«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АУДАНҒА ҚАНДАЙ МАМАНДЫҚ ИЕСІ ҚАЖЕТ?..

ЕЛІМІЗДЕ ҚАЙ САЛАДА БОЛМАСЫН БІЛІКТІ МАМАНДАРДЫҢ ТАПШЫЛЫҒЫ АНЫҚ БАЙҚАЛАДЫ. БҰЛ ТУРАЛЫ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ӨЗ МӘЛІМДЕМЕСІНДЕ ДЕ АТАП АЙТҚАН БОЛАТЫН. БҰЛ МӘСЕЛЕ, ЯҒНИ, КАДР ЖЕТІСПЕУШІЛІГІ АУДАНДА ДА БАР БОЛЫП ШЫҚТЫ. ӘСІРЕСЕ, АУДАННЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ, ӨНДІРІС, ҚАРЖЫ, БІЛІМ, МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНА БІЛІКТІ МАМАНДАР ӨТЕ ҚАЖЕТ. НАҚТЫРАҚ ТӨМЕНДЕГІ МАҚАЛАДА ТАРҚАТАМЫЗ…

ЖАЛПЫ ТӘЖІРИБЕЛІ ДӘРІГЕРЛЕР СҰРАНЫСҚА ИЕ

Бүгінгі таңда ауданда 450-ге тарта медицина қызметкері жұмыс жасайды. Соның ішінде 120-ға жуығы ғана жоғары білімді дәрігер. 70 мыңға жуық халқы бар аудан үшін әрине, бұл көрсеткіш тым аз. Саналы ғұмырын денсаулық саласына арнаған «Шапағат» ауруханасының бас дәрігері Аманжол Адаев медициналық жоғары оқу орындарында дәрігерлік мамандықты меңгеріп жатқан жастар көп болғанымен, бірқатарының дәрігер болып жұмыс жасауға ынталарының аз, білімдерінің төмен екенін айтады. — Бүгінде дәрігерлердің еңбекақысы жоғары. Тұрғын үй мәселесі де өз шешімін тауып келеді. Дегенмен дәрігерлер тапшы, білікті маман аз. Әсіресе, хирург, анестезиолог дәрігерлер жетіспейді. Оған себеп — медициналық оқу орындарының ақылы түрде білім беруі деп ойлаймын. Осының салдарынан білімі мен білігі аз мамандар көбейіп барады. Ақылы оқу орындарының басымы білім алып жатқан болашақ маманның біліктілігіне аса жауапкершілікпен қарай бермейді. Ал дәрігер болу үлкен сауаттылық пен жоғары жауапкершілікті талап етеді. Білікті маман болуға деген жауапкершілікті біздер ерте жастан балалардың бойына сіңіруге тиіспіз. Мектеп қабырғасы жас буынның өмірде дұрыс бағытбағдар алуына, дарыны мен икемділігіне қарай өз мамандық жолын айқын тануына зор ықпал етеді, — деді «Шапағат» ауруханасының бас дәрігері Аманжол Шүнгүлұлы.

Мұғалжар аудандық ауруханасында жалпы саны 69 дәрігер жұмыс жасайды. Бүгінде ауруханада жалпы тәжірибелі, неонатолог дәрігерлер жетіспейді. -Ауруханада осы уақытқа дейін стоматолог дәрігер қажет болған. Бүгінде оның шешімі табылды. Наурыз айынан бастап дәрігер өз жұмысын бастайды. Сонымен бірге окулист, балалар неврологы дәрігерлері аурухана есебінен оқытылуда. Басқа қаладан ауысып келген дәрігерлерге пәтер жалдау ақысын да қарастырып отырмыз. Ауылдық амбулаторияларда жұмыс жасауға ниетті мамандарға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы көтермеақы және пайызсыз несие беріледі, — деді бас дәрігер Мейіржан Кенжебаев.

