«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МҰҒАЛЖАР ТАУЫНЫҢ БИІК ШЫҢЫ НЕГЕ «БОҚТЫБАЙ» АТАЛҒАН?

Редакцияға Павлодар қаласының Жеңіс Абылхасан деген тұрғынынан хат келді. Ол өз хатында ғаламтордан көзі шалған мәліметке тоқталып, осыған қатысты өзін қызықтырған мәселе бойынша толыққанды ақпарат сұраған екен. Төменде хат мәтінінің қысқаша нұсқасы мен табылған деректі жариялап отырмыз.

«Саламатсыздар ма, құрметті «Мұғалжар» газетінің редакциясы! Менің жасым бүгінде 80-ге тақады. Әлеуметтік желіден үнемі қазақтың тарихы, жер атаулары, табиғаты туралы мақалалар оқып отырамын. Сондай бір сәтте Ақтөбе өңіріндегі Мұғалжар тау- ының бір биігі Боқтыбай деп аталатыны туралы ақпаратты көзім шалды. Мен талай жерді араладым, талай адаммен әңгімелестім. Көптеген мақалалар мен кітаптар да оқыдым. Бірақ «Боқтыбай» атауын бірінші рет кездестіріп тұрмын. Олай таң қалуымның себебі де бар. Біздің әулетте арғы атамыздың аты Боқтыбай болған екен. Бала кезімізде үлкендерден «ондай атты неге қойған десек, тіл-көз тимесін деп ырымдап қойған шығар» дейтін. Өзімнің арғы атаммен аттас таудың атын естіп, әрине, қызығушылығым оянды. Сол себепті Мұғалжар ауданындағы жергілікті газетті іздеп, өздеріңізді таптым. Менің өтінішім, осы Боқтыбай атауына қатысты қандай да бір мәлімет бере аласыздар ма, мүмкін аңыз әңгімелер бар болар? Не себептен ол жерді Боқтыбай деп атады екен? Менің атама қатысы болмаса да, «Қазақстанда екі Боқтыбай бар екен деп» мақтанып жүрейін…».
Хат мәтіні қысқаша осындай. Біздің анықтағанымыздай, хат иесі айтып отырған Мұғалжар тауының Боқтыбай биігі Шалқар ауданы аумағында орналасқан. Толық ақпарат төмендегідей…

Мұғалжар тауы — Ақтөбе облысы аумағында жатыр. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 400 км-ге созылып жатыр. Ені 200 км-дей. Орташа биіктігі — 300 м., ең биік жері – Үлкен Боқтыбай тауы – 657 м. Үлкен Боқыбай — Шалқар ауданының қиыр солтүстігінде орналасқан ең ірі елді мекен Біршоғыр стансасының батыс жағында орналасқан. Таудың үлкен деп аталуына себеп: Үлкен Боқтыбай тауының іргесінде, одан сәл ғана аласа, кіші немесе Бала Боқтыбай тауы бар. Кейбір географиялық карталарда Боқтыбай тауы деп белгіленіп келеді. Дұрыс аталуы – Үлкен Боқтыбай. Үлкен Боқтыбай және Бала Боқтыбай тауларының бұлай аталуы туралы ел аузында осы жерді мекендеп, елін, жерін, сырт елдің шапқыншыларынан қорғаған Боқтыбай батыр мен оның ержүрек баласы туралы аңыз бар. Сол қиын-қыстау кезеңде қазақ халқын қорғап қалуға елін, жерін шексіз сүйген батырлардың көптеп шыққаны белгілі. Бірақ солардың арасында Боқтыбай батыр деген батырдың болғаны қазіргі халыққа беймәлім. Егер бір сәт аңызға үңілсек, аңыз былай деп сыр шертеді: 1723 жыл- дары Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама Мұғалжар тауларын мекен-деген халыққа да өз қайғысын аз әкелген жоқ. Жау күннен-күнге Мұғалжар тауларына жақындап, таяп қалған сәтте Боқтыбай батыр жауға қарсы аттанып, жауды Мұғалжар тауының етегіне жапсарлас орналасқан бір кішкене таудың бойында күтіп алады. Бірнеше күн жаумен жекпе-жек шайқасқан Боқтыбай батыр жауды жеңіп, еліне жеңіспен оралады. Әйтсе де жау толастамайды, бірақ Боқтыбай батыр да беріле қоймайды. Жау Боқтыбай батырды соғысу арқылы жеңе алмайтынын біліп,айлакерлік, арамдық жолмен жеңуді ойластырады. Сөйтіп жау қолбасшысы өз әскерінен өңді, шешен тілді жігіт іздестіре бастайды. Себебі, Боқтыбай батырдың тілмен айтып жеткізе алмайтын, күн десе көзі, ай десе аузы бар керемет сұлу қызы болған екен. Жау өздерінің жоспарын батырдың қызы арқылы жүзеге асырғылары келеді. Топ ішінен бір сымбатты, шешен жігіт табылып, қызды бұлақ басынан күтіп алып, алдауға кіріседі. Ал аңқау қазақ қызы болса, жігітті шын, пәк көңілімен ұнатып қалады. Махаббат сезімі бей-жай қалдырған ба адамды?! Олар бірнеше рет кездесіп жүреді. Батырдың қызы болса күннен-күнге жігітті ұнатып, сол жігітпен қашпаққа бел буады. Бірақ әкесі оған кедергі болатыны белгілі және жау жігіті асығыстық білдіреді. Содан ғашықтық буына мас болған қыз әкесін өлтіреді де жаумен бірге қаша жөнеледі. Алайда қыз жау қосына жетпей жатып басынан қағылады. Жау өзін кең далада еркін сезініп, «батырдан құтылдық, жер біздікі» деп, жарияға жар салады. Бұны естіген жоңғарлар қазақ жеріне қарай ағылады. Әйткенмен бұл жолы да халықты қорғап қалуға ел арасынан бір батыр шығады. Ол Боқтыбай батырдың баласы еді. Жау қосқа қарай шауып келе жатқанда, әкесінің шықпағанын көріп, бала әкесіне жетіп барса, өліп жатқанын көреді. Бұның қарындасынан келгенін де жүрегі сезеді. Бойындағы намыс оты тұтанып, әп-сәтте әкесінің киімін алып, жауға қарсы «Боқтыбайлап» ұрандап, шаба жөнеледі. Боқтыбай батырдың киімін киіп, шауып келе жатқан баласын көріп, жау әбіржіп, абдырап қалады. Көңілдегі кек, кеудесіндегі намыс, жауға деген өшпенділік бойын билеп алған баласы болса, алдынан қарсы шыққан жауды қанмен жусатып, қырып салады. Өзі де жеті жерден жарақат алады. Жаумен шайқасып болғаннан кейін халыққа, әкесі жатқан үйге қайтып барып, «әкежан, жаудан кегің қайтты ғой» депті де қаракер атының үстінде жан тапсырыпты. Қос батырдан бірдей айырылған халық егіліп көп жылайды. Жылағанмен қос батыр қайтып келмесі анық. Сол себепті кейінгі ұрпаққа үлгі болар деген ниетпен екі батырды Мұғалжар тауының етегіндегі тауға, басына Боқтыбай батырды, сәл төменірек баласын жерлепті дейді. Содан Мұғалжар тауының биігі Үлкен Боқтыбай, кішісі Бала Боқтыбай деп аталады.
А.МАНАС

