«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АУДАНДЫҚ АУРУХАНА АУДАНАРАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНА БОЛЫП ҚАЙТА БЕЙІМДЕЛУІ МҮМКІН

МҰҒАЛЖАР АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНА БАС ДӘРІГЕРДІҢ ТАҒАЙЫНДАЛҒАНЫНА КӨП БОЛА ҚОЙМАДЫ. ЖАҢА КЕЛГЕН БАСШЫЛЫҚТАН ҚАНДАЙДА БІР ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫ КҮТЕТІНІМІЗ ЖАСЫРЫН ЕМЕС. ОСЫ ОРАЙДА АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ СӘБИТ КЕУЛІМЖАЕВПЕН СҰХБАТТАСУДЫ ЖӨН КