«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БІР АДАМ — БІР ТАҒДЫР

Таңертеңгі уақыт, жұмысқа асығып келемін. Алдымнан қолына қоқыс қапшығын ұстап, көше тазалап жүрген апа шықты. Осы жанды дәл осы жолда жиі кездестіремін. Қыстың көзі қырауда да, жаздың аптап ыстығында да қызу жұмыс үстінде жүреді. Бұл жолы жанынан үн-түнсіз өтіп кетпедім. Жақындап, сөзге тарттым…
Мадина Саримова Басшилі ауылының тумасы. Мемлекет тарапынан 2019 жылы Қандыағаш қаласынан үй беріліп, ауылдан қалаға қоныс аударған екен. Ал 2020 жылы жұмысқа орналасып, 3 жылдан бері Қандыағаш қаласында көше тазалаушы болып жасайды. Мадина Дабылайқызы ІІІ топ мүгедегі болса да, екі аяғынан дамыл таппайтын, ауыр жұмысты қиналмай-ақ жасай беретін мықты әйел.
Біздің жасымызда жұмыс табу қиын, табылса, осындай жұмыстар ғана. Жастар келмейді емес келеді, бірақ тұрақтамайды. Шаршайтын кездер болады, әрине. Көше тазалау оңай жұмыс емес. Бірақ осы жұмысқа етіміз үйренген. Бұл жұмысты жастар істей алмайды. Таңғы 8-ден бастап жұмысқа кірісіп, 13:00-де түскі асымызды ішіп, 14:00-де қайтадан жұмысымызды бастаймыз. Қыстың суығында, жазда желдің өтінде бел жазбай, кешкі 17:30-ға дейін еңбек етеміз. Өзімізге тиісті аумақты күніне тіпті, 2-3 шақырым жер жаяу жүріп тазалаймыз. Мейлі еңбекақымыз аз болса да, ақшамыз адалынан. Жұмыс таңдамаймын, жұмысымнан ұялмаймын, — дейді кейіпкеріміз.
Ешкімге масыл болмай, өз жанын өзі баққан Мадина Саримова осыдан 17 жыл бұрын 38 жасында жолдасынан айырылып, 5 жасар қызымен жалғыз қалған. 1984-1992 жылдары Шилісайда еден жуушы болып жасаған. Кейіннен Басшиліде ауыл тұрғындарына поштада газет-журналдар таратып, еңбек еткен ол мүлде жұмыс талғамайтынын жеткізді.
Өмірге өкпем жоқ деп кесіп айту қиын. Адамдардың сөздері, кемсітіп қарағандары жүрекке батады. Көп жерде тіпті, бетіме қарап, менсінбей кетеді. Қанша қиындықты басымнан өткіздім, жолдасым өмірден кетті, өз қолымда анам өмірден озды, денсаулығым болса мынау, қызым да ауырады. Осының бәрін ойласам, кейде өмірден баз кешіп кеткім келеді, — деп көзіне жас алды.
Көшені тазалап, бар қоқысты жинап кетіп, кері айналып келгенде, тағы шашылып жатқанын көріп, кейде пендешілікпен ашуланып, ренжитінін де жасырмады.
-Бірақ адамдармен ұрысып, жанжалдаспаймын. Қайтадан барып жинай қоямын. 4-5 адым жерде қоқыс жәшіктері бола тұра, кейде тұрғындар қоқыстарын сол жерге барып салуға ерінеді. Ішің ашитыны, кейде машинада кетіп бара жатып, қоқыстарын көлік терезесінен лақтыра салады. Әсіресе, ер-азаматтар. Адам болған соң аласы да, құласы да болады ғой, мен өзім ешкімге өкпе артып, кек ұстамайтын жанмын. Онсыз да шытырманы көп өмірді онан бетер шиырлатып қайтемін деп ойлаймын. Тек айтарым, тазалықты әр адам өзінен бастауы керек, — деді Мадина Саримова.
Әңгімемізді аяқтап, уақыт бөлгеніне рақмет айтып, жұмысқа қарай қайта бет алдым. Біраз жер өткесін кері бұрылдым. Мадина апа орнынан қозғалмапты, бір нүктеге қадалған күйі әлі отыр… Сірә, өткен өмірін тағы бір ой елегінен өткізді ме, қайдам… Сәлден кейін барып, басын шайқай орнынан тұрып, жерде жатқан қапшығына жармасты…
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА ОРАЛСАМ, ШІРКІН

admin_mugalzhar

1 қазанда облыстың әлеуметтік нысандарына жылу беріледі

admin_mugalzhar

ОҚУШЫЛАР ТАРИХИ ОРЫНҒА САЯХАТТАДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.