«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Университеттер жанынан Карьерлік орталықтар құрылады

Экономиканың барлық саласында жұмыспен қамтуға және жұмысшы жастарды қолдауға басымдық беріледі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтардың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайы мемлекеттің басты назарында болуы керек екенін атап көрсетті. Бүгін ұсынылған Халықтың табысын арттыру бағдарламасы азаматтардың тұрмысын жақсарту және әлеуметтік-еңбек саласында тәсілдерді жаңалау үшін әзірленді. Құжат бірінші кезекте, халықтың нақты табысын арттыруға және жұмыспен қамтуға бағытталып отыр. Ол жүйелі индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы іске асырылады», — деді Әлихан Смайылов бүгін Үкімет отырысында.

Оның атап өтуінше, жаңа жұмыс орындарын өндірістік кластер құру, шағын және орта бизнес саласын қаржылай қолдау, ірі кәсіпорындар жанынан шағын кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау арқылы ұлғайту жоспарланып отыр.

«Жеке үй шаруашылықтарын дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру, микрокредит беру ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, табысын арттыруға ықпал ететін болады. Экономиканың барлық саласында жұмыспен қамтуға және жұмысшы жастарды қолдауға басымдық беріледі. Оқу бітіретін түлектерді жұмысқа орналастыру үшін университеттер жанынан Карьерлік орталықтар құрылады, ал бос жүрген жастарды жұмысқа тарту нақты шаралар арқылы іске асырылады», — деді Үкімет басшысы. Сонымен қатар ол бюджет қызметкерлерінің, соның ішінде дәрігерлер мен кіші медициналық персоналдың, педагогтердің жалақысын арттыру көзделгенін айтты. «Бұған қоса еңбек табысының айырмашылығын қысқартуға және халықтың сатып алу қабілетін арттыруға көңіл бөлінеді. Қазіргідей экономикалық жағдайда бұл – күрделі мәселе, алайда оны шешу үшін белсенді жұмыс істеуіміз керек», — деді Премьер-Министр.

inform.kz

Ұқсас ақпараттар

МҰҒАЛЖАРЛЫҚ 587 ТҮЛЕК МЕКТЕП БІТІРДІ

admin_mugalzhar

Дәрігер асқазан ауруларының алдын алатын 7 өнімді атады

admin_mugalzhar

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ: ӘЛІППЕСІ — ӘДЕП, МІНДЕТІ — ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.