«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Салтың — санаң, ғұрпың — ғұмырың

Тау биік болса да, күн астында. Адам биік болса да, салт астында. Қазақ «Аттан жығылса да, салттан жығылмаған» ұлы халық. Салтын сақтаған, баба өсиетін ақтаған дана халық, дәстүрге бай, бақытты халық…

Қазақ халқының салты саналы, ғұрпы ғұмырлы, дәстүрі бағалы, әдебі әдемі, ибасы, инабатты, ұяты ұжданды, жүрегі мейірімді, ісі қайырымды, кәдесі дәйекті, мәдениеті мәйекті, ырымы ырысты, мінезі тынысты, ары таза, дарыны дара, арманы асқақ, тарихы ұзақ, парасаты бай, ақылы оған сай, өмірі өскелең, өнері өміршең, ойы қуатты, сөзі шуақты, қонысы құтты, іргесі мықты, берекесі берік, сенімі серік, көңілі нұрлы, жүзі жылы, мінезі кең, пиғылы оған тең, басы — көсем, тілі — шешен, қолы — әсем, сезімі сетер, қиялы шекер, батыр да батыл, көзі жалын, кеудесі ғалым, ғаламат халық. Ұлы даланың рухты ұрпағы. Ұланғайыр ұғымын салт пен дәстүрге сіңіріп, ұрпағына қалдырған шырақты халық. Кең териториясын көз қарашығындай қорғаған, он мың жыл құт қонысында, қозғалмай отырырған тұрақты халық…

Біреулер «Қазақты жер мен суға сиғызбай мақтай береді, екен-ау» деп сынықтан сылтау тауып, сылдырай қалуы ғажап емес. Әлде біреулер таңғалар, тағы біреулер тамсанар, сырт көз сырт айналып мін тағар, жоққа шығарар. Санасы жеткендер, алды-артына қарап ойланар…

Көз алдыңда көк мұхиттай тұнып, көп дүние көкірекке түнеп, теңіздей толқып жатыр. Ұшы — қиыры жоқ ұлы далаға қожа болу, киелі жерге ие болу, хандық құру, Сығанақ (Сығанақ — Қызылорда облысындағы ұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген ескерткіштердің бір), Сауран (Сауран — VII ғасырда ірі сауда орталығы болған әлемге әйгілі тарихи қалалардың бірі. Түркістанның солтүстік батысыда отыз шақырым жерде орналасқан). Отырар (Отырар VI ғасырларда шығыс әлеміне танымал болған қала. VІ-VІІІ ғасырларда Отырар Сырдария өзенінің орта ағысындағы саяси орталық болды). Жанкент (Жанкент-Оғыз тайпаларының Сырдария жағасындағы ең атақты қалаларының бірі. Қорқыт атамен қатар тарихы ұзақ қала). Сүткент (Түркістан обылысы Шардара ауданда, жатқан ірге тасы бар тарихи ірі қаланың бірі) сынды тарихи маңызы бар алып шаһарлар салу, салу, салт-дәстүрін бұзбай сақтау, берекемен бай, бақытты тіршілік кешіру, қасиетті, құтты қонысын аялап, ұрпағына аманаттау, парасатты бабалымыздың қолынан келді.

Қазақты қалай мақтамайсың.
Қазақпен қалай мақтанбайсың.

Мына дала — «Қазақпын!» деп Қорқыттың қобызындай сарнап күй тартады. Бабалар ұлағатын көкірекке ұиялатады. Абыз даланы араласаң, адам жайлы ғажайып аңыз аңыратады. Тасын түртсең, тауы сөйлейді, қурайын қозғасаң қоңыр ән салады. Алтау,Көкшетау, Қаратау, Маңғыстау, Ерейментау, Жоңар Алатау, Қазғұртаулары жершарының дыңды діңгегідей, көп ойларды толғаттады. Еділ мен Жайық, Есіл мен Іле, Сыр мен Арыс дәриялалы, күллі қазақ даласының ғажайып Сенфониясын тыңдатады.

