«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Нұргүл ҚАЛИЕВА: МЕНІҢ ЖУРНАЛИСТИКАМ

— Алғашқы мақалам «Ақтөбе» газетіне шыққанда, төбем көкке жеткендей қуандым. Ол уақытта №4 қазақ орта мектебінде 10 класс оқып жүрген кезім. «Бала шақтан — болашаққа» деген тақырыппен шағын мектепішілік шара туралы жазғаным есімде. Кейін «Мұғалжар» газетінен іс-тәжірибеден өттім. Ақтөбеде Қ.Жұбанов университетінде оқып жүрген кезім. Газеттің сол уақыттағы бас редакторы Қуаныш Кенжеғалиев қабылдап, сөз арасында Қандыағашта Қыз әулиенің мазары бар екенін айтып қалды. Жанымда группалас құрбым Лара Бисембаева бар, екеуміз Қандыағаштың шет жағына шығып алып, Қыз әулие бейітін іздедік. Өткенкеткендердің бәрінен сұраймыз. Ақыры таптық. Жансыз бейіттен қандай да бір ақпарат алардай болып, оны айнала қарап жүрміз. Іштей әрине, не жазарға білмей тұрғанымыз рас еді. Кейін жергілікті адамдармен сөйлесіп, аудандық газетке әужептәуір мақала бердік. Оқып жүріп, сол кездегі жергілікті телеарнада жұмыс жасадым. Үйретушім — Юрий Аветикян. Тікелей эфирден құттықтау оқығаныма мәз болып жүрген кезім.

Бір күні бастық Юра тікелей эфирде сол уақыттағы аудан әкімі О.Оразалинмен сұхбат жүргізетінімді айтты. Қатты қорықтым. Мен ғана емес, сол уақыттағы әкімшілік қызметкерлері де еш тәжірибесі жоқ мені көріп, қатты састы. Иманды болсын, сол уақыттағы әкімнің орынбасары Ж.Құрмашев марқұм эфир басталғанға дейін «қалай бастайсың, не айтасың?» деп жанымызда тұрды. Алғашқы жүргізген эфирім сол еді. Республикалық «Алтын Орда» газетінің дүркіреп тұрған шағы. Барлық журналист болам деген жастардың арманы оның редак торы, қазақ журналистикасының мэтрі Мейірхан Ақдәулетұлынан тәлім алу. Менің де Мейірхан ағайдың жазғандарының біреуін де жібермей оқып, одан сырттай тәлім алып жүрген кезім. Жолым болып, «Алтын Ордаға» жұмысқа келдім. Менің редакцияға келу үшін таныстарыма қолқа салғанымды ұнатпаған Мейірхан ағам маған қарап отырып, «Жаза алмасаң, анау тұрған қамшымен келген жағыңа қарай қуып жіберемін» деді кабинет төрінде ілулі тұрған қамшыны нұсқап. Селк ете қалдым. Қатты қорықтым. «Алтын Ордадағы» ең алғашқы мақалам редактор бағанына «Сенің атың Мәмбетсон» деген тақырыппен шықты. Әрине, тақырып Мейірхан ағамдыкы. «Жарайсың!» деді есікті теуіп кіргендей екпіндете ашқан Мейірхан ағам. Бұл — менің журналистикаға ең алғашқы араласқан кезімдегі естеліктерім. Әйтпесе, қызығы мен шыжығы қатар жүретін, мен үшін үлкен мектеп болған журналистикада еске алар қызықты жәйттар өте көп.

Мерекелеріңізбен, аяулы менің әріптестерім! Үнемі елден сүйінші сұрап, жақсылық жеткізіп жүрейік!

Ұқсас ақпараттар

Баянды бастамалар жылы – Берік Уәлимен сұхбат

admin_mugalzhar

РАЙЫМБЕК — БОЛАШАҚ СӘУЛЕТШІ

admin_mugalzhar

АТА КӘСІПТЕН АЖЫРАМАҒАН ШАРУА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.