Қандыағаш қаласында Ауған соғысында қаза болған жауынгерлердің құрметіне «Естен кетпейтін Ауғандағы тарих» атты еске алу қабырғасының ашылу салтанаты өтті. Аталған шараға аудан әкімі Асқар Шериязданов, республикалық «Ауғанстан соғысы ардагерлерінің кеңесі» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Марат Қойлыбаев, Ақтөбе облыстық Ауғанстан соғысы интернационал жауынгерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аслан Балқасымов, аудандық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жаңбырбай Сағынтаев және Ауған соғысының ардагерлері мен жақындары, қала тұрғындары қатысты.
Шара барысында Асқар Шериязданов бейбіт заманда жат жерде соғысқан жауынгерлердің ерлігі туралы айтып, тарих бетінде қанды ізін қалдырған соғысты толғаныспен еске алды. Ал Аслан Балқасымов пен Марат Қойлыбаев жауқазын жастық шағында қару асынып, от пен оқтың арасында мұң арқалаған жауынгерлерге әрдайым құрмет көрсетілуі керектігін тілге тиек етті. Бұдан кейін аудан басшысы бастаған Ауған соғысының ардагерлері естелік қабырғасының матасын түсіру рәсімін жасады.
«Тәуелсіздік» алаңы бойына орнатылған Естелік қабырғаның ұзындығы 4 метр, биіктігі 2 метр. Мәрмәр тастан жасалған қабырға маңдайында «Естен кетпейтін Ауғандағы тарих» атты жазу бар. Ортасында жас жауынгердің сұлбасы, жан-жағында Қазақстан бойынша соғысқа аттанғандар мен қаза болғандар саны, майдан картасы, ерлік медальдары бейнеленген. Сонымен бірге соғыс даласында болып, елге аман оралған, кейін бейбіт заманда қайтыс болған мұғалжарлық Ауған соғысы ардагерлерінің есімі жазылған. Ескерткішті ауған соғысының ардагерлерінің ұсынысы негізінде қала әкімдігі бюджеттен 5 млн теңге бөлініп, орнатты.
Шара соңында жиынға қатысқандар ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Одан әрі еске алу шарасы «ЖасStar» дене шынықтыру және сауықтыру спорт кешені ұйымдастырған облыстық турнирмен жалғасты.