Каспий, Балқаш, Көлсай Арал, Алакөл, Зайсан көлдері көк торғын киген ару даламыздың айна көзіндей мөлдіреп, күллі әлемді өзіне ғашық етеді. Атыраудан Алатауға дейнгі құс қанатын талдыратын, тұлпар тұяғын тоздыратын, көз жетпес апай төс жазықтары батыр қазақтың бірегей сырбаз мінезін елестетеді. Жасыл ормандыры сылаңқақан сұлулықтан көз сүріндіреді. Бұл жербетіндегі тілсімге толы суреттер.

Ал қазақ жеріндегі Менделеев тапқан 107 элемент қазақтың жер асты қоржынындағы сарқылмас байлығы, таусылмас қазынасы. Алла тағала қазақты қасиетті етіп жаратқаны сонша Алтынды табанымен басып өмір сүргізді. Осынау құтты жерді сыйлады. Қазақ бақытты болмай кім бақытты болады?!

Қазақ жерінің әр түйір құмы, әр тасы, тамшы суы, бір жұтым ауасы бағасыз байлық. Егер жер бетінде Жаннат бар болса не Қазақ жерін Жаннатқа ұқсатар болсақ ол жаннат — Қазақстан жері. Асанқайғы абыз бабамыз өткен ғасырда айтып, құлаққа құйып тастаған.

Біз бұл киелі мекенді он мың ғасырдан тіпті адам-адам болып жаралғалы, қазақ-қазақ болып қалыптасқалы мекендеп, мемлекет құрып, байтақ жерде өмір сүріп келеміз. Жер тарихы, ұлт тарихы. Қазақ жері — қазақ тарихы. Жерсіз ұлт — жетім ұлт. Жері бар ұлт жетелі ұлт. Атам қазақ «Жер ана» деп тектен текке айтпаған. Ата-бабаларыз табанының астындағы қара жерді де аялап басатын, көз қарашығындай қорғайтын. Адамның анасы он баласын бағуға шамасы жетер. Жер ана. Күллі адам баласын байтақ төсіне сыйғызып бағады. Дүниеден өткенде де, өз қойнына алады.

Жер бетінде жер қадырын білетін, ағаш бесіктен жер бесікке дейін салт пен дәстүрін жоғалтпай сақтаған періштедей бір ұлт бар десек ол — қазақ халқы. Көк шөпті жұлмайтын, құс жұмыртқасын шақпайтын, бастауын лайламайтын, қонысын құтқа санайтын, айналасын қоқсыққа айналдырмайтын, жерді де тап-таза табанымен басатын, қазақты періште демей не дейін.

Түмен-түмен ғасырлардан кейін де қазақ даласы тубастағы тумса табиғатын, жартылыстық ортасын қаз-қалпында әлі күн сақтап келеді. Ат жалында түнеп, түйе қомында өскен қазақ халқы ұлы даланы жанын салып қорғады, қан төгіп соғысты.

Көктүрік заманындағы Сақ, Ғұн, Қаңлы, Үйсін, Алан жауынгерлері күн батыстан күн шығысқа дейін жорық жасады. Жалпақ жаһанды ат тұяғымен дүбірлетті. Төрткіл дүниені аузына қаратты. Әлем елдерін биледі. «Қазақ» атын таңбалап тасқа қашап жазды. Өнеріне өлмес жол ашты. Мәдениетіне мәйек, жазуына тиянақ тапты. Балбал тастарға ою-өрнек салды ұлт таңбасын тау мен тасқа қашап жазып қадап қалтырды. Тудалаға тіл бітірді, мың-мың ғасыр қойнауындағы балбал тастарды бебеу тілмен сайратты. Уақыт куәгері етіп көрсетті. Бұл үлкен мәртебе, жемісі таутөбе, әлемдік мақтаныш.

Қазақ даласының әр тасы — қазақ өмірінің айнасы, тархының айғағы, өнерінің куәсі. Шежіреші абызы, жаухар жәдігері «Ұлт таңбасы» деп бүгінгі әлем ғалымдары толық мойындады.

Ұлт таңбасы деген не?

