Жеңістің 77 жылдық мерейтойына орай №3 мектеп-гимназиясының кешегі 11-класс оқушылары, бүгінгі түлектері үйіме келіп, мерекемен құттықтады. Сол күнгі әңгімені бүгін қағазға түсіруді жөн көрдім. Оқушылармен әңгімелесу барысында менен «Соғыс жылдары есіңізде ме?» деп сұрады. Мен тосылып қалдым. Себебі ол кезде мен де бала болдым. Одан қалды, әке-шешіміз «соғыс» деген сөзді өзін айттырмайтын. Қолымызға рогатка ұстап, торғай атсақ та қарсы болатын. «Мылтық» дегенді қой деп отыратын. Бүгінде ойлап отырсам, ата-аналарым сол кездегі сұрапыл заманды естеріне де түсіргісі келмейді екен ғой. Біздің бала кезімізде әкемізбен әңгімелесіп отыратын уақытымыз болған жоқ. Олар таңның атысы, күннің батысы еңбек етті. Әкешешеміздің өмірі бейнетпен өтті. Совхоздың өгізі болды десем артық айтқаным емес. Иә, Дәулетбай Қартжанов әкем соғысқа қатысып, бастан жарақат алып оралды. Бірақ оның қай жерде соғысқаны туралы ештеңе білмеймін, себебі ол ештеңе айтпайтын.
Қазіргі Талдысай ауылдық округіндегі Еңбек ауылы менің туған жерім. Сол жерде өсіп, еңбекке ерте араластым. Соғыстан кейінгі ауылдың тұрмысы өте нашар болды. Мектепке барғанымыз болмаса, жазатын дәптеріміз бен қаламымыз болмады. Кітаптың бетіне жазатынбыз. Сөмке деген атауымен жоқ, анамыз шүберектен қалта тігіп беретін. Мектепте оқып жүріп, шөп шауып, жинайтын колхоздың жұмысшыларына сүт тасып, өгіз бағамыз. Еткен еңбегіміздің құнын алу да мұң болатын. Ала алсақ 3-4 келі қара бидай ғана беретін. Анамыз соны талқан қылып, нан пісіретін еді. Біздің балалық шағымыз осылай өтті. Есейген шағымызда сол ауылда жер жырту, шөп шабу секілді совхоздағы ауыр жұмыстардың барлығына қатысып, еңбек еттім. Бүгінде жасым 82-ге келді. Бүгінгі ұрпақтарыма қарап отырып, Аллаға деген шүкіршілігімді үнемі айтып отырамын. Қарттар мен оқушыларды жүздестіріп, балаларға өткен тарихымыз туралы бізден естіп-білуге мүмкіндік жасаған №3 мектеп-гимназиясының директоры Гүлнар Нұртаева бастаған мектеп ұжымына және аталған мектептің түлектеріне ризашылығымды білдіремін. Балаларым өздері қалаған мамандықтарының иесі болсын. Отанымыздың абыройлы азаматы болып, еңбектерінің жемісін көрсін дегім келеді. Бүгінгі ұрпаққа бабаларымыз бен біз секілді адамдардың жүріп өткен жолы үлкен сабақ болары анық.
Әділжан ҚАРТЖАНОВ, Қандыағаш қаласы.