«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕМБІЛІК САЯТШЫ ТАЗЫ ТҰҚЫМЫН «БРЕНД» ҚЫЛУДЫ АРМАНДАЙДЫ

БҰЛ ИДЕЯНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫ ҚОЛҒА АЛҒАН ЕМБІЛІК АЙДЫН ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ «ИТ ТӨРЕСІ — ТАЗЫНЫ» АСЫРАП ЖҮРГЕНІНЕ 7-8 ЖЫЛ БОЛЫПТЫ. ОСЫ ЖЫЛДАР ІШІНДЕ КЕЙІПКЕРІМІЗ ЖЕТІ ҚАЗЫНАНЫҢ БІРІН ӨСІРІП-БАҒЫП ҚАНА ҚОЙМАЙ, САЛ-СЕРІЛІККЕ ТӘН САЯТШЫЛЫҚТЫ ДА НАСИХАТТАП ЖҮР ЕКЕН. ЕРЕКШЕ ТҮР-СИПАТЫМЕН, ЖЫЛДАМДЫҒЫМЕН ДАРАЛАНАТЫН ҚҰМАЙ ТАЗЫНЫ ҰСТАУШЫЛАР ҚАТАРЫ БҮГІНДЕ ТОЛЫҒЫП КЕЛЕДІ. «ДЕГЕНМЕН «ТОРҒАЙ СОЙСА ДА, ҚАСАПШЫ СОЙСЫН» ДЕГЕНДЕЙ, КЕЗ КЕЛГЕН ІСТІҢ БАБЫ МЕН ИКЕМІНЕ ЫҢҒАЙ КЕЛМЕСЕ, «КЕЛІСТІРЕМІН» ДЕГЕНІҢ БОС ӘУРЕШІЛІК. СЕБЕБІ ТАЗЫ ҰСТАП, БАПТАУДЫҢ ДА ӨЗ ҚИЫНДЫҒЫ МЕН ҚҰПИЯСЫ БАР», — ДЕЙДІ АЙДЫН.

Саятшылық — көшпелі қазақ тарихында ерекше орын алған ұғым. Жүйрік атын, құмай тазысын ертіп, аң аулап, құс ілдіріп, өлеңдете таза табиғаттың тынысына еркелей саят құрып, рахат алып демалатын әуесқой кәсіптің түрі болған деседі. Ал саятшылықты хоббиіне айналдырған Айдын қазіргінің тазы ұстаушысы.

— Өзім кішкентай кезімнен тазы асыраймын. Әкем де, атам да тазы ұстап, аңға шыққан. Соларға қарап өскесін болар, осы бір әуесқойлықты өзіме серік қылып, насихаттап жүргеніме 7 жылдай уақыт болып қалды. Тазы бізден бірнеше мыңжылдықтарда пайдан болған. Оған дәлел, тарихтан тамыр тартатын тас ескерткіштердегі қашалған тазыға ұқсас жануарлар бейнесі. Осы іске қызығушылығым болған соң, олардың пайда болуы туралы түрлі деректерді, бабы мен баптаулары жайында қызықты ақпараттарды оқып, жинақтап, зерттегенді де ұнатамын. Қазақстанның түкпір-түкпірінде тазы ұстаушылар бар. Қатары да аз емес. Неше түрлі турнирлер де өтіп жатыр. Алайда өзім арнайылап сол турнирлерге қатыса қоймадым. Оған себеп те көп. Ауылдық жерде болған соң, иттерді тасуың, жеткізуің, тамақтандыруың бар, сол үшін оған әлі мүмкіндік болмай жатыр. Реті түсіп, жағдай жетіп жатса, әрине, ондай мүмкіндіктерді жібергім келмейді,- дейді Айдын. Өзі бала кезден серігі болған «Қазына» атты тазысын өте жақсы көреді екен. Айтуынша, тазы иті өте таза келеді, «сол себепті олардың «тазы» деп аталуы бек мүмкін» дейді ол.

— Тазылардың сана-сезімі ерекше дамыған. Олар бәрін сезеді, әрі иесіне өте жақын болады. Расымен көзіңе қарап бәрін сезіп, біліп тұрғандай-ақ. Адам мен малға шабатын, беталды құрбанын ұстап қыра беретін жануар емес. Тұқымы таза тазының көздерінде от ойнап тұрады, кеуделерін кере, бастарын әрқашан тік ұстап жүреді. Таза болған соң, таза тамақ жеп, таза жерге ғана жатады. Бұл жануар қашқан құрбаны құтыла алмайтын ерекше қасиетке ие. Жалпы 6 айлығынан бастап аң аулауға, аңшылыққа үйрету керек. Ол үшін жіптің ұшына үлкен боп түйілген жүн не теріні байлап, қашып жүгіресің. Оны қуалай өскен күшік тазы ертең жүйрік, аңшы тазы болады. Атты адамға тек тазылар ғана ере алады. Өзім асырап жатқан тазыларымды «Жүйрік», «Ақсүйек», «Алғыр» деп атаймын. Өздерінің ауыратын уақыты болады, сол кезде екпесі мен дәрілерін алып тұрамыз. Әр жылы 1- қарашадан бастап аңшылықтың маусымы ашылады. Сол кездерді ерекше ұнатамын. Ол күндері қанжығамызды да майлайтын кездер болады. Аңшылық маусымында да жануарларды жөнсіз қыра берген дұрыс емес. Әр нәрсенің де өз орны, өз шегі бар, соны ұмытпаған жөн!

