«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

СУБСИДИЯ ИГІЛІГІ – ШАРУАЛАРҒА

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДЫҢ БІР ЖОЛЫ — СУБСИДИЯЛАУ. БҰЛ БАҒДАРЛАМА ДАМЫҒАН ЕЛДЕРДЕ САН ЖЫЛДАР БОЙЫ ЖАЛҒАСЫП, ОҢ НӘТИЖЕСІН БЕРІП КЕЛЕДІ. АТАЛҒАН ҮРДІС ЕЛІМІЗДЕ ДЕ БІР ЖҮЙЕГЕ ҚОЙЫЛЫП, МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ТАУЫП, ҚАБЫЛДАНҒАН БАҒДАРЛАМАЛАР НЕГІЗІНДЕ БАҒЫТТАРЫ ДА КӨБЕЙДІ. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ОСЫ ЖЫЛЫ ӨЗ МӘЛІМДЕМЕСІНДЕ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛДАУҒА БЕРІЛЕТІН СУБСИДИЯ КӨЛЕМІН ЕКІ ЕСЕГЕ ҰЛҒАЙТУҒА ТАПСЫРМА БЕРДІ. АЛ АУДАН АУМАҒЫНДАҒЫ ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАРЫ МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚАРАСТЫРЫЛҒАН СОЛ СУБСИДИЯНЫҢ ПАЙДАСЫН ҚАНШАЛЫҚТЫ КӨРІП ОТЫР? АУДАНДА ШАРУАШЫЛЫҚТЫҢ ҚАЙ БАҒЫТЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ? СУБСИДИЯНЫ ҚАЛАЙ АЛУҒА БОЛАДЫ? ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ СҰРАҚТАР БҮГІНГІ МАҚАЛАМЫЗҒА АРҚАУ БОЛМАҚ.

СУБСИДИЯ МАЛ БАСЫНА ТӨЛЕНЕДІ
Бүгінгі таңда аудан аумағында ауыл шаруашылығының дамуына үлестерін қосып жүрген шаруа қожалықтарының жалпы саны 400-ден астам. Олардың көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Қара жерге тұқым тастап, егін егетіндер де бар. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Азамат Жиенбай берген мәліметке сүйенсек, бүгінде аудан бойынша 203 шаруа қожалығы, 1 ауылшаруашылық өндіріс кооперативі, 7 ЖШС-і субсидия алып, ірі қара және қой шаруашылығын дамытуды қолға алған. — Шаруаларға берілетін субсидия көлемін облыстық ауылшаруашылық басқармасы белгілейді. 2021 жылы асыл тұқымды мал сатып алу бойынша 58 шаруа қожалығы мен 3 ЖШС-не субсидия берілді. Олар ірі қара, қой, жылқы сатып алды. Сонымен бірге асыл тұқымды селекциялық жұмыстарын жүргізу бағыттары бойынша да мемлекеттік қолдаулар көрсетілді. Айталық, асыл тұқымды ірі қара және қой алды, — деді ол. Айта кету керек, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау ережесі бойынша ірі қара селекция жұмыстарына бүгінде тауарлық аналық басқа 10 000 теңге, асыл тұқымды аналық басқа 15 000 теңге төленеді. Қой селекция жұмыстарына тауарлыққа 2 500 теңге берілсе, асыл тұқымды қойға 4000 теңге теңге көлемінде беріледі. Ал асыл тұқымды отандық ірі қара малын сатып алғаны үшін 150 000 теңге, асыл тұқымды қой сатып алғаны үшін 15 000 теңге қарастырылған. Асыл тұқымды айғыр немесе түйе сатып алғаны үшін 100 000 теңге төленеді.

