«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАНЫ ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖАҚЫН ШЕБЕР

БҮГІНДЕ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ЖЕТЕРЛІК. ОСЫНДАЙ БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ АРҚАСЫНДА БҮГІНДЕ ӨЗ КӘСІБІН АШЫП, ШАРУАСЫН ДӨҢГЕЛЕТКЕНДЕРДІҢ ДЕ САНЫ АРТТЫ. СОНДАЙ ЖАНДАРДЫҢ БІРІ — ІІІ ТОП МҮГЕДЕГІ, АУДАНДЫҚ ЕРІКТІ МҮГЕДЕКТЕР ҚОҒАМЫНЫҢ МҮШЕСІ ЖАНША ЕРЕКЕШОВА. БҮГІНДЕ ОЛ ЕРІКТІ МҮГЕДЕКТЕР ҚОҒАМЫ ЖАНЫНАН ШАҒЫН ТЕГІН ШЕБЕРХАНАСЫН АШЫП, ҮЙ ТҰРМЫСЫНА ҚАЖЕТТІ ЖАБДЫҚТАРҒА ТАПСЫРЫС АЛЫП, ҚЫЗ ЖАСАУЫН ТІГЕДІ.

Жанша Ерекешова тігіншілікпен 10 жылдан астам уақыт айналысып келеді. Жастық, құрақ көрпелерді, қыз жасауларын тігеді. Өзінің тұрақты тұтынушылары да бар. Бүгінгі таңда матрастар тігуді қолға алған. Ол мүмкіндігі шектеулі жан бола тұра, тағы да мүмкіндігі шектеулі екі адамға тігіншіліктің қыр сырын үйретуде.

— Менің басты мақсатым — мүгедек келіншектерді жұмысқа тартып, оларды қоғамға етене араластыру. Қасымдағы тігінші қыздар аудандық Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс жасайды. Олар бүгінде тігін ісін жетік меңгерді. Мәрзия Хасанова шеберханаға келгенде, тігіншілікпен мүлдем хабары болмаған. Қазіргі күні қолынан бәрі келеді. Ал Гүлжамал Мәмбетниязованың тігінге ебі болды. Ол «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік ілім алып, қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды, — дейді ол.

Ісмер Жанша апайдың тігіп жатқан матрастарының сапасы өте жоғары. Тұтынушының қалауына қарай, жұмсақта, әдемі етіп тігіп береді. Алайда ол тігілген дайын матрастарды сату қиындық туғызып отырғанын айтады. Оның тіккен дүниелерін қала орталығындағы «Белес» және «Хозяюшка» сауда үйлерінен табуға болады. Аталған дүкен иелері мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан дүниелерді қайырымдылық ретінде қабылдап, үстемесіз сатып беруге көмектесіп отырған көрінеді.

— Аудан әкімдігі тарапынан мол мүмкіндіктер жасалуда. Пайызы аз мөлшерде несие алуыма көмектесті. Тігін машинасын тегін берді. Бүгінде аудандық білім бөліміне қарасты ғимараттың 3-ші қабатынан бізге тегін бөлме берілді. Дегемен үшінші қабат біз секілді мүмкіндігі шектеулі адамдардың мініп-түсуіне біршама кедергісін келтіреді. Тігінге қажетті құралдарымыз бен дайындаған матрас-көрпелерімізді көтеріп-түсіруде қиын. Сондай-ақ Ерікті мүгедектер қоғамында түрлі шара ұйымдастыратын болсақ, арбаға таңылған жандардың мініп-түсуі де мұң, — дейді Жанша Ерекешова.

Оның алға қойған мақсаты үлкен. Болашақта үлкен тігін шеберханасын ашып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жұмыс орындарын ашқысы келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнатып,

айналасындағылармен емін-еркін араластырып, еңбек етулерін қалайды. Себебі ол мүмкіндігі шектеліп, үйге қамалып, адамдардан оқшауланған жандардың жан дүниесін жақсы түсінеді.

— Оларға үнемі мүмкіндіктерінің шектеусіз екенін, өздерінің дені сау адамдар секілді еңбекке қаблетті екенін айтып, қолдау білдіремін. Болашақта балаларға арналған дамыту, отырып-секіретін жұмсақ ойыншықтарды да дайындауды жоспарлап отырмыз, — дейді аудандық Ерікті мүгедектер қоғамының мүшесі Жанша Ерекешова.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Қарттарын қадірлеген ел ардақты

admin_mugalzhar

АТА-АНАМЫЗ — ҚОЛДАУШЫМЫЗ

admin_mugalzhar

Дені сау ұрпақ – ана денсаулығынан

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.