«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Самет АЗАП, түркі әдебиетін зерттеуші маман: «Мақсатым – қазақ жастарына түрік әдебиетін оқыту»

Бүгінде халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, білім сапасын одан әрі жетілдіруге бағытталған академиялық ұтқырлық бағдарламасы оқытушылардың біліктілігін арттырып қана қоймай, білім алушылардың да танымын кеңейтуге айрықша ықпал етіп келеді. Бұл бағытта тәжірибе мен білім алмасу — аталмыш жобаның ең ұтымды тұсы болып саналады. Осы орайда, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне Түркия Республикасының Кастамону университетінен арнайы келген филология ғылымдарының PhD докторы, түркі әдебиетін зерттеуші маман Cамет Азаппен  сұхбаттасқан едік.

«МҰҒАЛЖАР»: Самет мырза, Қазақстанға қош келдіңіз! Сөздің басын Халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасына деген көзқарасыңыздан бастасақ…

С.АЗАП: Қазіргі таңда білім алушылар мен оқытушылар үшін Халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасының маңызы өте зор. Себебі, олар білімді тек өз елдерінде ғана алып қоймайды, тиісінше бағдарламаның өзі атап тұрғандай «Халықаралық» деңгейде өзге мемлекеттердің білім жүйесін меңгеруге мүмкіндік туындайды. Мәселен, мен – түрік, сіз – қазақ. Десек те, екі ұлттың мәдениеті мен рухани құндылығын айқындайтын ортақ мұралар жетерлік. Себебі, түркі халықтарының ортақ дүниелері біздің баршамызға тарихтан белгілі ғой. Сол секілді басқа да мемлекеттермен де бұл бағдарлама аясында білім беру жүйесі арқылы байланыс орнатылып, елдің әр саласымен жақынырақ танысу – жас ұрпақтың таным көкжиегін кеңейтіп, бейбітшілікке бастап, татулыққа жол ашады деп ойлаймын. Мен де Қазақстанға осы бағдарлама шеңберінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім алып жатырған студенттері  мен магистранттарына сабақ беру үшін келдім. Айта кетейін, өткен жылы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Түркияда өзім қызмет ететін Кастамону университеті мен Қазақстандағы Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ өзара келісім-шарт жасасқан болатын. Бүгінде осы меморандум аясында жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

«МҰҒАЛЖАР»: Қазақ студенттері мен магистранттарына сабақ беремін деген шешім өзіңіздің қалауыңыз болды ма? Жалпы ғылым жолыңызда қазақ әдебиетімен қандай байланыс бар?

С.АЗАП: Түркі әдебиетін зерттеуші маман болғандықтан, екі ел арасындағы мызғымас байланысты орнатуда әдебиеттің орнын ерекше бағалаймын. Сол себепті, қазақстандық білім алушыларға сабақ бергім келді десем қате емес. Ондағы басты мақсатым – қазақ жастарына түрік әдебиетін оқыту, сол арқылы ұлттық болмысымызды танытып, руханият қайнарымызды паш ету. Олармен сабақ түрік және қазақ тілдерінде өтетіндіктен, тіл үйрену де таптырмас мүмкіндік болатыны сөзсіз. Жалпы ғылым жолымда қазақ әдебиетімен белгілі бір байланыс бар деп айтуыма болады. Осы тұста Түркияда түркі халықтарының әдебиеті туралы шыққан бірқатар кітаптарым бар. Сол еңбектердің ішінде қазақ жазушылары мен ақындарының да шығармашылығы қамтылды. Әлі де қазақ әдебиетін тереңірек танығым келеді. Осы уақытқа дейін Абай Құнанбаев, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов, Мұхтар Әуезовтердің еңбектерін оқыдым. Мен Түркиядағы университетте студенттер мен магистранттарға түркі халықтарының әдебиеті турасында сабақ беремін. Биылғы жылы менің жетекшілігімде 8 магистрантым болса, солардың екеуіне қазақ әдебиетінен Сәкен Сейфуллиннің әңгімелері, Мұхтар Шахановтың романдары туралы тақырыптарды бердім. Алдағы уақытта тағы бір магистрантыма Құдайберген Жұбанов туралы тақырып ұсынсам ба деп ойлап отырмын.