Жер бетіндегі, көк астындағы өмір сүріп, тіршілік еткен адам баласының бір-біріне ұқсамайтын ұлттар мен ұлыстардың, өмір-тіршілік, еңбек, тұрмыс заңдарынан қалыптасқан салт пен дәстүрі, әдеті мен әдебі, нанымы мен сенімі, тілі мен ділі, ата жол-жоралғылары, кәдесі мен ырымы, ақылы мен ары, тәртібі мен тәрбиесі, діні мен заңы, өнері мен өмірі, тағылымы мен тарихы, фолклоры мен жазба әдебиеті, киім-кешегі, ою-өрнектері, киіз туырдықты баспанасы, шұғылданған шаруашылығы, білімі мен ғылымы, құрал-сайман тұрмыстық тұтыну бұйымдары, сөз өнері, билік жүйесі, қортып айтқанда, тарихи қоныстанып отырған құт мекен, Ата жұртында сақталған, ұлт бітімінен жасалған, сол ұлтқа ғана тән, басқа ұлттар мен ұлыстарға мүлде ұқсамайтын, ұлттық ерекшелігі. Басқа ұлттардан даралап, айқын көрсететін қазаққа ғана тән табиғаты, бөгенайы бөлек, түрі анық, бояуы қанық ұлттық белгісі. Атап айтқанда, сол ұлтпен бірге туып, біте қайнасқан, бөліп-жаруға келмейтін, бағы ғасырлардан бастау алған, «Заттық» және «Рухани» қазынасын — «Ұлт таңбасы», «ұлттық ерекшелігі», «ұлт рухының меншікті әлемі» деп атаймыз.

Бүгінгі біздің «ұлттық КОД» деп жүрген ұғымымыз осы. Ұлттық рухани қазынамыздың «Кілті» де осы.

Рухани жаңғыру екі ұғымнан тұрады. Бірі «Мәдени КОД», екіншісі «Ғылыми КОД».

Мәдени жаңыруды қолға алып, ғылыми жаңғыруды ескермесек, сыңар қанат құсқа ұқсап ұша алмай, әлемдік дамудан кенже қаламыз. Сондықтан қос қанатты қатар жетілдіріп, мәдениет пен ғылымды егіз алып жүруіп, «Қос қанатты мәдениетпен» дамытуымыз керек.

Демек, ұлы дала ұрпақтары бейіштей жерде, бейбіт елде берекелі өмір сүріп, келеді. Немере тәрбиелеп, шөбере сүйіп шөпшектерін өсіріп ,демографиясын дамытып келеді. Ұлт таңбасын сақтап, ата жолын ақтап, өзін-өзі қолдап, қасиетті жерін қорғап келеді. Бесіктен алған тәрбиесін берекелі жырын, белді, беделді, білімді, білікті, бекзат азамат болғанша атқарып келеді.

Қазақ отбасының берік сенімге байланған білікті тәрбиесі болмаса, күркешеден басталған салты мен дәстүрі «Ұлттық КОД» болып қалыптаспас еді. Әлем елдері мойын бұрып танымас еді.

От басындық тағылым — Отандық биік сана мен сапаға көтерілмес еді. Ата дәстүрі сақталмаса, ұлы дала төсінде, он мың жыл орнығып отыралмас едік. Елім деп еңіреп туған, еңсегей ерлеріміз, жау жүрек қас батырларымыз (Қобланды, Ертарғын, Наурызбай, Қабанбай, Бөгенбай, Ержәнібек). Дана ғаламдарымыз (Әбунасыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмыт Қашқари, Мұхамет Қайдар Дулати, Сүлеймен Бахыиғани). Шешен-шежірелеріміз, қара қылды қақ жарған хақ қазыларымыз, әділ бай, көреген көсем, дарабоз даналарымыз (Абылай, Төле, Қазыбек, Айтекебйлеріміз) болмаса, күннің көзін, жердің жүзін, көрсетпей, құмды дауылдай төнген, қара түнек қас жауларымызды жеңіп күйрете алмас едік.

