«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«ҚУАН АТА ҚҰДЫҒЫ» ҚАЛЫПҚА КЕЛТІРІЛДІ

Жұбановтардай ұлылардың кіндік қаны тамған мекен Жаңатұрмыс ауылындағы «Қуан ата құдығы» қалыпқа келтірілді. Тарихи құдықтың ашылу салтанатына
Ахмет Жұбановтың қызы биолог ғалым Ажар Жұбанова мен жиені Жансерік Шерін, Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінің директоры Аманжол Исмағұлов келіп, арнайы қатысты.

Қалыпқа келтірілген Қуан ата құдығының басына белгітас қойылып, сырты қоршалып, тал көшеттері отырғызыл-ған. Аталған игі іске «Рухани жаңғыру» жобасы аясында биыл құрылып, елдегі өнерлі балаларды қолдауды мақсат еткен «Qazag muzykasy» қайырымдылық қоры қомақты қаражат бөлген. Ауыл тұрғындары келген қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алып, мәдени шара ұйымдастырды.
Ашылу салтанатында сөз ал-ған асылдың сынығы Ажар Ахметқызы бұл құдықтың тарихы 100 жылдан да әрі екенін айтты. Дегенмен әлі де зерттеу жұмыстарын қажет ететінін де тілге тиек етті.
— Бұл жолы ата-жұртымызға келгендегі мақсатымыз — қалыпқа келтірілген атамыздың құдығын көзімізбен көріп, ата-бабамыздың рухына құран бағыштап, тәу ету. Зерттеушілер құдық суын зерттеп, оның шипалы, емдік қасиеті барын дәлелдеді. Енді осы маңға келген болашақ ұрпақ біліп жүруі үшін «туристік жол» жасауды қолға алмақшымыз. Ал бүгінде құдық айналасын саябақ секілді жасап, келушілердің су ішіп, демалып отыруына мүмкіндік жасап отырмыз, — деді Ажар Ахметова.
Өзін Жұбановтардың жиенімін деп таныстырған Жансерік Жанұзақұлы өткен жылы ауылға келген кезде құдықтың көміліп, тастарының құлап қалғанын көрген. Ажар Ахметованың ұсынысымен қалыпқа келтіруді қолға алып, Жаңатұрмыс ауылының жігіттерінің көмегімен құдықтың көзін ашып, тастарын қалап, жөндеу жұмыстарын жүргізген.
— Ауыл жігіттерінің қол көмегінің арқасында 13-ші мамырда басталған қалыпқа келтіру жұмыстары жоғары деңгейде аяқталды. Жан-жағы темір қоршаумен қоршалып, шатырмен жабылды. Сонымен қатар жан-жағына тал көшеттерін отырғыздық. Сондай-ақ құдық басына «Атамның «Қуанның қара құдығы» деп аталатын құдығы 100 жыл бойы жұмыс жасап келеді. Құдық суының емдік қасиеті бар деген мәлімет бар» деген жазуы жазылған бар арнайы тас белгі қойдық. Өз заманында Қуан атамыз патшаға барып мектеп салуға ұсыныс жасаған екен. Бүгінде сол мектеп салынған орынды таптым. Енді сол орынға қоршау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз, — деді Жансерік Шерін.
Кездесу соңында Ағайынды Жұбановтар мемориалдық музейі ұжымы көрме ұйымдастырып, ұлылар туралы тарихи деректермен таныстырды.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда 2022 жылғы діни күндер кестесі белгілі болды

admin_mugalzhar

АУДАН ҰСТАЗДАРЫ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

admin_mugalzhar

Қазақстанда баспана жалдауға субсидия беріледі: Өтінім қабылдау іске қосылды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.