«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Динара НҰРҒАЛИЕВА: «ИСЛАМ ДІНІНДЕ ӘЙЕЛДІҢ МӘРТЕБЕСІ ЖОҒАРЫ»

Ауданға әйелдер арасындағы Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы келген еді. Топ мүшелері қала мектептерін аралап, әйел жамағаттармен кездесіп, «Жат ағымның сипаты және одан сақтанудың жолдары», «Қыз бала тәрбиесі», «Діннің қоғамдағы орны» тақырыптарында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кездесулерден кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы, ҚМДБ әйелдерқыздар секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиевамен сұхбаттастық. Әңгімеміз әйел затының ислам дініндегі мәртебесі, діни сауаты, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен дініміздің сабақтастығы аясында өрбіді.
— Бүгінгі сұхбатымызды ислам дініндегі әйелдердің мәртебесі төңірегінде өрбітсек.
— Бүгінде әйел адамның қоғамда алатын орны ерекше. Соның ішінде ислам дініндегі әйел адамның мәртебесі жоғары. Ал әйелді төмен санап, кемсіту — ислам дінін толық меңгермеген, сауатсыз жандардың тірлігі. Бұл ретте Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың рахымы мен сәлемі болсын) әйелдерге құрметпен қарап, қамқорлық жасап, үйретуге жол бастаған жан. Ислам дінінде әйел адамның орны ерекше екені анық. Құран Кәрімде «Ниса» (Әйелдер) сүресі бар, ал еркектер сүресі жоқ. Ислам дінінде Алла Тағала ер адамға әйелін, баласын, ата-анасын, қолына қараған жақын туыстарын асырап, бағып-қағуға жүктесе, әйелге ондай міндет жүктелмеген. Өйткені әйел адам өмірге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелеу сынды ұлағатты істермен айналысады. Алла Тағала әйелді еркекке аманат етіп, аманатқа қиянат жасамауын да әмір еткен. Бір хадисте былай делінеді: «Әйелдеріңді ренжітпеңдер. Ол Алла Тағаланың сендерге аманаты». Жалпы ислам дінінде әйелдерге арналған хадистер көп, хадистерді оқып отырып-ақ әйел адамның отбасындағы бақыттың көзі, рахымшылықтың құшағы, мейірімділік тірегі екендігін білуге болады.
-Әлеуметтік желіде діни уағыз айтатын ұстаздар көп. Солардың ішінен әйел адамдар кімнің уағызын тыңдағаны жөн деп есептейсіз?
-Жалпы қазақта діннің жілігін шағып, майын ішкен сахаба аналарымыз көп болған. Тіпті салт-дәстүрімізді дәріптеп, ел бірлігін арттыру мақсатында елеулі істер атқарып, тарихта қалған Домалақ, Қарашаш, Айша бибі секілді аналарымыздың өмір тарихи бізге үлкен үлгі. Олардың даналықтары туралы кітаптар оқу әйел затының ішкі жандүниесін кеңейтері сөзсіз. Бүгінде әлеуметтік желілер арқылы діни уағыз айтатын ұстаздар көп. Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың кітаптарын оқып, Оразгүл Асанғазы апайымыз айтқан тәрбиелік сөздерін тыңдаған жөн. Олар қазақ тілінің, дінінің, дәстүрінің, мәдениетінің шын жанашырлары, қазақылығымыздың алтын діңгектері тәрізді. Осы адамдарды тыңдап, өздеріне рухани байлық пен тәрбие үлгісін алуға болады деп есептеймін. Ең маңыздысы, дінді тереңірек білгісе келетін адам мешіттерге барып, арнайы діни сауатты ұстаздардан білім алғаны абзал. Кез келген адамнан дін тақырыбында кеңес сұрауға болмайды. Діни білімі тайыз адамнан алған кішкентай ғана білім алдағы уақытта үлкен қателікке апаруы мүмкін…
— Қазіргі таңдағы исламдағы әйел киімі төңірегінде айтылатын әңгімелер аз емес. Жалпы әйелдер мен қыздар қауымы қалай киінуі керек?
