Ақтөбе облысы – өнеркәсібі дамыған өңір. Бұл тұрғыда өнеркәсіптер қоршаған ортаның өзгеруіне өз әсерін тигізіп жатыр. Облыстың су объектілерінің ластануы мен ескіруі, қалдықтардың жиналуы, қолданыстағы кәріз және тазарту қондырғыларының тозуы сияқты мұнда бірқатар тарихи экологиялық проблемалар бар.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында экологиялық ахуалды жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы өңір басшысы Ералы Тоғжанов хабарлады.
Спикер қоршаған ортаның жай-күйіне ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметі де кері әсерін тигізеді деп есептейді.
Осыған байланысты облыс әкімі «Қазхром» компаниясымен қоршаған ортаға зиянды шығарындылар көлемін барынша азайтуға мүмкіндік беретін экологиялық жобаларды іске асыру туралы меморандумға қол қойды. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін қоршаған ортаға зиянды шығарындылар 99,9%-ға және ферроқорытпа газдары толығымен 100%-ға төмендейді.
Дәл осындай келісімдер басқа да ірі компаниялармен жасалады.
Экология саласындағы өзекті мәселелердің бірі – Ақтөбе қаласының кәріздік тазарту құрылыстарының жай-күйі. Қолданыстағысының тозу деңгейі 80%-ға жетті.
Осы мәселені шешу үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты есебінен кәріздік тазарту құрылыстарын салу жөніндегі жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Алдын-ала есептеулерге сәйкес, жобаның жалпы құны шамамен – 78 млрд теңге.
Кәріздік тазарту құрылыстарын салу жобасы ағынды сулардың ластануын айтарлықтай азайтып, суаруға жарамды ағынды сулардың сапасын арттырады, қаланың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын жақсартады. Ағынды суларды тазарту үшін заманауи энергия үнемдейтін технологияларды және анағұрлым жетілдірілген жабдықтарды пайдалану қарастырылған.
Д.АЙДАР, «Ақтөбе» газеті.