«МҰҒАЛЖАР»: Екі елдің білім жүйесінде қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтар байқалады?

С.АЗАП: Қазақ халқы оқу-білімге аса маңыз береді. Бұл ретте ұлы тұлғаларын аса қатты дәріптейді. Кейінгі буынға олардың ізгі істерін насихаттап, үлгі етеді. Сондықтан да, қазақ халқында бар бір ерекшелік ретінде ұлы тұлғалардың мерейтойларын айтар едім. Мәселен, биылғы менің Қазақстанға іссапарым қазақ тіл білімінің лингвисі, ғұлама ғалым Құдайберген Жұбановтың  120 жылдығы мен филология ғылымдарының докторы, профессор Есет Жұбановтың 90 жылдық мерейтойларымен сәйкес келіп отыр. Ал өткен жылы Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арнайы келгенімде туған жері Солтүстік Қазақстан облысы Сарытомар ауылына жолым түскен еді. Мұндай дүбірлі думандарды өткізу Түркияда қалыптаспаған. Сондықтан, Қазақстанның мұндай игі ісін тек білім жүйесіндегі ғана емес, жалпы ұлттың ұлылығын танытатын ауқымы кең айырмашылық деп білемін. Мен Қазақстандағы білім алушыларға түрік әдебиеті бойынша біршама дәріс сабақтарын өткіздім. Олардың барлығынан білімге деген құштарлық, жаңашылдыққа деген қызығушылықтар айқын байқалады. Онысына оқытушы ретінде дән риза болдым. Түркияда қазақшадан түрікшеге аударылған кітаптар өте көп. Соның арқасында түрік студенттері де қазақ әдебиетінің ақын-жазушыларын жақсы танып келе жатыр. Дегенмен, түрік жазушылары шығармаларының қазақшаға аударылған нұсқалары аз екендігін бүгінгі әдебиет саласының мамандары жақсы біледі. Болашақта  академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша тілді еркін меңгерген білімді жастар арқылы бұл мәселелердің бір шешімі табылатынына сенімдімін. Түркияда барлық кітаптар түрік тілінде жазылған. Соның ішінде, ұстазым Орхан Сойлемезтің 1995 жылы Америкадағы Колумбия университетінде «Қазақ ұлтының бірегейлігі» тақырыбында қорғаған диссертациясының орны ерекше. Бұдан басқа, қазақшадан түрікшеге аударылған кітаптар, қазақ тілі мен әдебиетіне арналған бірқатар еңбектер бар. Түркияда бұл туындылардың барлығы да оқытылады. Осылайша, шәкірттеріміз қазақ әдебиетімен танысып келеді.

«МҰҒАЛЖАР»: Жалпы ғылымға қалай келдіңіз, соның ішінде әдебиет саласына қосқан үлесіңізді де айта отырсаңыз?

С.АЗАП: Әдебиетті бала кезімнен жақсы көргендіктен, жасымнан оқу мен білімге жақын өстім. 8-12 жас аралығымда лицейде оқып жүрген шағымда әдебиеттен сабақ берген мұғалімім секілді мен де әдебиетші болсам деп армандайтын едім. Бүгінде сол арманыма қол жеткізіп, әдебиет саласында еңбек етіп келемін. Әрине, бұл дара жол көп оқып, талмай еңбектенуді талап етеді. Қазіргі таңда түркі халықтарының әдебиетіне қатысты жазған 7 кітабым бар. Дәл осы тақырып аясында 30-дан астам мақалаларым жарық көрді. Кітаптарымның бірі атақты Шыңғыс Айтматовтың қарындасы Роза Айтматованың еңбегіне аударма болып саналады. Шыңғыс Айтматовтың отбасысы туралы жазылған бұл кітапты ұстазым Орхан Сойлемезбен бірге түрікшеге аударып шықтық. Келесі бір кітабым «Хан Тәңірі тауынан шыққан дыбыстар» деп аталады. Аталмыш еңбекті жазу барысында қырғыз халқының 12 жазушысынан түрік әдебиеті хақында сұхбат алдым. Кітапта осы дүниелер қарастырылды. Түркі әлемінің әдебиеті, әңгімелері мен өлеңдері туралы жазылған еңбектерімде қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, әзірбайжан, татар халықтарының жазушы-ақындарының шығармашылығына талдау жасалды. Келешекте түрік әдебиетінің қазақшаға аударылуы туралы тағы бір еңбек жарық көретін болады.

