«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕЛЖАННЫҢ КИНО ӘЛЕМІ

Сонымен, кинотеатр ашылды. Өзі шағын, іші тартымды, көрсетер киносы сапалы. Елжан бұл кинотеатрды жаздың маусым айында алдымен ашық аспан астындағы кино көру алаңы етіп ашқан еді. Кейін күз түскенде, «Мечта» сауда үйінен арнайы орын жалға алып, «Яркая луна» атауымен қайта жасақтады. Ақтөбе қаласындағы Сақтаған Бәйішев атындағы универститеттің түлегі қалада шағын болса да кинотеатр ашсам деген ойын жүзеге асыруға басынан өткен үлкен қайғының себеп болғанын айтады. — Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс жасап жүргенімде, саябақтан ашық аспан астындағы кинотеатр ашылғанын көріп, «Қандыағаш қаласынан неге осындай кинотеатр ашпасқа?» деген ой келді. Сол сәттен бастап жоспар құрып, мақсат тұттым. Негізі адам өзіне не керегін біліп, түйсініп, сол қажетіне қол жеткізу жолындағы қиындықтан қорықпау керек екен. Менің соған көзім жетті. Әсіресе, үлкен өмірге жаңа қадам басқан жастарға кәсіп бастау оңай емес. Көкейімді тескен арманымды әлдилеп, бастауға батылдық таппай жүргенде әкемнен айырылып қалдым. Бұл маған үлкен соққы болды. Енді еркелеуге, ойлануға хақым жоғын түсіндім. Анамның ендігі сүйеніші өзім екенімді түйсініп, жауапкершілік танытатын сәт жетті. Содан бар ерікжігерімді жиып, шағын болса да ойымда жүрген істі қолға алып, осы кәсіпті бастадым, — деді Елжан.

Бастапқы кезде ашық аспан астындағы кинотеатр жұмысын жүргізуге ауа райының қолайсыздығы көп қиындықтар туғызған. Осы кезде аудан, қала әкімдігі тарапынан қолдау көрсетіліп, күндіз қолданылатын кинотеатр құрылғыларын түнде сақтауға орын бөлінгенін айтқан жас: «менің сол кездегі жағдайымда бұл үлкен көмек еді», — дейді. Ал қазір өзі жалға орын алып ауысқасын, жұмысы біраз жеңілдеп, алаңсыз кәсібін жүргізіп отырғанын жеткізді. Бұл іс үшін Елжан үкіметтен қайтарымсыз қаржы, немесе банктен ешқандай несие алмапты. Өзінің жинаған қаражаты жоспарлаған кәсібін ашуы үшін қажетті керекжарағын алуға жетіпті.

— Бұл істі көре сала, аша салайын деген оймен қолға алмадым, әрине. Өзіме бала кезден кино саласы өте қатты ұнайды. «Яркая луна» деп атауымның да өз себебі бар. Себебі көрермендердің киноны ең алғаш ашық аспан астында отырып көруін мақсат еттім ғой. Сол кезде толған жарық ай астында кино көрудің ерекше болатынын, тіпті экранның өзі де қап-қараңғы түнде жарық айдай болатынын көз алдыма елестеттім. Содан осы атауды ойлап таптым. Мен Қандыағаш қаласының тұрғындары мен қонақтарына үлкен алғысымды айтқым келеді. Олар мен ойлағаннан да жақсы киноман болып шықты. Ол әрине, мені қуантады, — дейді жас кәсіпкер. Болашақта кәсібін үлкейтіп қана қоймай, кәсіптің жаңа көздерін табуды да ойластырып жүргенін жасырмады кейіпкеріміз. Сұраныс бар жерде, ұсыныстың да болатынына нық сенімді өзі. Қоштасарда «осы сұранысқа сай әрекет етемін болашақта» дегені өз-өзіне берген уәдесіндей көрінді бізге…

Әміржан ӨМІРТАЕВ

Ұқсас ақпараттар

ТЕХНИКАНЫҢ ТІЛІН БІЛЕТІН — НҰРТІЛЕУ

admin_mugalzhar

БАЛА АРМАНЫ ОРЫНДАЛҒАН ҰСТАЗ

admin_mugalzhar

ПЕСНЬ ЛЮБВИ НАГАШБАЙ БАЛМАХАНОВА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.