ЖЕКЕ ТҰРҒЫНДАР БҰҚАЛАРДЫ ЖАЛҒА АЛАДЫ
Аудан аумағындағы халықтың жалпы 50 пайыздан астамы күнделікті тірлігі үшін ауласына кем дегенде екі сиыр, 10 қой ұстайды. Олар үшін сауып отырған сиырының сүтті, етті болуы — маңызды. Осы орайда мал шаруашылығы өнімінің сапасын арттыру мақсатында аудандағы жеке тұрғындар өз малдарына асыл тұқымды бұқаларды табынға қосу жұмыстарын жүргізуде. — Мал шаруашылығының сапасын арттыру мақсатында «Қасай» шаруа қожалығы асыл тұқымды ІІ категориялы бұқаларын жеке тұрғындарға жалға беріп отыр. Осындай әдістерді пайдалана отырып, аналық малдарынан сапалы төл алуға мол мүмкіндік бар. Сонымен бірге «Арман-М» шаруа қожалығынан асыл тұқымды 2 категориялы ангус, ақ бас, герефорд, әулиекөл секілді бұқалар жалға алынуда, — деді ауылшаруашылық маманы.

91 ТЕХНИКА САТЫП АЛЫНДЫ
Бүгінде ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға субсидия көлемі де ұлғайтылды. Ауылшаруашылық министрінің бұйрығымен бекітілген Ережеге сәйкес ауыл шаруашылық техникаларға республикалық бюджеттен 25 пайыз субсидия төленеді. Сонымен қатар 2020 жылдан бастап облыс әкімі О.Оразалиннің ұсынысымен ауылшаруашылық тракторын алған шаруа қожалықтарға облыстық бюджеттен қосымша 10 пайыз төленіп келеді. Нәтижесінде трактор алған шаруашылықтарға 35 пайыз, ал басқа ауылшаруашылық техникаларына 25 пайыз көлемінде бекітілген нормативтерге сәйкес субсидия беріледі. Сонымен қатар «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылық техникаларын лизингке алу кезінде бірінші төлемге (15%) шаруашылықтың қаражаты болмаған жағдайда тиісті субсидияның ақшасын бірінші төлем жасауға мүмкіндік бар. Үкімет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктердің игілігін аудан аумағындағы шаруалар да көріп келеді. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бас маманының айтуынша, аудан аумағындағы шаруалар өткен жылы ауылшаруашылық техникаларының базасын жаңарту мақсатында 92 ауылшаруашылық техникаларын алған. Аталған техникалар шаруалардың өз қаражаттарына және лизинг арқылы сатып алынған.
— Сатып алынған техникалардың 31-і — трактор, 31-і — мал азығын дайындайтын арнайы техника. Сонымен қатар ауданға шетелдік ауылшаруашылық техникалары да сатып алынды. Осы жылдың аяғына дейін 29 трактор және 57 мал азығын дайындайтын техника сатып алу жоспарда бар. Бүгіннің өзінде 6 трактор және 2 мал азығын дайындайтын техника әкелінді. Жылдың аяғына дейін жоспарды артығымен орындаймыз деп отырмыз, — деді Азамат Жиенбай.
МАЛ СОЮ АЛАҢДАРЫНДА БИЫЛ 169 МАЛ СОЙЫЛДЫ
Ауданда мал тұқымын асылдандырумен бірнеше шаруа қожалықтарының айналысып отырғанын жоғарыда атап өттік. Жыл сайын мал басы да артуда. Сонымен қатар оның тұқымын асылдандырып қана қоймай бордақылаумен де айналысатын шаруашылықтар да бар. Аудан бойынша Талдысай ауылдық округінде орналасқан 3 мың басқа арналған ірі қара малын бордақылау алаңы аудан тұрғындарына қызмет көрсететінін айтқан Азамат Жиенбай мал бордақылау алаңына бұқашықтар да қабылданатынын да жеткізді. Сонымен қатар аудан аумағындағы мал сою алаңдарында өткен жылы жалпы саны 592 мал сойылды. Оның 559-ы ірі қара, 12-сі қой, 12-сі жылқы. Ал биыл жыл басынан бері жалпы саны 170 бас мал сойылған.
— Ауданда мал сою алаңдары Қандыағаш қаласында орналасқан «Бірлік-К» шаруа қожалығында және Ащысай ауылдық округінде «Даража» шаруа қожалығында, Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округте «Оркаш-А» ЖШС-де, Жұрын ауылдық округінде «Сәңкібай» шаруа қожалығында бар. Шаруа қожалықтарының иелері аталған мал сою алаңдарына да субсидия алады. Бүгінде бұл алаңдарда ірі қара, қой, жылқы, түйе малдары ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес сойылады. Сойылған малдың еттері Қандыағаш қаласында сенбі-жексенбі күндері өтетін жәрмеңкеде сатылады. Ал Қандыағаш қаласында орналасқан мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу цехының жұмысы бүгінде тоқтап тұр, — деді ол.

