Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі тапсырмалары, сондай-ақ 2023 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы аясында қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады.
Спикер өңірде тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталатынын атап өтті. Нақты секторда ауыл шаруашылығында өндіріс өсімі – 100,9%, инвестициялар – 111,4%, құрылыс жұмыстары – 115%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 101,1%, көлік және қоймалау – 113% құрады.
Өңірге инвестициялар тарту және қолайлы инвестициялық климат құру мәселелері басым бағыттардың бірі болып қала береді.
«Ағымдағы жылғы жоспарымызда 1 трлн теңгеден астам инвестиция тарту қарастырылып отыр. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өңірде 2023-2025 жылдар аралығында 7,3 мыңнан астам жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін 2,8 трлн. теңгеге 16 маңызды жоба іске асырылмақ»,- деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
470 млрд теңгеге теміржол кластерін құру жоспарланды. Оның аясында елімізде алғаш болаттың арнайы маркаларын шығаратын кәсіпорын бой көтереді. Зауыт шет елдерден жыл сайын 1 млрд долларға сатып алынатын арнайы болат дайындамаларын өндіруге және импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Қазақстанда 800 метрлік жіксіз рельстер шығаратын алғашқы кәсіпорын («ПЗТМ LTD» ЖШС, 21,4 млрд. теңге) және де Қазақстанның батыс өңірі аумағына жоғары технологиялық темір жол дөңгелектерін шығаратын зауыт («Ақтөбестил» ЖШС 168 млрд. теңге) іске қосылады.
💬 «Екіншіден, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту үшін ERG компаниясымен 1,1 трлн. теңгені құрайтын жобаларды іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Маңызды құжатта 1973 жылдан бастап Дөң тау-кен байыту комбинатында жиналған шламдарды қайта өңдеу, облыстың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын жалпы қуаттылығы 250 МВт болатын утилизациялық жарату станциясы және жел электр қондырғысын салу қарастырылған. Сондай-ақ, компания «Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы» шахтасының екінші кезеңі іске асырылмақ»,- деді Ералы Тоғжанов.
Медицина саласын дамыту мақсатында 30 млрд теңгеге бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ядролық медицина орталығы, медициналық бұйымдар шығаратын фабрика және ТМД елдер арасында алғаш рет диализаторлар шығаратын зауыт салынады.
Инвестициялар туралы айта келе, Ералы Тоғжанов «Қазақстандық мұнай жабдықтар зауыты» компаниясы ішкі нарықты мұнай жабдықтарымен қамтамасыз ету үшін мобильді бұрғылау қондырғылары және фонтандық арматура шығаратын Қазақстандағы алғашқы зауытты пайдалануға береді.
💬 «Өздеріңіз білетіндей, елімізде битум тапшылығы – күн тәртібінде. Осыған байланысты өңірде «Батыс Битум» ЖШС битум зауытының құрылысы бойынша жоба іске асырыла бастады. Зауыттың қуаттылығы жылына 700 мың тоннаны құрайды. Бұл дегеніміз зауыт өнімдері тек Ақтөбе облысы ғана емес, еліміздің батыс өңірлерінің қажеттілігін жабуға толық мүмкіндік береді»,- деп атап өтті спикер.
Ералы Тоғжанов сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының құнын төмендетуге ықпал ететін цемент зауытын салу жоспарланып отырғанын айтып өтті. Сонымен қатар, құрылыста жылу үнемдейтін материалдар өндірісін ашу бойынша жұмыс басталды, онда шикізат ретінде өңірдің жеке қосалқы шаруашылықтарынан сатып алынатын қой жүні пайдаланылады.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ, «Ақтөбе» газеті.