Торғайдай тозып, баяғыда-ақ олардың жемсауында қортылып, азығына айналып кетер едік. Бүгінгідей «Мәңгілік елдің» көк туын көкте желбірете алмас едік. Қасиетті қазақ мемлекетін құра алмас едік. Бейіштей мекенде, періштедей ұлт болып өмір сүре алмас едік…

Біз бір нәрсені анық әрі қанық, білуіміз керек. «Ұлт таңбасы» жоқ халық жер бетінде беделді, ұлт ретінде өмір сүре алмайды. Ұлт таңбасы — Ұлттың қаны мен жаны, тағдыры мен тарихы, тамыры мен танымы, өткені мен бүгіні, және болашағы. Ұлттың рухани және заттық қазынасы. Ұлт танудың әлемдік өлшемі, хақ таразысы.

Демек, бұлай айтудың, ашық жазудың түп тамырында шындық жатыр. Біздің әр күніміз бейбіт, әр түніміз тыныш өтіп жатыр. Бірақ бізге дейінгі өткен ата-бабаларымыздың әр күні, әр түні тыныш өткен жоқ. Он ғасырлық жоңғар соғыстарынан кейінде, дүние жүзілік екінші соғыста, қолдан жасалған ашаршылықта қаншама, адамдарымыздан, бейкүнә туыстарымыздан айырылып қалдық. Ел басына қайғының қара бұлты үйірілгенде, жарғақ құлақтары жастыққа тимей, елін қорғау, жерін сақтау жолында, қанды балақ соғыспен өтті.
Иә, қаншама қас батырларымыздың бақырдай болып бастары кетті, қаншама аруларымыздың тоқпақтай бұрымы кесілді, қорланды. Қанша жесір жылады, қанша жетім зарлады, жер беті қанша қахрап қан сасыды. Қанша көз жастар қанға боялып қызыл өзен болып, толып ақты.
Біз осы шындықты толық қанды білуіміз әрі мойындауымыз керек. Әр атқан таңдармыз, бақытты күндеріміз, бейбіт-берекелі түндеріміз, Баһадүр бабалармыздың қан мен теріне, қасиетті жан бодауына келгенін, бір сәтте естен шығармауымыз керек.

Біздің жүрген жолымыз — балалар салған сара жол, дара, дана жол, адастырмас даңғыл жол, дәстүр жолы.

Бізді бабалар жолы ешқашан адастырған емес. Ылғи да жақсы күнге, жарқын болашаққа нұсқап отырды. Десе де, бүгінгі дәуір — ғылым дәуірі. Тәтті ертек айтып, аңыз тыңдап отыратын заман емес.

Әлем елдері әсіресе Еуропа елдері ғылым-техника саласының барлық түрлерінен бізден көш ілгері дамып барады. Күн санап электрон ғасыры алға ілгерлеп барады. «Ғылыми Код» деп жоғары да айтқаным да сол еді.

Біз ғылымды, өнерлі, иманды болғанда ғана адаспаймыз, Әлем елдерін де мойындаттамыз. дамудың да, сара жолына түсеміз. Жетелі мемлекеттердің қатарында иық тіресе өмір сүреміз.
Шындық удай ащы болады.

Салт-дәстүрден айырылған халық — санадан айырылады, санадан айырылған халық — сападан айырылады, сападан айырылған халық бағынан айырылады, бағынан айырылған халық — бәрінен айырылады, бәрінен айырылған халық — ұлт болып өмір сүруден қалады, ұлт ретінде жойылып кетеді. Салт-дәстүр ұлттың ұлылығын бірінші орында айқын ең негізі белгісі. Ал ғылым жолы жалпы адамзат баласын ортақ бақытқа бастайтын жол.

Осы тұрғыдан алғанда ұлт таңбасы, ұлттың алтын қазығы. Ұлт қорғаны. Салт-дәстүрден айырылсақ алтын тіреуден айырыламыз. Тіл мен ділден, жазу мен діннен айырылып, ғылымнан қол үзсек, ұлттық рухмыздан дырдай, мәдниет пен ғылымнан жұрдай боламыз. Мемлекетімізден, өмір сүріп отырған қоғанымыздан айырыламыз.

