Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірдің жол құрылысы саласындағы маңызды жобалардың бірін іске қосты.
Негізінен, 2021 жылы құрылысы басталған республикалық маңызға ие «Ақтөбе – Қандыағаш» тас жолын қайта салу жобасын іске асыруды облыс әкімі ерекше бақылауға алған болатын. Жобаның өңір үшін маңыздылығын ескере отырып, Ералы Тоғжанов қысқа мерзімде жолды пайдалануға беруді тапсырды.
Бүгін төрт жолақты тас жолдың бір жақ бөлігі көлік қозғалысына ашылды.
Жол учаскесінің 11-52-шақырымында «СП «Сине Мидас Строй» ЖШС, 52-100-шақырымында «Ассана ДорСтрой» ЖШС құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жолды пайдаланатындардың қауіпсіздігі үшін мердігерлер мал айдайтын 16 өткел, 18 көпір салады, оның екеуі аяқталған, сондай-ақ, 60 су өткізгіш құбыр орнатады.
Жалпы, жобаға 293 бірлік техника, 425 адам жұмылдырылды.
Тас жол толықтай 2023 жылдың қараша айында халық игіліне беріледі.
Н.АРМАНҚЫЗЫ, «Ақтөбе» газеті.