«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

80 ЖАСТАҒЫ ӘЖЕНІҢ 70 ЖЫЛДЫҚ КОЛЛЕКЦИЯСЫ

Тиындарды тірнектеп жинайтындарды «нумизмат» деп атайды екен. Бір қызығы, бұл ақшаға құмарлықты емес, тарихқа қызығушылықты білдіреді. Дәл осылай коллекциясындағы түрлі тиыннан сол заманның тарихын көре білетін «нумизмат» әжей Несіп Қуандықова Мұғалжардың Жағабұлақ ауылында тұрады. Көне тиындар жинаумен әуестенетін әжейдің жеке мұражайында ХІХ ғасырда шыққан ескі тиындар да бар. Басым бөлігі Ресей патшасы І Петр мен Елизавета және ІІ Екатерина патшайымдары билік құрған тұстағы мыс, күмістен жасалған көне тиындар.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз 80 жастағы Несіп әже тиынға деген балалық қызығушылықтың қалай саналы әуесқойлыққа алып келгенін айтып берді.

— Қолымдағы көне тиындар жинағанымның бір бөлігі ғана. Басымы көшіп-қонып жүргенде әр жерде қалып қоя беріпті. Қазір немерелерім қызықтап, сұрап отырғанда, осылай алдыма шашып жіберіп, таныстырып айтып отырамын. Негізінен әрбірінің өз тарихы, кезеңі бар. Менде тіпті ІV ғасырдағы Рим империясының тиындары да болған еді. Оны әкем кішкентай кезімде қолыма бергені есімде. Бала болғаннан кейін, сондай қуанып, қымбат көрінгені сонша дереу апарып тығып қойыппын. Кейін өсе келе сұрағанымда әкем сол тиын Рим империясы кезінде шыққан тиын екенін, саудада үлкен рөл ойнағанын айтқан еді. Тиын жинауға деген қызығушылығым сол бала кезден бастап оянған болар деп ойлаймын. Өзім үш ағайындымын. Ұл бала болмағандықтан, мен әкеме жақын өстім, қасында жүріп кез келген шаруаға білек сыбана кірісіп жүретінмін. Тұрмыс құрғанымда көпбалалы ана болсам деп армандайтын едім. Алла тілегімді қабыл етіп, отағасымен бірге 9 бала тәрбиелеп өсірдік. 5 ұлым, 4 қызым бар. Өзім ұлдың ортаншысының қолында тұрамын. Бәрі де өзіме жақын жерде тұрады. Демалыстарда, той-томалақта бірге бас қосамыз. Отағасы осыдан 3 жыл бұрын қайтыс болған еді. Аз көрген жоқ. Балаларының алдында өзінің сәнімен кетті ғой, жарықтық. Сол отағасы кезінде совхозда бір кездері жақсы қызметте, лауазымда болды. Біреуден ілгері, біреуден кейін деп шамасы келгенше бізге жоқтықты көрсетпеді.

Балаларға да жағдай жасап барынша бәрін алып беруге тырысты. Коллекциямның толығып, тиын жинауға шындап кірісуіме отағасының әкеп берген тиындары әсер етті десем де болады. Ол кісінің өзі де тиын жинағанды ұнататын еді. Уақыт өте келе әрі қарай жинай бер деген ниетпен, 3-4 тиынын маған тапсырды. Содан бері әр уақытта өзгеріп отырған тиындарды жинап, бұрынғы коллекцияма қосып жүрдім. Қазақ болғандықтан тойларға жиі барамыз. Кәдесіз той өтпейтіні де белгілі ғой. Шашу да шашылады. Күні бүгінге дейін ірілі-ұсақты тиындарды шашу қылып шашу үрдісі әлі де жалғасып келе жатыр ғой. Міне, мен көбіне сол шашудан түскен тиындарды жинайтынмын. Расымен қызығатынмын. Жинап қойған тиындарыма қарап, одан сайын қызығушылық арта түсетін еді. Біраз тиынымның қалай жиналғанын ұмытып та қалдым. Жылдар өте бәрі де көмескіленеді ғой. Бірақ мен асып бара жатқан әуесқоймын деп те айта алмаймын. Себебі онымен айналысатын адамның жөні бөлек болады.

