«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ертай САРМАН: ШӘКІРТ ТӘРБИЕЛЕП, ҰСТАЗ БОЛСАМ ДЕЙМІН

Шалқар өңірінде дүниеге келген Ертай Аманғалиұлы ақындыққа білетінің шыңдалуына Шынболат Ділдебаевтың бір кездері белгілі болған «Шындық туралы» өлеңі әсер еткенін айтады. Ол жылдары ақын Ертай 7-класта оқитын мектеп оқушысы екен. Шынболат ақынға еліктей өскен ол өзі де ауылында болып жатқан мәселелерді өлең арқылы көтере бастайды. Бұл ақынжанды баланы осы өнерге жақындатады.

Өзім Бершігүр мекенінде туылған соң, мектеп қабырғасын сол мектепте аяқтадым. Мектепте өте белсенді бала қатарында болдым. Үйге берілген тапсырманы, өлең шығару керек болса лезде орындап, тапсырып жүретінмін. Содан ұстаздарым сол қабілетімді көріп, әрі қарай жұмыстануға мені бағыттады. Осы орайда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздарына ерекше алғысымды жолдағым келеді. Осы жолға келуіме бірден-бір себепкер — ұстаздарым. Ең алғаш 7-класс оқып жүргенімде саяси мәселелерді көтеріп, өлең шығарған болатынмын. Ол уақытта ондай дүниелерді көпшілікке шығара бермейтін кез еді. Содан ұстаздарым «өз жасыңа сай өлеңдер жазуың керек» деп айтқаннан кейін түрлі тақырыпта өлеңдер жаза бастадым. Өлеңім мен сахнаға шығуым сол мектеп кезден басталды. Біртіндеп ақындар арасындағы сайыстарға шыға бастадым. Әлі есімде, 1993 жылдары наурыз мерекесі енді-енді тойланып жатқан уақыт еді. Қазіргідей дүбірлі өтпегенмен 2-3 атты бәйгеге қосып, түрлі сайыстар өтетін. Сондай бір сайыстың түрі ақындар айтысы болды. Мен сол жарыста ауылымыздағы үлкен термеші апайыммен айтысқан едім. Сол айтыс көпке ұнап, көзгетүстім. Жан-жақтан шақырту ала бастадым. Сөйтіп менің ақындық жолым басталды. Үйде анам науқас болғандықтан барлық шаруа өзіме қарап тұрды. Менен кейінгі бауырларымның бәрін де оқытып болған соң, ауылымдағы өзім ұнатқан қызға үйленіп, кейін 2003 жылдары Ақтөбе педагогикалық университетіне оқуға түстім. Жоғары мамандық алғаннан кейін ауылыма мектепке жұмысқа орналастым. 10 жылдан кейін Ембі қаласына қоныс аударып, Ембі қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып орналастым. Түрлі қайырымдылық концерттер ұйымдастырып, емге мұқтаж жандарға көмек көрсетіп жүрдік. Осы салаға келгелі өнердегі жолым дами түсті. Жан-жақта болып жататын ақындар айтысына шығып, жүлделі І, ІІ, ІІІ орындарды иеленіп, бағым мен бабым қатар шауып жүрген кездер де болды. Қазіргі кезде бәрі бар, тек уақыт жоқ, уақыт тапшы. Суырып салмалық қасиетіме қызыққан халық ауылдың тойын, асынжүргізуге шақырып жатады. Жан-жақты болу үшін кітап, шежіре, тарихты көп оқимын. Қазіргі таңда 60-қа тарта өлеңдерім бар. Кейбір өлеңдерімді көше жастары әуенге салып та, енді бірін мәнерлеп оқу жарыстарында айтып та жүр. Жергілікті сазгер Нұрланбек Бүркіттің «Достар туралы» өлеңіне сөз жазып берген болатынмын. Сол өлең жақында жарық көреді. Жазба ақындық өнері бойынша алғаш рет 2022 жылы қарашада Шымкент қаласындағы жарысқа қатысып, 40 қатысушының ішінен ІІ орынды иеленіп келдім. Қазіргі таңда Ембіден жас ақындарды дайындап жүрмін. Жақында екі ақын бауырымыздың өнержолындағы тұсауын кестік. Ол кешке арнайылап облысымызға белгілі Нұрбол Жауынбаев, Елшат Әуесхан деген ақындар келген болатын. Алдағы уақытта осы жас ақындарымызды шыңдап, додаларға дайындамақпыз.

АНАМА

Жалбарынып жүріп жаратқаныма,

Нан тауып бердің балапаныңа.

Мейірімменен жылулық тұрғандай,

Анашым сенің алақаныңда.

Жұмыс істедің далада, малда,

Қиындық дегенге қарамадың да.

Көзіңнен шуақ шашылып тұрар Күлімдеп бізге қарағаныңда.

Ұл-қызым жылап жүрмесін дедің,

Сырқырап қолың, ауырып белің.

Малды да бақтың, еден де жудың,

Біз үшін төктің маңдайдың терін.

Жылады ішің, күлгенмен сыртың,

Ұйықтамай жүрдің ауырсақ бір күн.

Ер жетіп ұлың таба алар ма екен?

Табаныңдағы жұмақтың кілтін.

Анамның сөзі шырайлы маған,

Анамның асы ұнайды маған.

Анашым менің ауырмасын деп,

Алладан соны сұрайды балаң.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Қазақстан негізінен Қытай, Ресей және Италия елдеріне тауар экспорттайды

admin_mugalzhar

БӘЙГЕДЕ ОЗА ШАПҚАНДАР

admin_mugalzhar

ЕҢБЕКТЕ 11 ШАРУА ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫ КҮТУДЕ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.