-Жалпы ислам дінінде балиғат жасына жеткен қыз баласының әуретті жерін жауып жүргені абзал. Бұл — қыз баласын сырт көзден, сондай-ақ, түрлі арсыздықтар мен кесірі қоғамға тиетін жамандықтардан сақтау мақсатында ескертілген. Ал мектеп қабырғасында оқитын оқушы қыздар бекітілген мектеп формасын кигені жөн. Мектеп формасы мемлекет басындағылардың бекіткен ережесі. Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың рахымы мен сәлемі болсын) өз хадистерінде басшыға бағыну керектігін ескерткен. Сонымен бірге ислам адамдық қасиетке сай киінуге қатысты кейбір шарттар қойған. Олардың бірі – киімнің дене бөлшектерін көрсететіндей дәрежеде тар немесе жұқа болмауы. Әйелдің әйелдік, еркектің еркектік қасиетінің сақталуы шарт. Бүгінде беттерін бүркеп, паранджа кию мүлде дұрыс емес. Себебі Алла Тағала «бетіңді жап» деп әмір етпеген. Араб әйелдерің бетін жауып жүруі өз елдеріндегі күннің ыстықтығы мен бораған құмнан сақтануды жолы. Тіпті, Меккеге қажылыққа барғанда да қағба алдында тұрған әйел адамның беті ашық болады. Сонымен бірге қазақ ешқашан бүркенбеген, басына қара орамал жаппаған. Өзіміздің ұлттық салт-дәстүрімізде де орамалдың түсіне, тартуына байланысты өз жоралғылары бар. Айталық, келін болып түскен келіншек орамал тартқан, ал бала босанған жас келін кимешек киген, азаматы қайтыс болған әйел ғана қара орамал таққан.
— Әйелдерді діни сауаттандыру мақсатында ауданға арнайы келіп, әйел жамағаттарды жинап, семинар өткізіп жатырсыздар. Осы орайда жалпы қазақ әйелдерінің діни сауаты қандай деңгейде деп ойлайсыз?
— Жалпы әйелдердің діни сауаты бұрынғыға қарағанда жоғары деп айтуға болады. Бүгінде әйелдердің діни сауатын ашу мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда. Өйткені олардың діни сауатты болуы маңызды. 2016 жылдан бастап Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасында әйел-қыздар секторы ашылды. Мен бүгінде осы сектордың меңгерушісі болып қызмет атқарамын. Осы жылдар аралығында мешіттер жанынан қыздарәйелдер клубтарын ашып, оларға дін мен салт-дәстүрлеріміздің сабақтастығы туралы, ұлттық құндылықтарымыз жайында түрлі сабақтар өткіземіз. Отбасында қыздың тәрбиесі, келін мен ененің, ер мен әйелдің арасындағы қарым-қатынас пен міндеттер туралы кеңінен насихатталады. Жалпы қазақ әйелдерінің діни сауаты жоғары болған сайын, олар өздерінің қоғамдағы орнының да жоғары екенін анық түсінеді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде бүгінде нәзік жандылардың киіну стилі қазақылыққа ауысып, кішкене болса да ұлттық нақышқа бет бұрды. Бірақ осы іссапарымда, өңірдегі әйел жамағаттармен кездесіп жүріп, әйелдер адамдардың басымының діни сауатының төмен екенін байқадым. Себебі аудандарда діни тұрғыда тереңірек білім беретін әйелдер ұстазы, жоғары білімді теолог жоқ екен. Менің ойымша сіздердің аудандарыңызға да діни сауатты, «Нұр Мүбәрак» университетін бітірген білікті әйел ұстаз қажет. Бірақ ол үшін келетін діни ұстазға барлық жағдай жасалуы керек деп есептеймін. Әйелдерге діни сауатты осы бағытта оқыған адамның бергені абзал. Сауаттың аздығынан көптеген қыздарымыз өздерінің құқықтарын білмейді, бағыттарын аңғармайды. Соның салдарынан жат ағымның жетегінде кетіп, шетел асып, адам айтса сенгісіз қорлықпен өмір сүріп жүргендері де баршылық.
-Осы тағдырлар арасынан қыздарға сабақ боларлықтай қандай оқиға айтып берер едіңіз?