Бұл жердегі басты мақсат, аң аулау ғана емес, ата-бабадан жеткен саятшылықты жандандырып, насихаттау. Біз ешқашан аңның да киесі барын, кей жануардың заңмен қорғалатынын жадыдан шығармаймыз. Сөйтіп, қарашадан басталған аңшылық маусымы жайлап ақпан айының аяғына таман жабыла бастайды. Содан кейін біз көктем айынан бастап жүйрік қаншық (ұрғашы тазының атауы) пен жүйрік арланды будандастырып қосып, жақсы күшіктер ала бастаймыз. Қызығушылық танытқан таныс, дос-жарандарға таратамыз. Тазы асыраушылар көбіне қателік жасап жатады. Ол қателік — тазыны үйшікке байлау. Бұл дұрыс емес. Тазы еркіндікте, байлаусыз өсу керек. Тазы ешқашан жабайылық танытып, қабаған болатын ит емес, осыны ескеру керек. Тазы ең бастысы, мал баққан кезде қасыңа нағыз серік бола білетін жануар. Жоғарыда айтып өткенімдей, жылқыға еркін ілесе алатын ит те осы тазы, — деген Айдынның арманы алдағы уақытта «мұғалжарлық тазыны» брендке айналдыру.

Саятшылық — ежелгі өнер

Саятшылық тарихын белгілі бір жылмен шектеу артық болар. Адамзатпен бірге жасап келе жатқан кәсіп десек, қателесе қоймаспыз. Қазақ ұлтының алтын тамыры болып саналатын салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың шырақшысыболып, артына өлмесмұра қалдырған академик Әлкей Марғұланның мынабіртолғамыноқыпкөрелік: «Қазақстанның көптеген ежелгі мәдени ескерткіштерінің ішінде кейінгі кезде назарға аса көп ілінбей жүрген біреуі бар дегім келеді. Ол — саятшылық өнері… Саятшылықтың, әсіресе, қазақ халқының тарихында, мәдени дамуындамаңызы зор болғаны белгілі.

Қазақ тілінде осы саясатшылдыққа байланысты туғанмыңжарымдай сөз бар, олар қазір де небір тарихи жазбаларда, көркем әдебиетте кеңінен қолданылады. Саятшылықты халық ежелден өнердің бір түрі деп бағалаған. Оны пайда табу немесе күнкөріс көзі санамаған. Біз бір кездерде қалың жұртты қайран қалдырып, талайлардың таңдайын қақтырған осынау өнердің біртіндеп сиреп, қайталанбастай болып, жоғалып бара жатқанының куәсі болып отырмыз. Саятшылық — ғажап құбылыс, үлкен өнер, зор ғылым. Ол халық жүрегіне жол тапқан көптеген әдеби, мәдени және музыкалық шығармалар тудырды… Ал дамудың шырқау биігіне шыққан, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған біздің заманымызда сол саятшылдық жоғалып бара жатқанына қайтіп өкінбеске. Саятшылық өнер арқылы халық табиғатпен қоян-қолтық араласып, оған жақындығын сезінетін, енді осы сезім сейілсе, бір кездедамып қанатжайған халық мәдениетінің де бір бөлшегі ұмытылғаны емес пе?» депті.

ҚАЗАҚ ТАЗЫСЫНЫҢ СИПАТТАМАСЫ

Қазақ тазысының бітімі сидаң, жүні сұйық, танауы үшкіл, делдең құлақты, жоны дөңестеу келеді. Басы — тықыр жүнді, жеңіл, әрі ұзынша біткен, жіңішке, тұмсығы сүйір, көбінесе қара түсті; ақ, сары тазылардың тұмсығы қоңырқай, кеңсірігі сәл дөңестеу, көз жанары өткір, көзі үлкен, көбінесе қара түсті (кейде қоңырқай), қиығы тым қысыңқы емес, сопақтау келеді. Тістері ақсиыңқы, азуы үлкен келген. Тазының құлағы шашақты, ұзындығы — 6-8 см, салбыраңқы (шамамен 12- 14 см); мойны сәл қысқалау, бірақ, берік, жауырыны жалпақ, бұлшық еттері шымыр, кеудесі кең, омыраулы, кеуде еттері берік жетілген, салқы, арқасы түзу, кеуде тұсы жалпақ, құйрық жағы сәл дөңестеу, қарны жіңішке, қабысыңқы.

Уикипедиядан

P.S. Ит туралы жақсы да, жағымсыз пікір де айтуға болды. Дегенмен, иттің ішінде тазы тұқымының табиғаты ерек, санасы әдетте итке қатысты айтылатын «қабаған» деген теңеуге жат. Иесіне адал, таза, өзіне сай тектілігін сақтайтын бұл жануар тұқымын көбейткен де дұрыс шығар, бәлкім. Әсіресе, ауылдық  жерде, малшаруашылығына таптырмас серіктес дейді білетіндер. Ендеше, Айдынның арманы орындалса, Әлкей Марғұланша айтсақ, ғажап құбылыс, үлкен өнер, зор ғылымның жандануына үлес қосып, «Мұғалжар брендтерінің» қатары толығар деген үміттеміз…

Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

ЖЕҢІСТІҢ ЖАЛҒЫЗ КУӘГЕРІ

admin_mugalzhar

ЖАРЫҚ АУЫЛЫНА ГАЗ БЕРІЛДІ

admin_mugalzhar

РЕФЕРЕНДУМ ЖАЙЫН ТҮСІНДІРДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.