Елде ас атасы саналатын нан бағасы күн сайын қымбаттап барады. Оны үкімет басындағылар да растап отыр. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда бір жылдың ішінде нанның орташа бағасы 11,5%-ға қымбаттаған. Оның ішінде бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай наны 9,2%-ға, жоғары сұрыпты ұннан жасалған нан 13,5%, қара бидайдан жасалған нан 13,6%-ға өскен.
Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің мамандары аудан аумағында азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқаруда. Оның ішінде барша халықтың күнделікті тұтынатын басты тағамы нан бағасын қымбаттатпаудың жолын қарастыруда. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде «Ақтөбе» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы «Алдияр» наубайханасына 10 тонна арзандатылған ұн жеткізілген. Бүгінде аталған наубайхана нанды Қандыағаш қаласындағы 25 дүкенге 85 теңгеден сатуда. Өз кезегінде «Сәт» супермаркеті, «Айгерім», «Ырыс», «Әсем-ай», «Азамат», «Лунара», «Авань», «Дәрия», «Саян», «Достық», «Досжан», «Айгүлім» дүкендері мен «Нұрай» және «Жастық» шағын маркеттері тұрғындарға 90 теңгеден саудалауда.
«МҰҒАЛЖАР-АҚПАРАТ»