«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ақтөбелік команда «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесінде үшінші кезеңнің нәтижесі бойынша көш басындағы үштікке кірді

Қазақстанда алғаш рет республикалық «Ұлы Дала Жорығы» ат спорты марафоны өтіп жатыр. Аталмыш шараға Ақтөбе облысының өкілдері белсенді ат салысуда.

«Ұлы Дала Жорығы» – бұл әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ жалпы республикалық ат спорты марафоны. Онда Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстары секілді елдің алты өңірі қамтылады.

Жобаның мақсаты – Қазақстанмен тікелей байланысы бар танымал бренд жасау, ұлттық мәдениетті халықаралық аренаға шығару, жастарды ұлттық мәдениет пен тарихты зерделеуге тарту, спорттық шеберлік пен толеранттылық құндылықтарын тәрбиелеу. Марафон отандық туризм мен ұлттық спортты дамытуға серпін береді деп күтіліп отыр.

Қазақстанның барлық өңірінен жүз шабандоз қатысып жатқан марафон 17 қыркүйекте Нұр-Сұлтандағы «Қазанат» ипподромында салтанатты түрде ашылды. Марафоншылар қыркүйектің 18-29 аралығында 12 күн ішінде елордадан Түркістан қаласына дейін 1200-ден астам шақырымды жүріп өтеді.

Үшінші кезеңнің қорытындысы бойынша шабандоздар 300 шақырымдық межені еңсерді. Көшбасшылар үштігінде Маңғыстау облысының, Шымкент қаласы мен Ақтөбе облысының командалары бар.

Ақтөбе облысының атынан Жасұлан Елубаев, Сейілғазы Аймағамбетов, Бекқали Болатбеков, Бейбарыс Итешов пен Әлихан Мұхамбетов қатысуда.

Ақтөбе облыстық «Бәйге» федерациясының директоры, Ақтөбе құрама командасының басшысы Азат Жүкен ат спортымен айналысатын қауымның мұндай жарысты 20 жыл бойы күткенін атап өтті.

Азат Жүкен: «Өзім 10 жасымнан атқа мініп келемін. 2004 жылдан бері біз осындай 300-400 шақырымдық сапарларға шығып, төрт ауданнан араладық. Біз осындай марафондарды армандадық. Жоба жайында білген бойда ұзақ жолға шыдамды ең мықты, төзімді аттарды таңдап алдық. Шабандоздар – 15 жылдан бері бәйгелерге қатысып, жеңімпаз атанып жүрген жігіттер. Марафоншыларымызды тек жеңіс тұғырынан көресіздер», – деп уәде берді.

Ұйымдастырушылар барлығын ұсақ-түйекке дейін қарастырған: марафонға қатысушылар Ұлы даланың рухын сезініп, түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаш хан кесенелеріне зиярат ету мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, Қазақ хандығының тұңғыш астанасы, түркі руханиятының бесігі саналатын Созақ қаласына, Түркістан қаласына, Әзірет-Сұлтан кесенесіне соғады.

Марафон-бәйгенің барлық кезеңін еңсерген команда Түркістан қаласына рекордтық қысқа мерзім ішінде жетіп, «Ұлы Дала Сарбазы» атағын иеленеді де 30 млн теңге көлеміндегі бас жүлдені, ал екінші, үшінші орындарды иеленген командалар 20 млн теңге және 15 млн теңге көлеміндегі сыйақыны алады.

Марафон байқауының ұйымдастырушысы – «The Great Steppe Tour» қоғамдық қоры мен ұлттық спорт қауымдастығы.

Ұқсас ақпараттар

ЖОСПАР: 5500 БАЛАНЫ ЫСТЫҚ ТАМАҚПЕН ҚАМТУ

admin_mugalzhar

Қазақстандық жүргізушілер жол-көлік оқиғасын полиция көмегінсіз рәсімдей алады

admin_mugalzhar

Қазақстанда коммуналдық қызметтердің тарифтері қаншаға көтеріледі

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.