Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Президенттің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және өңірлерді өз ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының орындалу барысын тексерді, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жұмыстарының нәтижелерімен танысты.
Алдымен Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясына барған өңір басшысы кәсіпорын жұмысының нәтижелерін, аграрлық ғылымның практикалық тиімділігін арттыру арқылы облыстың агроөнеркәсіптік кешенін инновациялық бағытта дамытудың жоспарларымен танысты.
66 жылдық тарихы бар станцияда ақтөбелік ғалымдар тәжірибе мен өндірісті ұштастырып келеді. Олар ірі шаруашылықтар базасында сұрыптардың өнімділігін арттыру үшін егіншілікке инновациялық тәсілдерді енгізген. Жаңа технологияларды сынақтан өткізіп, демонстрациялық шаруашылықтар құрып, отандық және шетелдік әріптестерімен бірлесе ғылыми-зерттеу әзірлемелерін жүргізуде. Ауданы 8 мың гектардан асатын учаскелерде дәнді, жемшөп және майлы дақылдардың бірегей және элиталық тұқымдарын өндіріп отыр.
Дегенмен, ғалымдардың мал шаруашылығы саласында инновациялық даму және эксперименттер жүргізу үшін базасы жоқ.
Станция басшылығы облыс әкімінен ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізуге және материалдық-техникалық базаны нығайтуға көмек сұрады. Облыс әкімі кәсіпорынның өзекті мәселелерін шешуге жәрдемдесетінін айтып, уәде берді. Өйткені станцияның өңір, жалпы Қазақстан үшін маңыздылығы жоғары.
Станциядан соң, Ералы Тоғжанов Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары ауыл шаруашылығы колледжінде болды. Оқу орнында мемлекеттік тапсырыспен 13 мамандық бойынша 743 студент білім алады. Дуальді оқыту жүйесі қолданылатын колледжде жылыжай кешені, жеміс бағы, дендропарк, тәлімбақ бар. «Жас маман» жобасы аясында өндірістік корпус жаңа ауыл шаруашылығы техникасымен жасақталған. Ал колледж жатақханасы 320 орындық.
Облыс әкімі білім беру мекемесі алдында мамандықтар тізбесін қайта қарап, құс шаруашылығы мамандарын даярлауды оқу бағдарламасына енгізу міндеттерін қойды.
Аумағы 9,5 гектар болатын «Green House Kazakhstan» жылыжай кешені жылына 6 мың тоннаға дейін көкөніс, ал «Green Capital Kazakhstan» жылыжайы 14 мың тоннаға дейін қызанақ өсіреді. «Green Capital Kazakhstan» жылыжай кешенінде мол өнім алуға мүмкіндік беретін бесінші буынның жаңа технологиясы, ультраклиматтық жүйе қолданылады. Өнімдер еліміздің өзге өңірлерімен қатар Ресей Федерациясына жөнелтіледі. Облыс әкімін өнімнің нарыққа шығатын бағасы қызықтырды.
Ақтөбе хром қосындылары зауытының жұмысы да Ералы Тоғжановтың назарынан тыс қалмады. Алып кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысқан өңір басшысы тазарту құрылғыларын қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Зауыттың 2 цехында 11 электрофильтр ауыстырылған. Құрылғы ауаға шығарылатын зиянды заттарды 40 пайызға азайтуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ автоматты шайқау жүйесі бар заманауи сүзгілер орнатылады. Шыққан қалдықтардың 60 пайызы өндіріске қайтарылады. Модернизациялау жұмыстары екі жылдың ішінде толық аяқталады деп жоспарланған.
Ералы Тоғжанов келер жылы облыстағы барлық ірі өнеркәсіп пен өндіріс орындарын жаңғыртуға қатысты меморандумдар жасалатынын айтып өтті.
Бұдан соң облыс әкімі «Табыс» коммуналдық және көтерме базарларында болып, ондағы сауда қатарларын аралады. т, балық, сүт өнімдері, көкөністер мен жемістердің бағасын бағамдады.
Өңір басшысы сондай-ақ, жылына 10 800 тонна шұжық өнім шығаратын «Рокос Ко» ЖШС ет комбинатында болды. Компанияда өндірістің әрбір кезеңін қадағалауға мүмкіндік беретін ISO 9001-22000 сапа жүйесі енгізілген.
Ақерке САТЫБАЛДЫ, «Ақтөбе» газеті.