Содан ұлт ретінде жойылуға барамыз. Ондайдан Алла өзі сақтасын. Иә, мақаламызға «салтың санаң, ғұрпың ғұмырың» деген тақырып қойып отырғаным да сол. Бүгінгі жаһандасу дәуірінде — ұлт таңбалары жойылып, жоғалып бара жатқанда қазақ халқының рухани қазынасы жүдеу тартқан шақта салт пен дәстүрді қайта жаңғыртып, ұрпақ санасына толық қанды, ғылыми негізде сіңіруміз керек. Сонда ғана ұлттық рухмыздың жарығы сөнбейді.

Рас-ау, біз қазақпыз, қазақ мемлекетіміз, тәуелсіз, еркін елміз. Мынау, ғылым-өнер бәсекесімен өмір сүретін дәуір. Күллі әлем ғаламтордың ғажайыбында, бір жанұяның  баласындай тіл табысатын, электрон дәуір ағымында жасап жатырмыз. Мағұрыта отырып, Мәшұрықпен тілдесіп отырған уыздай жастарымыз өсіп келеді. Олар өнер мен ғылымға суғарылып, жетелі болып жетіліп келеді. Бұл қуанар да, құптарлық жайт.

Біз жастарды қолдаумыз және оларға сенуміз, үлкен үмітпен қараумыз керек. Өйткені жастар елдің ертеңі, мемлекеттің келешегі, ұлы даланың болашақ қожасы. Біз бүгін бармыз да, ертең жоқпыз. Өмір қысқа, уақыт тоқтаусыз сырғып өтіп жатыр, уақыт аясындағы тағдыр солай. Өкінерге уақыт жоқ.

Осының бәрін ашық айтып, жария жазып отырғаным, кеше ғана бір жас жігіт маған мынандай қызық сұрақ қойды:

— Болат Бопай аға, сіз үлкен этнограф, жазушысыз, қазақтың салт-дәстүрі туралы аз мақала, аз кітап жазбадыңыз. Бәрі де жақсы. Сіз жазған кітапты бүгінгі жастар ұнатып оқиды деп ойлайсыз ба?

— Мынау ХХІ ғасыр — ғылым ғасыры, көне дүниенің керегі бар ма? Босқа шаршап, құр өмір өткізіп жатқан жоқсыз ба? Өзіңіз қалай ойлайсыз, көңіліңіз ауырып қалмаса игі еді, — деді.
— Рас. Ып-ыстық, буы бұрқыраған шындық. Қандауырдай өткір сұрақ.

Өз құлағыма сенбей біразға дейін үнсіз қалдым. Сұрақ сапырып, ой салған жасқа , түк те ренжімедім. Өйткені, қыршын жігіт у дай ашшы шындықты тікесін қойды. Үйге қарай аяңдадым. Босағадан аттай сала, қолыма қалам алдым. Ақыры, осы тақырыпты қаузадым…

Қазақ би-шешендерінің сөз өнері сайысында, сұраққа сұрақпен жауап қайыру, сөзге-сөздің қарымтасы болушы еді ғой, сұрақты-сұрақпен шешуде тамаша бір көрек сөздің тәсілі. Мына қыршын жігітке де, мынадай сұрақтар ұзаттым:

БЕС ҚАТ САНА — БЕС ОЙЛАУ ФОРМАСЫ
1. Бес қат сана деген не?
2. Бес қат (Бес қабат) ойлау әдістері қайсылар?
3. Білімнің алтын үш өзегі не?
4. Өмірдің төрт шеңбері қайсылар?

Е, шырағым, жарқын баурым, сен осы төрт сұраққа дәйекті жауап қайырсаң, мен сенімен тетелеп теңесіп, ортайып кеңесіп, бір кеңдеп қалар едім, — дедім жылы қабақпен.

Ол жігіттің екі көзі мөлдіреп маған қарап тұрды да:

— Ағатай, жауабын айта салыңызшы. Мұндай сұрақты ел аузынан естіп, кітаптан оқымаған екем, — деді өтініп.

Иә, қу ішім қылпете қалды. Қазіргі жастар, даияр қаламтор көмегіне иек артып алғанғой. Ондай жауап қаламтордан шықпайтынын бірден біліп тұр. Жарайды, айтайын. Сен ақыл қалтаңа сала бер, — дедім.

