«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АТАМНЫҢ САҒЫМ ТАРТҚАН КӨРІНІСІН САҒЫНДЫМ

Әдетте ата-әжелер алғашқы немерелерін бауырына басып, «біздің баламыз» деп меншіктеп алып жатады. Мен де атаәжесіне еркелеп, айтқанын істетіп өскен сол балалардың бірімін. Көпті көріп, өмірдің талай белестерінен өткен, жақсылы-жаманды кезеңдерді бастарынан кешірген қазыналы қарияларымыздың бұл жалғаннан түйгені мен алғаны көп. Тәй-тәй басып, ес біле бастаған сәттен жандарынан тастаған емес. Бала кезімнен атамның тізесінде отырып, өнегеге толы, қиял-ғажайыпқа бергісіз аңыз әңгімелерін көп еститінмін. Қазақ шежіресі мен батырлары туралы тарқатып айтқанда, ауызымды ашып, ертегі әлеміне тап болғандай күй кешетінмін. «Ұят болады», «жаман әдет», «жақсы нәрсеге жасампаз бол» деген өнегеөсиеттері ер жетіп, етек жинаған сәтімде өмірімнің дұрыс қалыптасуына орасан зор септігін тигізді.
Менің атам қандай еді?.. Келісті келбеті әлі күнге дейін есімде. Үнемі үстінен ала шапанын, басынан ақ шәлісін тастамайтын. Ақ есекке мініп, ауыл- аймақты аралап, амандығын біліп жүретін. Белуарынан келетін боз тартқан сақалын салалы саусақтарымен тарап отырып, ары-беріні қозғап, ақыл-кеңесін айтып, үйіміздің берекесі болып отыратын. Сағым тартқан осы көріністі қазіргі заманауи қариялардың ішінен көзім сүрінгенше іздеймін. Бірақ, таба алмаймын! Салиқалы сөз сөйлеп, рухани құндылық айтатын ақсақалдарды кездестіре алмай жүрмін. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен айтары аз, берері мардымсыз, сөзі мен ісі үйлеспейтін аталарды көргенде, қарнымның ашып қалатыны өтірік емес…
Айдария ІЗТҰРҒАНҚЫЗЫ, Қандыағаш қаласы

Ұқсас ақпараттар

ОТҚА МАЙ ТАМЫЗУ – ШАМАНИЗМНЕН ҚАЛҒАН ӘДЕТ ПЕ?

admin_mugalzhar

Заң мен тәртіп: “Құқықтық көмек” жобасы аясында Ақтөбеде азаматтарды көшпелі қабылдау жүргізілді

admin_mugalzhar

Хромтауда жел электр стансасы ашылады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.