ӘНЕ-МІНЕ ДЕГЕНШЕ 2023 ЖЫЛ ДА АЯҚТАЛЫП ҚАЛДЫ. СІЗ ҚОЛЫҢЫЗҒА АЛҒАН БҮГІНГІ ГАЗЕТ — «МҰҒАЛЖАРДЫҢ» ОСЫ ЖЫЛДАҒЫ ҚОРЫТЫНДЫ ҺӘМ МЕРЕКЕЛІК НӨМІРІ. ГАЗЕТ ҰЖЫМЫ ЖЫЛ БОЙЫ БАСЫЛЫМ БЕТІНДЕ ЖАРИЯЛАНҒАН КЕЙІПКЕРЛЕРДІҢ, БЕЛСЕНДІ ОҚЫРМАНДАРДЫҢ, МАҚАЛАЛАР ДАЙЫНДАУ БАРЫСЫНДА АТСАЛЫСҚАН ӘР САЛА МАМАНДАРЫ МЕН ҚАЛА ЖӘНЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМДЕРІ АРАСЫНДА «ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІН» АНЫҚТАДЫ. ТАҢДАУ ЖАСАУДА ӨЗ ОҚЫРМАНДАРЫНЫҢ КӨМЕГІНЕ ЖҮГІНДІ(У. СОНЫМЕН РЕДАКЦИЯ ҰЖЫМЫ ЖӘНЕ ИНСТА ОҚЫРМАНДАРДЫҢ ДАУЫС БЕРУ НӘТИЖЕСІНДЕ ҮЗДІК АТАҒАНДАРМЕН ТАНЫС БОЛЫҢЫЗДАР.
«ЖЫЛ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРІ» аталымы
Гүлсая ҚУАНДЫҚОВА — Ембі аудандық ауруханасының медбикесі. Ол медицина саласында 32 жылдан бері үздіксіз қызмет атқарып келеді. Сондай-ақ мамандығын мақтанышы санайды. Бұл салаға өмірін арнаған кейіпкеріміз алдына келген науқастан ешқашан көмегін аямайтынын айтады. — 1992 жылы Ақтөбе медициналық училищесін аяқтағансоң, алғашқы қызметімді осы Ембі аудандық ауруханасынан бастадым. Медициналық іс мамандығын бітіргендіктен, әр бағытта жұмыс жасай алатын болдым. Бастапқыда тіс дәрігерінің көмекшісі, медициналық құралдарды тазалаушы тәрізді жұмыстар жасадым. Қазіргі таңда 22 жылдан астам уақыт бойы невролог, эндокринолог дәрігері Насихат Тілегенованың жанында медбике қызметіндемін, — деді ол.
Ол дәрігер болу үшін негізгі болуы керек үш қасиетті ерекше атап көрсетті. Олар – шыдамдылық, жауапкершілік, адамгершілік. Осы үш қасиет мамандықтың асыл тізбегі болатынын тілге тиек етті.