«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕЛДІҢ ТІРЛІГІН ЖАЗСАМ ДЕП…

Егделікке әркім әр түрлі келеді. Біреу аға болып білдірмей келеді. Өз төңірегіне, ауыл аймағына кісілігімен нұрын төге келеді. Ал енді біреу мен мұндалап, “неге мені білмейсіңдер” деген сияқты “аға” болып келеді. Сондықтан абыройлы атану да әр азаматтың арманы болса керек. Ондаған жылдар бойы идеология саласында ақылдаса жүріп қызмет атқарған Қуаныш інімнің де ағалықтың баспалдағынан аттағанын естіп, жасына жас қосыла берсін, келешекте алла қуат берсін деген шынайы тілегімді жолдап отырмын.

Қуекең 1947 жылы бұрынғы Темір ауданына қарасты жусаны мен шағыры жайқалған, төрт түлік малы Темір өзенінің арғы беті мен бергі бетін толтырып, ауыл аймақтың берекетті несібесі болған, жер ұйығы «Ел Қандыағаш» елді мекенінде дүниеге келген. Қуаныш мектептен кейін әу бастан-ақ, журналистика жолын қуып, Алматыда білім алды. «Елдің тыныс-тіршілігін, туған өлкесінің әсем табиғатын, тарихи оқиғаларын жазсам» деп армандайтын еді. Кейіннен осы арманына жетіп, оны жазды да.

Аудандағы баспасөз саласының дамуы жолында, газеттің өз оқырманын қалыптастыруына, елдің рухани байлығын толықтыруға үлес қосуда зор еңбек сіңіре білді. Сол еңбек жолында әр кезеңде «Октябрь туы»-«Знамя Октября», «Қандыағаш», «Мұғалжар» атауларымен белгілі аудандық газетте тілшіліктен бастап, редактордың орынбасары, бас редактор қызметтерінде болып, баспахана басқарып, 45 жылдан астам аянбай еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққалы да бірталай уақыт болыпты. Өзінің өскен өңірінде туған жерінен табан аудармай, талмай жұмыс істеген бір адам болса, ол Қазақстан Журналистер Конгресінің үш мәрте делегаты, «Ұлы Отан соғысының естелігі», «Қандыағаш», «Мұғалжар-жаңалықтың жаршысы», «Өшпес даңқ» тарихи-танымал кітаптарының авторы, ҚР Президентінің «Алғыс хаты», ҚР Мәдениет және ақпарат Министрлігінің екі мәрте құрмет грамоталарының иегері Қуаныш Кенжеғалиевтей-ақ болар.

Мен үшін Қуаныш өзінің ешкімге ұқсай бермейтін өзгеше бітімімен, бұлталағы жоқ кішіпейіл қалыбымен, сөздің қадірін көтеріп, тура сөйлеп, тік жүрер азаматтығымен, ел құндылықтарын қызғыштай қаритын ұстанымымен танымал сиректердің бірі, бірегейі. Кәсібін ардақтап, журналистика дейтін тарихы терең, тағылымы мол айдында өзіндік қолтаңбасымен екі ғасыр тоғысындағы ауыр жүкті әрі қаламгер, әрі ұйымдастырушы-басшы, әрі тәлімгер ретінде шаршамай көтерген үлкен азамат.

Осы өтпелі кезеңдердің бәрінде біз біреуіміз комсомол, партия, кейін аудандық әкімшіліктің жауапты қызметтерінде, біреуіміз газет саласында иық тіресіп қызықты жұмыс атқардық, тату болдық. Бірге қызметтес болған кезеңдерде Қуаныштың ойын-тойларда, дастархан үстінде суырып-салма ағылтып шығаратын арнау өлеңдеріне мәз болатынбыз. Қуекеңнің ақындығы, әсіресе, өзінің жандай құрдасы Жолмырза қажымен кездесе қалғандағы екеуінің ақындық өнері тіпті айтысқа да ұласып кететін. Әрине, бұл да дарынның бір қыры. Осы айтып отырғанымның бәрі өткеннің елесі емес, қазіргі өмірдің белестері.

Менің 2018 жылы Қостанай баспасынан шыққан «Қалмаққырған» атты көркем-әдеби кітабыма да шынайы ниетін білдіріп, «Қаламы қарымды ағаға бір тілек» деп аталатын жазушылық ұсыныстарына да ризамын. Айтуға оңай, бірақ «жүкті көтерген біледі» деген бар. Баспасөз қызметінің қыр-сырын меңгеріп, шынайы журналист екендігін Қуаныш талай мәрте дәлелдеді. Бүгінде мерейлі жетпіс бес жасқа шыққан Қуанышқа көз көрген, біздер сияқты алдыңғы толқын ағалары және Қуекең көзайым болған іні-қарындастары мерейтойымен құттықтап, «жасына жас қосылсын, қатарымыздажүрсін» деп тілек айтамыз.

Амангелді ШУНИМОВ, мемлекеттік қызметтің ардагері, Мұғалжар ауданының құрметті азаматы.

Ұқсас ақпараттар

Көктемгі тасқыннан орталық және жергілікті билік сабақ алу керек — Қ.Тоқаев

admin_mugalzhar

Мәжіліс Ұлттық қордан балаларға төлем жасау заңын қабылдады

admin_mugalzhar

ӨМІРІ ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ЖАН

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.