Қазақстандық оқушылар 26 мамырдан бастап, 17 маусымға дейін жазғы мектепте оқиды. Бірақ мұндай шешімге кейбір ата-аналар әзірден қарсылық білдіріп жатыр. Әсіресе ыстық өңірлерде балаларды салқындатқышы жоқ, қапырық сыныптарда отырғызу дұрыс емес деп санайды. Оның үстіне 20 күндік жазғы мектеп білім деңгейі төмендеген оқушылардың мәселесін шешпейтінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
Мәселен, Ақтөбе облысындағы 400-ден аса мектептің тек тоқсанында ғана кондиционер орнатылған екен. Оның өзінде сыныптарда емес. Соған қарамастан, мамандар жазғы мектеп үшін кабинеттерге кондиционер орнатуға міндетті емеспіз деп отыр.
«Жазғы мектеп оқушылардың білімін жетілдіруге тамаша мүмкіндік» деген мамандардың пікіріне кейбір ата-аналар қарсы. Олар балаларымыздың жыл бойы оқығаны жеткілікті, енді үш ай демалғаны абзал дейді. Оның үстіне күннің ыстығында сыныпта ауа болмайды, өйткені мектептер салқындатқышпен жабдықталмағанын алға тартты.
Алайда мамандар жазғы мектепте оқу дәстүрлі форматтан өзгеше болатынын айтады. Яғни икемді оқу кестесін қолданбақшы. Оқушыларға баға қойылмайды, үй тапсырмасы берілмейді. Алайда жазғы сабақ үшін барлық мектепті салқындатқыш техникалармен қамту міндетті емес екен.
«Оқу кабинеттерінде кондиционердің болуы санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Сыныпты желдету, сосын бір сыныпта барлық 30 баланың бірдей отыруы міндетті емес. Ол жерде икемді оқу графигі болғаннан кейін сыныпты екіге бөлу арқылы оқиды. Яғни балаларға түрлі жағдай қарастырылады», – деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.
Ал Білім және ғылым министрлігі жазғы мектеп оқушыларға міндеттелмейтінін, соңғы шешімді ата-аналар өздері қабылдайтынын жеткізді. Бірақ біз кеңес береміз деп отыр. Сөздерінше, басқа елдерде оқушылардың сабақ үлгерімін шешу үшін оқу жылы ұзартылған.
«Біз оқу жылын ұзартпай, жазғы мектеп ұйымдастырдық. Барлық оқушыларға жазғы мектептен қалмауға кеңес беріп отырмыз. Жазғы мектеп біліміңізді шыңдап, олқылықтын орнын толықтыруға да мүмкіндік береді. Әрине, әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Біреуі ауырып қалады, біреуі жазғы лагерьге барады және басқа да жағдайлар болады. Мұндай жағдайда жазғы мектепке қатысты соңғы шешімді ата-ана мен мектеп оқушылары өздері қабылдайды», – деп мәлімдеді Білім және Ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Жазғы мектепке 9 бен 11-ші сыныптың оқушылары қатыспайды. Олар емтихан тапсырады. Ал мұғалімдер 56 күндік демалысқа тек жазғы мектептен кейін ғана шыға алады.