5 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕРГЕ ЕГІН ЕГІЛЕДІ
Ауданда егін егу жұмыстары мамыр айында басталады. Бүгінде дихандар жер жырту жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта тұқым тастап, егіннің бітік шығуын күтеді. Биыл шаруалар дәнді, майлы және мал азығы дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Бүгінде қажетті тұқым көлемімен қамтамасыз етілген. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Азамат Асқарұлы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес егіс егетін шаруашылықтарға сатып алынған жоғарғы репродукциялы тұқымдар көлеміне яғни элиталық тұқымға 70 пайыз және І репродукциялы тұқымдарға 50 пайыз субсидия берілетінін жеткізді. Қаржы облыстық ауылшаруашылығы басқармасы арқылы төленеді екен.
— Ауданда егіс егу шаруашылығымен 15 шаруа қожалығы айналысады. Мемлекет тарапынан егін егетін шаруаларға Ақтөбе қаласындағы «Батыс-Жер» ЖШС-і арқылы қажетті арзандатылған дизель отыны бөлінуде. Сонымен қатар егіс шаруашылығына оның ішінде гербицидтер мен минералды тыңайтқыштар сатып алған шығынның 50 пайызын қайтарады, — деді ол.
Осы жылы аудан диқандары 5 000 гектар жерге майлы, дәнді, мақсара, баубақша дақылдары мен тұқымын себуді жоспарлауда. Аудандағы егіншілікпен айналысатын 15 шаруа қожалығы арпа, бидай, мақсара, құмай (сорба), бір жылдық судан шөбін, көп жылдық бидай шөбін егеді.
— Өткен жылы аудан диқандары егіннен өнімді жақсы алды. Аудан бойынша 1600 тонна дәнді дақыл, 300 тонна майлы дақыл жиналды. Осы жылы қыс мезгіліндегі қардың түсімі жақсы болды. Көктем жаңбыры да жақсы жауып тұр. Әзірге жоспарымыз бойынша биылғы егіннің өнімділігі жақсы болатын секілді. Дегенмен егіннің бітік шығуына жауыншашынның мол болуы — маңызды, — деді Азамат Асқарқұлы.

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ МАМАНДАРЫ КЕҢЕС БЕРУГЕ ДАЙЫН
Ауылшаруашылық саласының қай саласына болмасын субсидия беріледі. Айталық, кез келген азамат жер жыртып, егін ексе де, мал бағып, төл басын көбейтсе де, мал бордақылап, мал сою алаңдарын салса да, ауылшаруашылық өнімін өндіріп, тіпті тауық ұстап, жұмыртқа сатса да, субсидияның игілігін көреді. Ол үшін салық басқармасында заңды тіркелген шаруа қожалығыңыз және жайылымдыққа арналған жер учаскеңіз бен мал күтіміне арналған қора-қопсыңыз болуы шарт. Осы шартқа сәйкес келіп, субсидия алуға ниетті мұғалжарлықтар үшін ауылшаруашылық бөлімінің мамандары субсидия жөнінде маңызды ақпараттармен бөлісіп, кәсіби кеңес береді.
— Субсидиялау — біздің ауданда әсіресе, мал шаруашылығын дамытуға үлкен қолдау. Сондықтан біздер өз тарапымыздан шаруаларға субсидия туралы ақпаратты уақытында жеткізуге, құжаттарын дайындауға, қаржыны уақытылы алуына мүмкіндігінше көмек қолын созуға тырысамыз. Мал өсіріп, субсидия алуға ниетті жандарға біз барынша көмектесіміз, — деді маман
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

МҰҒАЛЖАР: МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ 126 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР ҚАЙТАРЫЛДЫ

admin_mugalzhar

Ақтөбе облысында биыл 25 балабақша ашылады

admin_mugalzhar

Ақтөбелік хоккейші қыздар марапатталды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.