Ал Ембі аудандық ауруханасының бас дәрігері Ерлан Бұхарбаев ауруханаға жалпы тәжірибелі, лаборант, дерматолог дәрігерлердің қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар жас мамандарды ауруханаға тарту мақсатында медициналық оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылып, мәселені шешу жолдарын іздестіріп жатқанын айтып өтті. Бүгінде бұл ауруханада 27 дәрігер жұмыс жасайды. 2019 жылдан бері дәрігерлер қатары 4 жас дәрігер мамандармен толыққан. Ауданда және санитариялық дәрігерлер де тапшы. Ауданның бас санитариялық дәрігері Болатбек Шағалбаев бүгінгі таңда Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында 4 санитариялық дәрігердің орыны бос тұрғанын мәлімдеді. — Облыс орталығында санитариялық мамандарды даярлайтын университетте арнаулы орта оқу орны да бар. Ол жерде білім алып жатқан жастар да көп. Дегенмен біздің мекемеге келіп жұмыс жасаушылардың саны аз. Жас мамандарды тарту үшін түрлі бағытта жұмыстар да атқарып жатырмыз. Біздің мекеме мемекеттік мекеме болып табылады. Ал мемлекеттік мекемелерге қызметкерлер бекітілген заң аясында мемлекеттік тест тапсыруы тиіс. Көп жағдайда жастар осы тестілеуден қашатын секілді, — деді ол.

АҒЫЛШЫН ЖӘНЕ ОРЫС ТІЛІ МҰҒАЛІМДЕРІ ҚАЖЕТ

Аудан аумағында білім бөліміне қарасты 37 мектепте 1790 мұғалім жұмыс жасайды. Оны 31 пайызы жас мамандар. Аталған білім ордаларында 12 мыңнан астам оқушы білім алуда. Аудандық білім бөлімінің басшысы Ғайни Нұрсұлтанова ауданның білім саласында жалпы мамандардың жеткілікті екенін айтты. Дегенмен ауыл мектептерінде орыс тілі және ағылшын пәндерінің мұғалімдеріне сұраныстың жоғары екенін де жоққа шығармады. Сонымен бірге ауданда 28 бөбекжай-бақша, 24 мектеп жанындағы шағын орталықтар жұмыс жасайды. Бұл аталған ұйымдарда тәрбиеші мамандар саны жеткілікті. Оның айтуынша, соңғы жылдары ауыл мұғалімдері қатарының толығуына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы өз септігін тигізген. Аталған бағдарлама арқылы жастар ауылға бет бұрып қана қоймай, көтермеақы және тұрғын үй алуға пайызсыз несие алған.

ДӘСТҮРЛІ ӨНЕРДІ ДАМЫТУ – НАЗАРДА

Ауданның мәдениет саласында да өнерпаздар жетіспейді. Айталық, дәстүрлі өнерді насихаттайтын өнерпаздардың яғни термешілер мен домбырашылардың жоқтығы осы саланың дамуына өз кедергісін тигізіп отырғандай. Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Сәуле Хамзина дәстүрлі өнер саласын дамытуды жоспарлап отырғанын айтады.

— Мәдениет саласы бойынша бүгінде вокалист, оркестр жетекшілері, термеші және жыршылар, хореограф мамандар жетіспейді. Сонымен қатар түрлі аспапта ойнайтын музыканттар да жеткіліксіз. Баян, домыра, қобыз, саз-сырнай, пианинада ойнай алатындар да артықтық етпейді. Ауданда екі театр жұмыс жасайды. Олар — халықтық және жастар театры. Ол жерде актерлар саны жеткілікті. «Халықтық» театр жылына 1 мәрте, «Жастар» театры 3 айда 1 рет ауқымды спектакльдер көрсетеді. Мәдениетті көтеру арқылы өзіміздің рухани-мәдени сауатымызды арттырып, әлемге кім екенімізді көрсете аламыз. Сондықтан мәдениетімізді көтеруге жұмыс жасауымыз қажет, — деді бөлім басшысы.