Теледидардан түрлі бағдарламалар болып жатады ғой. Содан бірде бір хабарды көрдім. Хабар жүргізушісі мерекелік монеталарды жинаушы жас нумизматпен кездесті. Сұхбаттасты. Бір байқағаным, әуесқойлық та бір аурудың түрі сияқты екен. Алдындағы тұрған түрлі тиындар көздің жауын алады. Әрі ерекше қорапшада сақталып тұр. 100 теңгелік мерекелік монетаның өзін 100 мың теңгеге сатып алғанын айтып жатты. Мерекелік монеталар болғандықтан санаулы мөлшерде шығатынын, ал оны дер кезінде алып үлгермесең, «алыпсатарлардан» қымбат бағада алуға тура келетінін айтып өтті. Бұл да бүгінгі таңда жаңаша кәсіптің түрі тәрізді көрінді. Сондай-ақ Лондонның ақша шығаратын фабрикасында біздің теңгені көркем бейнесі үшін аса құрметтейтінін естідім. Расымен қарап отырсаңыз, төл теңгеміз асқан шеберлікпен жасалған. Жалпы коллекционер болсын, қарапайым адам болсын, ақшаны дұрыс жинай білуі керек. Қазір қолымдағы тиындарды тапсырып, жаңаша, нарықта жүретін түріне ауыстыруыма да болады. Алайда бұл тиындардың тарихын, әр кезеңде қалай қолымызға жеткенін есіме түсірсем, қимаймын, сол себепті де өшпейтін естелік деп сандығыма сақтап келе жатырмын. Әрі бұл жәдігерімді ұрпағыма да солай сақталуын тапсырғым келеді. Бұл да бір тарих. Ескі тиындарды қолыма ұстап отырғанда сол кезеңдерге барып қайтқандай күй кешемін. Қазір бәрі де шүкір, жақсы жағдайда ғой. Ақшаның да сұрауы бар. Оны берекетсіз шашуға да болмайды. Осы тұста жастарға бір кеңес айта кетейін. Ақшаны сауатты жұмсасаң, сен аз ақша тапсаң да бәріне жеткізе аласың әрі жинай аласың. Ал керісінше, көп тапсаң да жетпейтін болса, сізге міндетті түрде өзіңмен жұмыстануың қажет болады. Артыңа аздан болса да жинайтын болсаң, кейін сол жиналған ақша қаншалықты көбейгенін көресің. Бірден дүкенге жүгірмей, тек алатын заттың тізімін жазып барып, сауда жасасаң, тапқан табысыңның оңды-солды шашылмағанын байқайсың. Қазір жастар бәрін алғысы келеді. Немесе ақша ұстай алмайтын болсаң, үйде кім жақсы ұстауға икемді соған тапсырған дұрыс.

ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕК…

Монета жинау дүние жүзі бойынша ең көп тараған хобби түрі. Ең алғашқы коллекторлардың бірі белгілі ақын 1304 жылы өмірге келген Петрарки екен. Оның монеталар жинаудан ең үлкен топтамасы болған. Монета жинаушы басқа адамдарға қарағанда әр елдің, әр мемлекеттің мәдениеті ментарихы туралы көбірек біледі. Монеталар 3 типке бөлінеді: Естелік — яғни кез келген нақты оқиғағаға байланысты қалған монеталар; Мерей тойлық — белгілі бір оқиғалардың жылдығына басылған монеталар; Кенші – металл кеніші немесе жаңа шахтаны ашу барысында басылған монеталар. Монеталардың көпшілігі осындай алтын, күміс, палладий сияқты қымбат металдардан соғылады. Сондықтан металдар үшін үнемі өсіп жатқан баға хобби сияқты, ол сондай-ақ болашақта тамаша инвестицияның көзі болуы әбден мүмкін.

Жазып алған Айдана Алтыбаева

Ұқсас ақпараттар

Бірінші сынып оқушыларына қыста қосымша демалыс беріледі

admin_mugalzhar

ОБЛЫСТЫҢ ҮЗДІК ВОЛОНТЕРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

admin_mugalzhar

Аргентина 36 жылдан соң футболдан әлем чемпионатында жеңіске жетті

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.