Бірінші, ертегілік сана — адам баласының алғашқы санасы. Жаратылыс, табиғат, дүние, қоғам мен адам, хайуанаттар мен аспан денелерін тану туралы қалыптастырған дүние танымы, яғни таңғалу, таңдану, тамасану, тану, білу, ұғудан туған ең алғашқы философиялық ойлары, Фольклорлық дүние танымы. Алғашқы мифтік сана — сезімі.

Демек, бағзаманда өткен өмір туралы айтылатын ертегілер, әфсаналар. Қазақтың алғашқы оқиғаларды, ауызша баяндаган көркем тілі немесе ауыз әденбиеті. Адам баласының асыл жауһарлары. Бауырым, сен ойланшы, осы да көне дүние ме? Ұрпаққа керегі жоқ па?
Бұл бар ғылымның анасы. Бұл дүниеде анасыз еш нәрсе барлыққа келмейді.

Екінші, аңыздық сана — адам баласының кереметтері туралы айтылатын аңыздар. Алрамыс, Қобланды. Раймбек, Қабанбай, Жәнібек батырлар, Уғыз, Түрік, Абыдай сынды хандар, Төле, Қазбек,Айтке бй-шешендер, Отырар, Сауран сынды ғажайып қалалар т.б. туралы аңыздық дүние таным. Бұл да керексіз бе?!

Үшінші, салт-дәстүрлік сана — қазақтың күллі өміріндегі, өмірін, тұрмысын сақтап отырған, ұлттық белгісі болып табылатын, ұлттық ерекшелігі туралы ұғым. Қазақ халқымен бес мың жыл бірге өмір сүршген ата дәстүрі. Дала мәдениеті, Академиялық ұлттық білім қоры. Бұның да тамшыдай керегі жоқ па?

Төртінші, діни сана — Алланы, жаратушыны тану, мұсылмандық парыздарды өтеу, күнәдан аулақ жүру, иманды тіршілік кешіру. Аланың мұсылмандық хақ парыздарын бұлжытпай атқару. Исламдық ұлы хақ танымы. Бұл да көне дүние ме?!

Бесінші, ғылыми сана — бүгінгі дамыған атом, микро, электрондық, зымыран ғасырындағы ғылымдық сана. Бұған келісем. Өте керекті сана. Ұлттың сапасы мен санасын, мәдениеті мен өркениетін, ғылымын ғарыш биігінен көрсететін сана… Бүгінгі ғаламтор аспан астындағы адамзатты бір жанұяның баласындай рухани жақтан біріктіріп отыған ұлы сана. Алтын бауырым, сен соны біл. Бүгінгі ғылымдық биік санаға, алдыңғы төрт сананың жетістігінде жетіп отырмыз.

Ал бес түрлі ойлау тәсілі:
1. Образды ойлау — бейнелік ойлау тәсілі. Абстрактті ойлауды бейнелік түрде көзге елестететіндей көрсету.
2. Логикалы ойлау — қисынды ойлау тәсілі. Ойдың философиялық тұжырымдарын нақты бере білу. Ауытқып кетпеу.
3. Фантазиялық ойлау — қияли ойлау арқылы айналаны шарықтап тану. Алысты болжау, лепірген сезімге қиялмен қанат бітіріп ойлау тәсілі. Халық «Қыран жетпеген жерге қиял жетеді» дейді.
4. Метафизикалық ойлау — Метафизикалық ойлау. Адам баласының, ғалымдардың жаратылыстану және гуманитарлық білімдерінің негізі. Ғылымдық нақты ойлау тәсілі.
5. Психологиялық ойлау жан мен тәнді ғылыми жақтан танып, зерделеп ойлау тәсілі. Адам мінезіне ғылыми тұрғыдан талдау жасап, ой қазанында пісірудің ой бесігі.