ШАРУАЛАР ШОПАНҒА ЗӘРУ

Ауданда ауылшаруашылығы бойынша білім алған, қолында агроном дипломы бар мамандық иелері жетерлік. Дегенмен, оларға ауылшаруашылық саласында сұраныс жоқ. Себебі аудан аумағында үлкен алқаптарға егін егілмейді. — Соңғы жылдарда ауданда егін егіп, диқаншылықпен айналысатын кәсіпкерлер азайды. Егін ексе де, аз ғана жерге егеді. Шағын жерді игеру үшін шаруа қожалықтарының иелері арнайы маманды қажет етпей, өздері де өсіре береді. Бүгінде ауылшаруашылық саласында сұранысқа ие деп трактор секілді үлкен техникаларды жүргізетін мамандарды айтуға болады. Шөп шабу кезінде осы тракторшылар жетіспей жатады. Сонымен бірге шаруалар малшылар мен қойшыларды көп іздейді. Өздеріңіз білесіздер бүгінде мал бағуға ниетті жандардың саны аз, — деді ауылшаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Мәрзия Гатауллина. Аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Бауыржан Тілеулинге хабарласып, ветеринар-дәрігер мамандар туралы сұрағанбыз. Ол ауданда жалпы мал дәрігерлерінің жеткілікті екенін айтып, тек қана Ащысай және Егіндібұлақ ауылдық округтеріне қолында дипломы бар ветеринар-дәрігерлердің қажет екенін мәлімдеді.

АУЫР ЖҮК КӨЛІГІН ЖҮРГІЗУШІЛЕР ЖОҚ

Бүгінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған бірқатар бағдарламалар қолға алынған. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды үйлестіру және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017– 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында өткен жылы ауданда 4191 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100 адам қысқа мерзімді кәсіптік, 130 адам техникалық және кәсіби оқу оқыған. Аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Назгүл Әбілғазина бүгінде кәсіпорындар тарапынан арнайы техникалық көлік құрылғыларын жүргізушілеріне сұраныстың жоғары екенін жеткізді.

— Бүгінгі таңда ауданда арнайы үлкен техникалар, айталық кран, трактор, экскаватор, КаМАЗ секілді ауыр жүк көліктерін жүргізетін көлік жүргізушілері жетіспейді. «Ақтөбе-Қандыағаш» тас жолының құрылысын жүргізіп жатырған мердігер мекеме тарапынан осы мамандықтарға сұраныс көп түседі. Темір пісірушілер (сварщик) мамандары өте қажет. Алайда, біз осы сұранысты орындай алмай отырмыз. Себебі аталған жұмысты жасаймын деушілердің қатары аз. Сонымен қатар мекемелер программистерді, бухгалтерлерді көп іздейді, — дейді Назгүл Әбілғазина.

ӨНДІРІС САЛАСЫ ЖҰМЫСШЫ ІЗДЕЙДІ

Мұнайлы өлке Мұғалжарда мұнай ісі мамандығын бітірген жастардың қатары көп. Алайда, тау кен ісі бойынша қолында дипломы бар мамандар жоқ деуге болады. «AltynEx Company» алтын өндіру компаниясының кадр бөлімінің басшысы Абзал Ниязов жер қойнауына қатталған көмбені тауып, жаңалық ашу, олардың қандай тереңдікте жатқанын, көлемін анықтау, бір сөзбен айтқанда, кен өндіруге қатысты ерекшеліктерді егжейтегжейлі зерттейтін геолог мамандардың аз екенін, болса да тәжірибесі жоқ екенін айтады. Сонымен қатар заманауи арнайы жүк техникаларын жүргізетін мамандар да тапшы көрінеді.

