«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ералы Тоғжанов әлеуметтік нысандардың жылумен қамтылуын тексерді

 

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов әлеуметтік нысандардың жылумен қамтылуын тексерді. Бұл мәселеге қатысты ақтөбелік тұрғындардың да шағымдары бар.

Өңір басшысы Ана мен баланы қорғау орталығында болды. Науқастар медициналық мекеменің салқын екенін айтып жүр. Тексеру нәтижесі бойынша Ералы Тоғжанов жылыту маусымына дайындықтың қанағаттанарлықсыз болғанын, бөлімшелердің салқын екенін, терезелерінен жел соғып тұрғанын айтып өтті.

«Сіз қалайша жылыту маусымына дайын деген құжатқа қол қойдыңыз?! Мұнда адамдар, әсіресе балалар емделуге келеді, ем қабылдайды. Ал қазір керісінше бәрі тоңып отыр. Үш күннің ішінде мәселені шешіңіз, палаталарда нормаға сәйкес, жылы температура болуы тиіс. Ешқандай суық жел соқпауы керек», — деп облыс әкімі бас дәрігерге қатаң тапсырды.

Білім мекемелерінің арасында №3 және №53 мектептерде де жылумен қамту туралы проблема бар. Мәселен, №53 мектепте терезелерінен жел соғып, салқын болғаннан бөлек, спорттық залдың жылыту жүйесі аяздан қатып қалған. Бұл мәселені облыс әкімі жіті бақылауына алды. Ертең таңғы сағат 9-дан бастап спорттық залға жылу берілуі керек, ал екі күннен соң терезелер жөнделіп, ғимараттағы температура қалыпқа келуі тиіс. Ал №3 орта білім беру нысанының спорттық залында температура 14-15 градустан аспайды. Жақын күндері жылыту жүйесінің айналымын дұрыстайтын сорғы іске қосылғаннан кейін бұл мәселе күн тәртібінен алынады.

Облыс әкімі Батыс-2 шағын ауданындағы №1 Г үйінде болды. Дұрыс жылытылмайтын үйдің тұрғындары өңір басшысымен әңгімелесу барысында соңғы 2 күнде жағдайдың жақсарғанын, пәтерлердің жылығынан алға тартты.

Бұдан өзге, Ералы Тоғжанов 12 ықшамаудандағы көпқабатты үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Жоба осы айда аяқталуы тиіс болған. Алайда, бүгінде жұмыстардың тек 90 пайызы орындалыпты. Нысанды өңір басшысы 2023 жылдың маусымынан кешіктірмей, пайдалануға беруді міндеттеді.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жақын күндері Ақтан Керейұлы және №35 мектепке барар жол тегістеледі. Бүгін Ералы Тоғжанов қаланы аралау кезінде бұл жолдарды арнайылап барып, көрді. Айтып өткен жөн, №35 орта мектепке баратын жолдың жай-күйін өңір басшысына Ақтөбе қаласының тұрғыны айтып, шағымданған еді.

11 ықшамаудандағы «Табыс» шағын базарының тыныс-тіршілігімен танысу кезінде тұрғындар тарапынан өтініштер де болды. Ақтөбелік әйел немересін мектепке апарарда ойық-ойық жолдар келеңсіздік тудыратынын айтып, көңілі толмайтынын жеткізді. Ералы Тоғжанов қысқа мерзімде Ақтөбе қаласының негізгі жолдарындағы шұңқырлар жойылатынын сөз етті.

Шағын базарды аралау барысында облыс әкімі шаһар орталығында ескірген сауда павильондарын жаңарту жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бұл тек өнімді сатуға жағдай жасау емес, жалпы қаланың келбетін жақсартуға мүмкіндік береді.

Өңір басшысының назарына үйден түрлі өнімдер дайындап сатумен айналысатын қыз-келіншектер ілікті. Олар көкөніс пен жидектерді өз саяжайларында өсіретіндерін айтты. Кейбіреулері 10 жылдан бері шағын базарда саудамен айналысады.

«Өте дұрыс. Жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытып, жұмыс істеймін деген азаматтарға қолдау көрсетеміз. Қазір облыс аудандарында осы бағыттағы жобаны жүзеге асырып, тұрғындардың жеке шаруа қожалықтарын дамыту арқылы әл-ауқатын арттырамыз. Ал павильондарды жөндеуге келер болсақ, алаңдамаңыздар, оның сіздерге ешқандай кері әсері болмайды», — деді Ералы Тоғжанов.

Сатушылар бұл бастамаларға оң көзқарастарын білдірді.

«Біз бұл туралы бүгін ғана айтып отыр едік. Жабық, жылы орындар болса екен деп армандайтынбыз», – дейді шағын базарда соңғы 3 жылдан бері өзі өсірген жидек, көкөністерді және қолдан жасалған консервілерді сататын Гүлнар Лопатенко.

Кірпішті ауылы маңындағы Елек өзені арқылы өтетін көпір мен Ақжар тас жолын қайта жөндеу жұмыстарымен танысқан облыс әкімі мердігерлерге алдын ала қажетті материалдарды, соның ішінде жол битумдарын жинақтауды тапсырды. Бұл жол жұмыстары маусымы басталған кезде асфальт төсеуді бірден кірісіп кетуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, көпір мен жолды қайта жаңғырту жобалары 2023 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Мердігер көпірдегі өткелді қазан айында ашуға уәде берді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар

Мұғалжар ауданы: құрылыс жұмыстары мен инвестиция тартуға көңіл бөлінуі тиіс

admin_mugalzhar

ОҚУШЫЛАРҒА ОҚУ ҚҰРАЛ ТАБЫСТАЛДЫ

admin_mugalzhar

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА 10 КҮН ҚАЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.