Иә, бауырым, осы бес қат ойлау бес қат сананың кілті екенін білсең мен қуанар едім.
Білімнің алтын үш өзегі:
1. Өткенді (тарихты) білу — ата-бабалар жүріп өткен жолды тану, парасатын аңғару.
2. Бүгінді білу — дәл қазіргі сіз айтқан ғылымды игеру, оны басқару және жасау.
3. Болашақты білу — алдағы болашаққа ой ұзату, болжам жасау, алдағы болатын ғасырлардағы ұрпақтарымызға, бүгіннен қандай ұлағатты дүние жаратып қалдыру. Ұлт ілімін алдағы ғасырларға ұрдісін үзбей жалғау. Бұл «білімнің алтын үш өзегі» деп аталады. Осы үш өзекті толық игерген адам, нағыз білімдар, кемел ғалым, керемет Академик болып есептеледі. Бауырым, сенің біліміңде осы үш өзектің шамы жанып тұр ма?

Өмірді қоршаған төрт шеңбер:
1. Отбасы шеңбері — бір пенде өмір бойы отбасы, ошақ қасында өмір сүріп, сол шеңберде ғана жасайды. Мұны қазақ «отбасылық шеңбер» деп атайды.
2. Рулық шеңбер — бір адам отбасынан озып, туыс-туған, рулық танмда өмір сүреді. Өмір бойы сол үшін жұміс жасап өтеді. Мұны қазақ «рулық шеңбер» деп атайды.
3. Ұлттық шеңбер — бір адам өмір от басы танымынан озып, рулық санадан асып, ұлт шеңберіне кіреді. Өмір бойы ұлттық деңгейде өмір сүріп өтеді. Мұны қазақ «ұлттық шеңбер» деп атайды.
4. Әлемдік шеңбер — бір адам отбасынан озып, рулық санадан көшіп, ұлттық рухтан көтеріліп, күллі адам баласы үшін өмір сүреді. Бар білімін ақыл-қайратын, өнер-ғылымын әлемдік биікте сәулелендіреді. Оның еңбектері көк асты, жер бетіндегі адам баласының рухани қазынасына айналып кетеді. Мұны қазақ — «әлемдік шеңбер» деп атайды.

Егер күллі адам баласы әлемдік шеңберде өмір сүріп, парасат биігінде тіршілік кешірсе, жер бетінде, адамдар арасында, кісі өлтіру, тонаушылық, қорлау, зорлау, бірін-бірі күндеу, қызғану, жауыздық, тағылық, қан төккен соғыс сынды қылмыстар болмас еді.
Күн астында күлім қаққан бейбіт өмір басталар еді.

Не айтайын, не жазайын, алтын бауырым, сенің сұрақтарыңнан кейін де, ақылға ар емізіп, ұзақ отырдым… Айналайын, жаным, тарыдай сөздің де, таудай ұғымы бар… Қазақта, «білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз», «көп білсең де, көптен артық білмейсің», «Білгеннің бәрі оңай, білмегеннің бәрі қиын» деп тектен-тек айтпағанғой. Білгенімді айттым, түсінгенімді жаздым. Алдыға қарап пікір, артыма қарап шүкір еттім. Жер бетінде өмір сүріп отырған екі жүз жеті мемлекетте өз тілінде сөйлеп, өз салт-дәстүрінде өмір сүріп, ұлттық таңбасымен мақтанып отырғанда біздің қазақ халқы да ұлттық таңбасымен мақтануға тиіс.
Жә, білімдар бауырым, саған ақыл айтудан аулақпын. Кеудесі білімге сықап тодып, тұрған адамға ақыл айтсаң асып төгіледі.

Асып қана төгілмейді,
Керіге айналады.

«Ақша — ұсақталса тиын болады, адам ұсақталса, қиын болады» түйір сөзден от алып, түмен ойға өртеніп, жазғырып жазып қайтейін…

Атам қазақта «аталы сөзге арсыз жауап қайтарады» деуші еді. Түйдек ойдың түндігін жауып, түйінін осы сөзбен шешкенді жөн көрдім…

ҚР Жазушылар одағының, ҚР Журналистика одағының мүшесі, Қазақ ұлттық салт-дәстұр, әдет-ғұрып академиясының академигі: Болат Бопайұы

Ұқсас ақпараттар

Бензин нарығын реттей алмаған вице-министр қызметінен босатылды

admin_mugalzhar

Мемлекет басшысы: Еліміздің қаржы жүйесі дертке шалдыққан

admin_mugalzhar

Суық күндері қандай тағамдардан бас тартқан абзал?

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.