Шашылған мата қиындылары, қатар-қатар тізілген ине-жіп, пішуге арналған үлгілер… Бұл — тігінші Адель Мұханбетованың үйіндегі күнделікті көрініс. Он саусағынан өнер тамған келіншек кішкене күнінен әжесінің тәрбиесінде болған. Әжесі немересін жанынан тастамай, тігін тігу мен тоқыма тоқуды үйретіп, ісмерлікке тәрбиелеген.
Қандыағаш қаласында тұратын Адель тігіншілікке 16 жасынан бастап ден қойып, «киім пішу» курсына қатысады. Сол сәттен бастап өзіне түрлі киімдер тігіп, қолын үйрете бастайды. Кейіпкеріміз Ақтөбе қаласындағы С.Баишев атындағы колледжде мектепке дейінгі оқыту және тәрбие мамандығы бойынша білім алып, қолына диплом алады. Бірақ мамандығы бойынша жұмысын жасамай, тігіншілікке шындап кіріскен.
—Мен киім тігемін, тоқыма тоқимын, бесік жасауларын жасаймын, той-томалаққа беретін сыйлық, тойбастарларға тапсырыстар да аламын. Тұрақты тұтынушыларым бар. Талдысай ауылынан Қандыағаш қаласына жақында көшіп келгендіктен, бұл қаладан тапсырыс берушілер аздау. Бірақ өзімнің тұрақты тұтынушыларым бар. Қазіргі таңда кішкентайым болғандықтан, шамама қарап аз-аздан тапсырыс алып отырмын. Тапсырысты 2-3 күнде бітіремін. Ал бағасы тігіліп жатқан дүниенің қиындығына байланысты әртүрлі болады, — дейді Адель Тимурқызы.
мұ
Ол алдағы уақытта осы ісін әрі дамытып, кәсібін дөңгелеткісі келеді. Ол үшін мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қайтарымсыз гранттар алып, кәсібін дамытпақ ниетте.
-Әдетте жаның қалаған жұмысты жасау үлкен ізденістерге ұмтылдырады. Бүгінде кәсібімді нәсібіме айналдырып, табыс тауып отырмын. Тігіншілік бұл тек тігін тігумен ғана шектелмейді, әр жасаған дүниенің әр үлгісіне қарап, мата бірбірімен үйлестіріп таңдай білу қажет. Бүгінде тапсырыс берушілердің талғамы өте жоғары. Олардың көңілінен шығу оңай емес. Көз майыңды тамызып жасаған еңбегіңді кейде бағаламайтындардың да бары жасырын емес. Тұтынушы тарапынан жасалған қолдау мен шынайы ризашылық мен үшін маңызды, — деді шебер.
Адельдің ісмерліктен бөлек, қонақ дастарханының сәнін кіргізіп, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын тәттілер мен мерекелік бәліштер пісіретін де өнері бар. Тапсырыс түсіп жатса, түрлі тағамдарды дайындап беретінін айтады. Бүгінде жасы 23-ке толған Адель тұрмыс құрып, бір шаңырақтың түтінін түзу шығарған ибалы келін. Жолдасы Азат техниканы толық меңгерген шебер. Ол темір тұлпарлардан жөндеп, адал нанын тауып жүрген азамат. Жас отбасы кәсіптерін үлкейтіп, балаларын үлкен азамат етіп тәрбиелеп өсіруді армандайды.
Әйгерім ДАРХАНҚЫЗЫ