеммен қалай мақтансам, бүгінде ұрпақтарымен де дәл солай мақтанамын. Ұрпақ сабақтастығы деген де осы болар, бәлкім… Балаларымды мақтан тұта отырып, өскелең ұрпаққа үлгі де қылғым келеді. «Сүйер ұлың болса сүй, сүйінерге жарар ол» деген Абайдың сөзімен айтсақ, ата баласы ғана емес, елдің баласы болсын деп тілейтін әке көңілі баласымен қалай мақтанса да, жарасады деп білемін! Балаларымныңәрбірбағындырғанбиігі, қол жеткізген жетістігі — әке жүрегінің шүкірі, көңілімнің қуанышы. Ұлымның бойындағы әрбір жақсы қасиет пен азаматқа тән мінезінің қалыптасуында менің де әке ретіндегі өз үлесімнің бары — мен үшін әрине, мақтаныш, — деп марқайды ол.

Айта кетейік, газет басылымға жіберілер уақытта редакцияға хабарласқан Төлеулі Жұмағазыұлы кенжесі Айдардың әскерден абыроймен келгенін айтып, қуанышымен бөлісті.

Түйін

Ұрпағы өнегелі істі жалғастырып, шырағын сөндірмей, атадан балаға мирас болған рухани құндылықтарын берік ұстаса — ата аманатының орындалғаны. Осындай ұлағатты ұрпақ сабақтастығын жалғаған жандардың болғаны көңілге қуаныш сыйлайды.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ЕГЕМЕН ЕЛМЕН ЕСЕЙГЕН ҰСТАЗДАР

admin_mugalzhar

ТАРИХТАН ТАМЫР ТАРТҚАН ТАҒЫЛЫМ

admin_mugalzhar

ӨНЕРГЕ ЖАҚЫН МҰНАЙШЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.