— Иә, бағытын жоғалтып, адасқан қыздар өте көп. Осы жылдар аралығында қаншама қаракөздеріміз жат елге кетіп, құлдықта болды. Оның қаншасын мемлекетіміз қамқорлығына алып, елге қайтарды. Осы тұста ел басында отырған ағаларымыз бабаларымыздың «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» деген нақыл сөзін жоққа шығармай, үлкен сауапты іс жасады. Ешбір ел біздің елге ұқсап адасқандарын еліне қайтарып жатқан жоқ. Керісінше «өз обалың өзіңе» деген ұстаным ұстайды. Ал мемлекетіміз олардың дұрыс жолға түсіп, дұрыс бағыт ұстануына жұмыстануда. Бізге 14-15 жасар қыздарын жетектеп, «дұрыс жол көрсетіңізші» деп келетін аналар көп. Сол қыздармен жеке сөйлесу барысында олардың теріс жолға түсуінің артында интернет желісіндегі әлеуметтік парақшалардың ықпалы жатқанына куә болдық. Ұрпағымыз дұрыс болсын десек, қыздарымыздың не қарап, не ішіп, кіммен дос болып жүргеніне көп көңіл бөлуіміз қажет. Тағы бір айтатын оқиғам да осы ғаламтордың шырмауымен байланысты. Шет тілін үйренуге ниетті бір жас қыз интернет арқылы тіл үйренбекші болып, бір жігітпен танысады. Тіл үйренудің соңы айналып келіп, интернет арқылы неке қиылып, Сирияға, соғыс болып жатқан жерге тап қылады. Сөйтіп құлдыққа түседі. Міне қарап отырсаңыздар, осы оқиғалардың барлығы да сауатсыздықтың салдарынан болуда. Сол себепті ертеңгі ұрпағымыз саналы да салиқалы болуы үшін аналарымыздың діңгегі мықты болуы шарт.
— Дінімізде әйелдерге қандай міндеттерді орындау парыз етіледі?
-Бұл орайда Құран Кәрімде жақсы әйелдердің Аллаға мойынсұнатыны және күйеулерінің ақыларын орындайтыны, күйеулері жоқ кезде олардың намысын және мал-мүлкін Алланың көмегімен қорғайтыны айтылады. Қыз баланың және әйел адамдардың қадірін ұғынбайтындар, мұсылмандықты білмейтін адамдар. Шын мұсылман әйелдерді лайықты түрде қадірлей білуі керек. Ендеше, осындай дәлелдерге сүйене отырып, ешкім «Ислам діні әйелдерді, қыздарды қадірлемейді» дей алмас еді. Қоғамның басты мақсаты – үйдің ұйытқысы, адамзатты дүниеге әкелуші, көбейтуші болып табылатын әйел адамды сыйлап, қастерлеу, рөлін асқақтатып көтеру. Діни қоғам, не болмаса зайырлы қоғам болсын әйел бұл ана ретінде қарастырылуы керек. Өз анасын қалай қастерлеп, биіктетсе, әйел адамды да сондай деңгейге қою – әр адамның басты қасиетті борышы. Себебі, адамзат болашағы сол адамзатты дүниеге әкелуші «Ана» тағдырына тығыз байланысты.
-Соңғы кездері беташар, сәлем салу, жеті шелпек тарату, бата алу сияқты атам заманнан бері келе жатқан жөнжоралғыларға қарсы тұратындар пайда болды. Бұл адамдардың әрекеттері қазақ қоғамы үшін қаншалықты қауіпті?
-Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін — адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салтдәстүр — ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұланбайтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы батырлық пен ерлік дәстүрін тудырған. Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері — әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ислам ғұламалары әдетғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару ұлттық құндығымызға келтірілгензиянғанаемес, діндібұзушылық болып та табылады. Келін сәлем салса, бата алады, жеті жетпек таратып, бірнеше адамның сауабын алады. Қарап отырсақ, бұның барлығы әдемі, көркем дәстүріміз емес пе?! — —Әңгімеңізге рақмет!
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Интернеттегі бұқаралық ақпарат құралдарының 30%-дан астамы атом электр станцияларының құрылысына арналған

admin_mugalzhar

Қазақстанда 5G байланысын енгізу қашан аяқталады?

admin_mugalzhar

ЕМБІДЕ 20 МИЛЛИОНЫНШЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ҚАТАРЫНА КІРГЕН СӘБИДІ ПЕРЗЕНТХАНАДАН ШЫҒАРЫП АЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.