— Мұғалжар ауданын алатын болсақ, ауданда тау кен ісі бойынша мамандар аз. Өзге аудандар мен облыстардан мамандар шақыруға мәжбүрміз. Өндіріс орны болғаннан кейін заманауи түрлі техникалармен жұмыс жасаймыз. Атап айтатын болсақ, Jps-пен басқарылатын, схемалармен жасалатын заманауи техникалар. Осындай техникаларды меңгергендер, темір жонушылар, автоэлектриктер жетіспейді. Ірі қалалардан арнайы оқу орнын бітіріп келген жастардың өзі жұмыстарын біле бермейді. Соңғы жылдары тау-кен саласына мамандар тарту үшін халық арасында түрлі насихат жұмыстарын жүргізіп жүрміз. Соның нәтижесінде жұмысқа жасмамандар қосылуда, — деді ол. Өткен жылы Қандыағаш қаласында ашылған газоблок және силикат кірпіштерін шығаратын өндіріс орны «НеоХим» ЖШС-де түрлі жұмыс орындары бос тұр. Ол туралы «НеоХим» ЖШС-і кадр бөлімінің маманы Мерейлім Базарқұлова айтты. — Зауыт жергілікті және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде зауытта 20-ға жуық жұмысшылар қажет. Айталық, жылу қазандығына оператор, силикат цехына жұмысшылар, жөндеу жұмысын жүргізетін слесарлар, манипулятор операторлары, кірпіш материалдарын дайындаушылар (дозировщик) қажет.

Әрине, қолдарында техникалық білімі барын растайтын дипломы болғаны дұрыс. Біздің мекеме жұмысқа қабылданған адамдарды мекеме қаражатына қысқа мерзімді курстарда оқытады, — дейді Мерейлім Мырзағалиқызы.

ҚҰҚЫҚ САЛАСЫ КАДРҒА МҰҚТАЖ ЕМЕС

Азаматтардың құқығын сақтау мен қорғау — құқық саласында қызмет атқаратындардың басты міндеті. Аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Зиятдин Күнбасов құқық қорғау саласының мамандар қатары жеткілікті екенін баяндады. — Құқық қорғау саласында мамандар тапшы дей алмаймын. Бүгінде мекемеде 7 жұмыс орны бос тұр. Бірақ қазір аталған қызмет орындарына үміткерлер дайындалып жатыр. Алдағы уақытта жұмыстарына кірісетін болады. Құқық саласында қызмет атқарғысы келетін үміткерлер жоғары білімді, заңгерлік мамандықтары болуы шарт. Сонымен бірге мемлекеттік емтихандарды жоғары дәрежеде тапсыруы қажет. Денсаулығының мықты болуы да маңызды, — деді ол. Мақала жазу барысында аудандық сот төрағасы Абитхан Анарбаевқа хабарласып, кадр мәселесінің бар-жоғын сұраған едік. Ол бүгінде аталған салада маман тапшылығы жоғын айтып, кадр тағайындау мәселесін облыс бойынша бекітілетінін жеткізді. Ал аудандық төтенше жағдайлар бөліміне оқиға орындарына зерттеу жүргізетін мамандар қажет екен.

СПОРТТЫҚ НЫСАНДАР КӨБЕЙСЕ, МАМАНҒА СҰРАНЫС АРТАДЫ

Бүгінде ауданда бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін арттыру – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Алдағы уақытта балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі спорт нысанының, көпфункционалды кешендер мен ашық спорт алаңдарының санын көбейтуге ерекше көңіл бөлінуде.

– 70 мыңға жуық тұрғыны бар біздің ауданда спорттық инфрақұрылымдар жағы жеткіліксіз. Егер де спорттық кешендер көптеп салынса, түрлі секциялар ашылып, білікті жаттықтырушыларды ауданға шақырып, жүйелі жұмыс жасар едік. Сонымен қатар ауылдық жерлерде спорттық секциялардың санын арттыру арқылы балалардың түрлі спорт түрімен айналысуына жол ашуға болады. Бүгінде спорттық нысандарды салу үшін жүйелі жұмыстар атқарып жатырмыз, — дейді спорт бөлімінің басшысы Талғар Әбдірзақ.

ТҮЙІН

Болашақ қандай мамандықты қажет етеді? Бүгінде кімдер сұранысқа ие? Біздің осы сұрақтарға жауап іздеп, кадр мәселесін көтергендегі басты мақсатымыз — енді мектеп бітіретін түлектерге бағытбағдар беру еді. Ендеше, мамандық таңдаудан қателеспеңіз, жас түлек!..

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

ЖОЛДАУ ТАЛҚЫЛАНДЫ

admin_mugalzhar

COVID-19: ДЕРЖИМ СИТУАЦИЮ НА КОНТРОЛЕ

admin_mugalzhar

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.