«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Жылыту маусымына дайындық пысықталды

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов коммуналдық кәсіпорындар жұмысымен танысып, олардың қысқа дайындығын тексерді. Сондай-ақ облыс орталығында құрылысы жүріп жатқан бірқатар көшелердің жолдарын көріп, мердігерлерге нақты міндеттер жүктеді.

Алдымен өңір басшысы «Энергосистема» ЖШС ғимаратында болды. Компания 14 мың шақырымнан астам электр беру желілеріне қызмет көрсетеді. Облыс әкіміне мекеменің негізгі міндеттері мен алдағы жоспарлары туралы баяндаған серіктестік басшысы бүгінгі таңда 250 бос жұмыс орны барын айтты. Жұмысшылардың тұрақтамауының басты себебі — жалақы мөлшерінің төмендігі. Ал серіктестіктегі жалақының өсуі тарифке тікелей байланысты.

Бұдан соң Ақтөбе қаласын орталықтандырылған жылумен жабдықтап отырған бірден-бір мекеме «Ақтөбе ТЭЦ» акционерлік қоғамында болды. Кәсіпорын балансында 8 бу қазандығы, 6 турбоагрегат, 5 су жылыту қазандығы бар. Турбоагрегаттардың жиынтық қуаты — 118 МВт. Станция пайдаланатын негізгі отын — тауарлық газ. «Ақтөбе ТЭЦ» АҚ-на газ жеткізу екі тәуелсіз газ құбыры бойынша («ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ және «APLConstruction» ЖШС) үздіксіз жүзеге асырылады.Ақтөбе облысы бойынша өндірілетін электр энергиясының 11 пайызы — «Ақтөбе ТЭЦ» АҚ үлесінде. Қазіргі таңда кәсіпорын бу-газды қондырғылар цехын тұрғызуда. Бұл стансаның өндірістік қуаттылығын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жаңа цех жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл өңірдің энергия тапшылығы мәселесін ішінара шешеді. Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен құзырлы мемлекеттік органдар жоба уақытында іске қосылып, толық қуатқа шығу үшін барлық тиісті қолдауды көрсететін болады.

Облыс әкімі жұмысымен танысқан келесі коммуналдық мекеме — қаладағы тұрғын үйлер мен мекемелерді, ұйымдарды ыстық және салқын сумен қамтамасыз етіп, сантехникалық қызмет көрсетіп отырған «Aqtobe su-energy group» АҚ. Акционерлік қоғам қызметін қазіргі таңда 150 мыңға жуық абонент пайдаланады, оның 137 мыңы — жеке, 5 мыңнан астамы — заңды тұлғалар.

Аталған мекеменің басшысы Ержан Жексембинов жылына екі рет «ЖЭО» АҚ-мен бірлесіп, магистралды және ішкі кварталды жылу желілеріне гидравликалық сынау жұмыстарын жүргізетіндерін айтты.

Белгілі болғандай, бүгінгі таңда Ақтөбедегі кәріз құрылғыларының 80 пайызы тозып тұр. Кәрізді тазарту құрылғысы өткен ғасырдың 80-жылдары салынған. Бірнеше жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген.

— Халық жылумен және басқа да коммуналдық игіліктермен үздіксіз қамтамасыз етілуге тиіс. Ақтөбеде кәріз жүйелерінің 80 пайызының тозығы жеткен. Мәселені шұғыл шешу керек. Бұдан бөлек, кәріз-тазарту жүйесінің жаңа кешенін салу қажет. Бұл экология саласындағы проблемаларды шешу үшін де маңызды, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

«Aqtobe su-energy group» АҚ диспетчерлік бөлімінің мамандары бір тәулікте 25-30-ға жуық қоңырау келіп түсетіндерін айтады.  Диспетчерлер жұмысымен танысқан облыс әкімі бөлім жұмысын автоматтандыру қажеттігін айтты.

Бұдан өзге Ералы Тоғжанов Есет батыр тұрғын үй алабындағы қазандықты кеңейту жұмыстарымен танысып, Әуеқалашығындағы жаңа қазандықты қарап шықты.

Әуеқалашығындағы жаңа қазандық осы күзде пайдалануға берілмек, 1 қазанда іске қосуға толық дайын. Мұнда қажетті жылу-механикалық жабдықтар, бейнебақылау жүйесі, өрт және күзет дабылы орнатылған.

Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған қазандық 1974 жылы салынған. 43 тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. «Aqtobe su-energy group» АҚ қызметкерлерінің күшімен ескі қазандықты жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ол Әуеқалашығы шағын ауданын жылумен қосымша қамтамасыз ету үшін резервте сақталатын болады.

Бұдан соң облыс әкімі «Южпромснаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Серіктестік бірнеше қызмет түрін атқарады. Облыс әкіміне жұмыс барысын таныстырған мекеме басшылары битум сақтайтын қойманы кеңейтіп жатқандарын айтты. Алдағы уақытта қойма қуаттылығы 10,5 тоннаға дейін жеткізіледі.

Батыс-2, Есет батыр шағын аудандарындағы  және көпшіліктің талқысына түскен 41-разъезд маңындағы Оңтүстік айналма жолдың жағдайымен танысқан Ералы Тоғжанов жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекеме өкілдеріне жұмысты жеделдету керектігін айтып, бірқатар нақты тапсырма берді.

Бұдан кейін облыс әкімі Есет батыр тұрғын үй алабында салынып жатқанмүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысын көрді. Биыл басталған құрылыс жұмыстары жоспар бойынша келер жылдың мамыр айында аяқталуға тиіс. Бес гектар аумақты  алып жатқан оңалту орталығы 5 блоктан тұрады. Бұл нысанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлығы ыңғайлы әрі қолайлы етіп жасалмақ. Аталған нысанның өте маңызды екенін айтқан облыс әкімі құрылысты уақтылы аяқтау үшін барынша күш салу керектігін тапсырды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

Головкиннің келесі қарсыласы анықталды

admin_mugalzhar

Жасұлан АҚМУРЗИН: ЧЕРНОБЫЛЬГЕ ҚАТЫСҚАНДАР ЕЛЕУСІЗ ҚАЛАДЫ

admin_mugalzhar

МАЖИЛИСМЕН СИМОНОВ ПОСЕТИЛ РАЙОН

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.