«МҰҒАЛЖАР»: Жуырда «Жұбанов тағылымы» атты дәстүрлі Х халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысыпсыз. Баяндамаңыздың тақырыбы қандай болды? Жалпы лингвист ғалым Құдайберген Жұбанов туралы не білесіз?

С.АЗАП: Конференцияда «Зиялы халық пен Абай Құнанбаевтың ұлттық бірегейлік жайындағы идеялары» деген тақырыпта баяндама жасадым. Түрік әдебиетінің зиялысы Мұстафа Кемал мен қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың идеялары өте ұқсас. Сол себепті, баяндамамда мен осы екі ұлы тұлғаның идеяларын салыстыра отырып, тұрақтылықтың негізі — рухани кемелдік пен ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңыздылығын жеткізгім келді. Шыны керек, мен Құдайберген Жұбановты Қазақстанға келіп таныдым. Түркияда Қ.Жұбанов туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжан Шоқымның авторлығымен жазылған бір ғана мақала бар. Бұйырса, келесі жылы Қ.Жұбановтың кітаптарын түрік тіліне аударуды жоспарыма енгіземін. Себебі, Қазақстанның тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры, түркітанушы, педагог туралы түрік халқы да жақын білгені абзал.

«МҰҒАЛЖАР»: Қазақстан мен Түркия елдерінің достық қарым-қатынасын нығайтуда әдебиеттің маңызы қандай деп ойлайсыз?

С.АЗАП: Қазақтың әйгілі ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» деп аталатын керемет өлеңі бар. Бұл өлеңнің жазылу тарихының өзінде біздер үшін үлкен мән-мағына жатыр. Өлең ХХ ғасырдың басында түрік тәуелсіздігіне қауіп-қатер төнген уақытта дүниеге келген. Елде орнаған қиын-қыстау,  аласапыран мезетте ақынның осы өлеңі барша түрік жұртын «бауырым» деп  жігерлендіріп, рух сыйлай білді. Сондықтан болар, қазақ халқымен байланыстың маңызы жоғары. Біздің тіліміз, әдебиетіміз ортақ. Мұраларымыз бір. ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы Түркияда аударылып, біздің де толық оқып шығуымызға негіз болған еді. Жалпы екі елдің мемлекет болып қалыптасудағы идеяларында ұқсастықтар бар. Осы орайда, біздің әдебиетіміз бір болып, достық қарым-қатынасымыз жалғаса түссе, ынтымағымыз жарасып, білім сапасы да нығая түседі. Ал бірліктің жарасымы қашанда ел игілігіне ғана жұмыс жасайтыны сөзсіз. Сондықтан, халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы негізінде екі елдің оқытушылары мен білім алушылары әлде де көбірек жіберілу керек. Бірге жұмыс істеп, бірге жазып, бірге аударсақ қана — бағдарламаның басты міндетін жүзеге асырған болар едік.

МҰҒАЛЖАР»: Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан:

Алтын СҮЛЕЙМЕН

 

Ұқсас ақпараттар

ПОДАРИ НАДЕЖДУ НА ЖИЗНЬ

admin_mugalzhar

Дауыс беру үшін eGov Mobile қосымшасын пайдалану ұсынылды

admin_mugalzhar

Үкімет басшысы су тасқыны салдарын жойғаннан кейін коммуналдық және жеке меншіктегі гидротехникалық құрылыстарда жан-жақты тексерулер жүргізуді тапсырды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.