«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Сәлемдесу деген не?

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпы, салты бар. Соның бірі, бір де болса бірегейі – сәлемдесу ғұрпы. Сөз ендеше сәлемдесу ғұрпы хақында.
В.Г.Белинский «Ұлттық киген шабатада, шекпенде, сарафанда, сақал мен мұртта, сарай мен лашықта, сауаттылық пен қараңғылықта, азғындық пен жалқаулықта тұрған жоқ. Олар халықтық қасиет емес, жабысып, қабысқан без», – дегенді.
Кішінің үлкенге сәлем беруі, ақсақалдың құрмет, жастың ізет көруі, азаматтың сәлемдемеге сенуі – ата салтымыз, ұлттық ғұрпымыз.
Сонда сәлемдесу деген не?
Сәлемдесу – сағынышты басу, күйініштен асу, жүрек төрінен ниеті бір жанға тілек шашу.
Сәлемдесу – алыс пен жақынды таныту, жақсыдан үлгі алып, қасиетіңді дамыту, көңілдегі ой-түрткі болып жүрген сезімнен арылу.
Сәлемдесу – ата салтынды, қазақ деген халқыңды, ата даңқынды сақтау ғана емес, ерлік пен өрлік танытып, ұлт баласы екенінді ақтау, еліңнің бірлігін, жасампаз қаракетін мақтау, көргенсіздікті, жүгенсіздікті, арсыздықты даттау.
Сәлемдесу – ағайын мен туысты, дос пен жаранды, іні мен ағаны, бала мен дананы жарастыру ғана емес, ата салтын жалғастыру, алысты жақындату, дүрдараздықты татуластыру, елдің елдігін, халықтың бірлігін баянды ету.
Ендеше сәлемдесу өнеріне, ол шын мәнінде өнер, немқұрайды қарауға болмайды. Ол бесіктегі баладан бастап, еңкейген кәрінің өмір бойына біте қайнасқан тірлігі.
Сәлеміне қарап, ол адамның кім екенін білуге болады.
Сәлемдесу – үлкен мәдениет белгісі. Ол жасы үлкенге құрмет, кішіге ізеттілікті көрсетеді. Ол пенденің болмысын танытады, таныта алмаса діңкенді қажытады. Сағынып жүргенде сәлем бере алмаған туысыңнан, қадірінді білген жат жақсы.
Хандық дәуірде хан мен сұлтанды қол қусырып, «алдияр тақсыр» деп басын иіп қарсы алған. Егер мәртебелі жан қарашаға қол берсе, екі қолмен алып, оң тізесін бүккен. Өз қадір-қасиетін таныған жан (батыр, ауқатты адам) иіліп сәлем берген, бірақ қолын қусырмаған. Хан, не оның дәрежесіндегі мәртебесі биік адам өзінен төмен адамның иығына қолын салып, көңілдесінің арқасын қағып, сыбайластарын бауырына басқан.
Егер қараша жол үстінде есімі белгілі адамға кездессе, аттан түсіп, екі қолын ұстай сәлемдескен. Хан бастаған көшке кездессе тоқтап, басын иіп, қолын көкірегіне салып, құрмет көрсеткен.
Төрде ақсақал, сыйлы адамдар отырса, сырттан сәлем беріп келген жан дауыстан сәлем беріп, қолын кеудесіне салып, басын иген. Екі қатар таныс адам қол беріп қана сәлемдессе, көңілі жакын адамдар қос қолдап, оң жағымен, содан кейін сол жағымен тос қағысып сәлемдескен. Бұл шын мәнінде нағыз достық, туыстық көңілді білдіріп, сағынышты басу деп есептелген.
Әйелдердің де қалыптасқан сәлемдесу ғұрпы бар. Қатар, терезелері тең әйелдер, бір-біріне бас иіп (изеп), қол ұсынбай ғана сәлемдескен, сүйіспеген. Ханша алдында көзін төмен түсіріп, басын иіп, бір қолымен жағын ұстаған. Ата, қайынағасы алдында жас келін бір тізесін бүгіп сәлемдескен.

massaget.kz

Ұқсас ақпараттар

ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ МӘН-ЖАЙЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

admin_mugalzhar

АНАЛАР КЛУБЫ: ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМГЕ ҚОСАР ҮЛЕСІ

admin_mugalzhar

Білім және ғылым министрі тағайындалды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.