«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

4 ЖЫЛДА: 427 МҰҒАЛЖАРЛЫҚ БАСПАНАМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Еліміздегі осы уақытқа дейін күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселелердің бірі — тұрғын үй мәселесі. Осы орайда ел халқын тұрғын үймен қамтамасыз ету жолдары да кеңінен қарастырылып, мемлекеттік бағдарламалар да жасақталуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз мәлімдемесінде мемлекеттің негізгі 10 бағытының 5-ші бағытын тұрғын үй мәселесін шешуге арнап, түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айырықша назар аударып, бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндетін қойған болатын. Ал осы мақсатта аудан аумағында соңғы 4-5 жылда қандай жұмыстар атқарылды? Мемлекеттік тұрғын үй қорынан қанша адам баспана алды? Тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болады? Осы және өзге сұрақтар төңірегінде төменде тарқатамыз…

41 624 ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Аудан бойынша соңғы бес жылда 41 624 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл туралы аудандық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдос Қалимағанбетов айтты. Оның айтуынша, 2018 жылы кезекте тұрған тұрғын үйге мұқтаж азаматтар Қандыағаш қаласында «Жастық» мөлтек ауданындағы №1″б», 18, 19 және «Достық» мөлтек ауданындағы 19″б» үйлеріндегі 228 пәтермен қамтылған. Атап айтатын болсақ, 44 жетім бала, 66 бюджеттік мекеме қызметкерлері, 76 әлеуметтік жағынан халықтың осал топтары және 46 көпбалалы отбасы баспаналы болған.
— 2019 жылы Қандыағаш қаласы Есет батыр көшесіндегі 90 пәтерлі №13″а» үй және «Самал» мөлтек ауданындағы 8 пәтерлі №114, 115, 116 тұрғын үйлері және Мұғалжар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі арқылы сатып алынған 5 пәтер, барлығы 119 пәтер мұқтаж азаматтарға берілді. Оның ішінде 22 жетім балалар мен 13 көпбалалы отбасылар баспанамен қамтылды. Ал 2020 жылы Қандыағаш қаласында кезекте тұрған көпбалалы отбасылар үймен қамтамасыз етілді. Атап айтсақ, Мұғалжар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі арқылы сатып алынған 7 пәтер және «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынған «Самал» мөлтек ауданы 2 кварталда 8 пәтерлі №114, 115, 116 үйлер салынып, 24 пәтердің кілті 31 көпбалалы отбасына табысталды, — деді Айдос Қалимағамбетов.
2021 жылы Мұғалжар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі арқылы сатып алынған 4 пәтер де көпбалалы отбасыларға таратылған. Сонымен бірге Ембі қаласы Б.Момышұлы көшесіндегі №11 көппәтерлі тұрғын үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, 45 отбасы, оның ішінде 9 жетім бала, 5 көпбала отбасы, 16 халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары, 15 бюджеттік мекеме қызметкерлері пәтер алған.

1683 АДАМ ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНДЕ ТҰР

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін пәтерлер ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес кезек ретімен және белгілі бір санатына қарай беріледі. Санаттарды атап айтар болсақ, жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алғандар, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары, мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар, жалғыз тұрғынжайы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар. Бүгінде осы санаттардағы 1683 мұғалжарлық тұрғын үй кезегін күтіп отыр.
— Тұрғын үй алуға құқылы халықтардың санаттары бойынша ауданда 92 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, 230 көпбалалы ана, 690 аз қамтылған отбасы, 670 бюджеттік сала қызметкері, үйі апатты деп табылған 1 отбасы пәтер кезегінде тұр. Олардың барлығын бір мезетте тұрғын үймен қамту мүмкін емес. Дегенмен тұрғын үйлер мемлекеттік бағдарламалар аясында кезең-кезеңімен беріледі, — деді Айдос Қалимағамбетов.

КЕЗЕККЕ ТҰРУ ЭЛЕКТРОНДЫ ТҮРДЕ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Тұрғын үй кезегіне тұру мемлекеттік қызмет болып саналады және электронды түрде жүргізіледі. Ол үшін кезекке тұрушының ЭЦҚ кілті міндетті түрде болуы шарт. ЭЦҚ мен kezekte.kz сайтына кіріп, тіркеуден өтіп, өз санатын таңдап, кезекке тұруға өтініш жібереді. Өтініш берушіге құжаттарды тапсырған күннен бастап 30 күн ішінде тұрғын үй кезегіне қою не жазбаша түрде дәлелді бас тарту туралы хабарлама келеді. Хабарламада өтініш берушінің кезек нөмірі көрсетіледі. Азамат құжаттарды онлайн тапсырса, хабарлама eGov порталында жеке кабинетке келеді. ХҚКО-да болса, жеке өзіңіз ала аласыз немесе сізге поштамен жібереді. eGov порталында «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезек нөмірін қарау» бөліміне кіріп, ЖСН жазу арқылы кезек нөмірін онлайн көруге болады.
— Азаматтарды есепке алуды тұрғылықты жерi бойынша ауданның, қаланың жергiлiктi атқарушы органы жүзеге асырады. Тұрғын үй кезегіне тұрушылардың меншік құқығында тиесілі тұрғынжай болмауы керек. Ол туралы мәліметтің барлығын тұрғын үй комиссиясы ақпараттық жүйе арқылы қадағалап отырады. Олар ұсынылған құжаттардың толықтығын, дұрыстығын тексереді. Өтінішті қанағаттандыру немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды, — деді бөлім басшысының міндетін атқарушы.

ПӘТЕР ЗАҢ АЯСЫНДА ҒАНА БЕРІЛЕДІ

Мәлімет беруші Айдос Қалимағанбетов пәтерді бірінші кезекте алатын азаматтардың санаттарын да атады. Айталық, табиғат апаттарының салдарынан баспанасы тұруға жарамсыз болып қалғандар, кәмелетке толғанға дейiн ата-анасынан айырылған жиырма жасқа толмаған жетiм балалар, еңбек шартынан туындайтын мемлекеттiк мiндеттемелер әсерiмен тұрғын үй берiлуге тиiстi не бұрынғы тұрғын үйiн пайдалану мүмкiндiгiнен заңсыз айрылған адамдар, егер бұл басқа жерге көшумен байланысты болса, сайланбалы мемлекеттiк қызметке сайланған адамдар бірінше кезекте тұрғын үймен қамтылады. — Жалпы азаматтарға пәтерді «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74 бабына сүйене отырып, мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерлер тек кезек ретімен және кезектен тыс үй беру ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңында көрсетілген тәртіппен беріледі, — деді ол.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Биыл Ораза қашан басталады?

admin_mugalzhar

4500 ТҰРҒЫН ҚАЛАІШІЛІК АВТОБУС ҚЫЗМЕТІН ПАЙДАЛАНАДЫ

admin_mugalzhar

Қазақстан Ұлттық банкі 200 теңгелік тиындарды айналымға шығарды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.