 

Ұқсас ақпараттар

БАЛАБАҚША – ТӘРБИЕ БЕСІГІ

admin_mugalzhar

Иммунолог коронавирус пандемиясы 2024 жылы аяқталады деп болжады

admin_mugalzhar

ҚАЗАҚСТАНДА МЕМЛЕКЕТТІК БАҚ ПОРТАЛЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

admin_mugalzhar

1 Пікір

Әділханұлы Қуаныш 12.12.2022 at 18:44

Қайырлы күн құрметті Мұғалжар аудандық газетінің ұжымы! Мен, Әділханұлы Қуаныш сіздерге Қызылорда өңірінен жазып отырмын.
Бала кезден әкемнен: бұрынғылардың айтуы бойынша Асан бабамыздың бейіті Мұғалжар тауыylа қалған, дегенді көп естігенмін. 2010 жылдың аяғында Атырауға поезбен бара жатқанымда, Мұғалжар жақтағы бір станциядан Қандыағашқа дейін бір орта жастағы кісі қасыма отырып, танысып әңгімелескенімізде, “мен осы жақтарда тұрамын, Асан бейіті/моласы деген жер бар, келсен тауып беремін” — деген еді. Оның номерін жазып алған менің ұялы телефоным кейін бұзылып, номері өшіріліп қалды. Одан бөлек бұл Асан бабамыздың атасы мен әкесі, Есенәлі мен Кішкене деген бабаларымызда Мұғалжар жақта қателеспесем Ешкі арық деген жерде дегенді де бір ақсақалдан естіген едім. Осы Мұғалжар өңірінде Асан бейіті/моласы немесе тауы, және Ешкіарық, Есенәлі, Кішкене деген жер, атау бар ма? Соны анықтауға көмек беріңіздерші.

Сіздерге айтып тұрған Асан Бабамның шежіресі төмендегідей:
Әлім – Шекті – Өріс – Есенәлі – Кішкене – Асан. Шектінің ішінде Алты Кішкене (Жиеней, Жолшара, Асан, Үсен, Құттық, Құрманай) деп аталып кеткен, Кішкененің ұрпақтарының бірі. Қазіргі ұрпақтарының шежірелерінде ауытқулары болғандықтан, кейбірінің – 10шы, кейбірінің 12ші, 13ші атасы. Ол 1774-1860ж өмір сүрген Жанқожа батырдың 5ші атасы — Құттықтың ағасы болып келгендіктен, Асан бабамызды шамамен 16 ғасыр ортасы — 17 ғасыр ортасы аралығында өмір сүрген болуы мүмкін деп болжадым. Асаннан: Құдайберді, Қожамберлі, Сырлыбай, Өтеп тарайды. Мұғалжар ауылынан алыс емес жерде Сырлыбай деген өзен ағып жатыр екен, сол өзеннің атауы Асанның бір баласы – Сырлыбаймен байланысты емес пе екен? Жалпы қазір Асанның ұрпақтарының негізгі отырған жері Қызылорда облысының Қазалы ауданында, Арал ауданында да көп. Біздер Асанның ұрпақтары 4-5ші аталарымыздың нақты осы өңірде болғанын білеміз. Ал, жалпы Шектілер бастапқыда Торғаймен Ақтөбе облысының шектесетін жақтары мен одан арғы өңірді мекендеп, кейін оңтүстікке – Арал маңы, Сыр бойына дейін келгені тарихтан да белгілі ғой. Осындай естіген сөздер мен сәйкестіктерден кейін, осы Асан бабамыздың бейіті шынымен Мұғалжар өңірінде ме екен? – деген ой келіп, сол өңірдің тарихын білетін Сіздерден сұрап, іздеп көруді жөн көрдім.
Тарихта ашылмай жатқан дүние көп, естіген, білгенінді жәй қалдырып қойғаннан, ізденіп, ашып тырысып көрген абзал ғой. Сондықтан барынша осы тақырыпты іздеп тырысудамын. Көмек беруіңізді өтінемін.
tel 87776773340

Жауап

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.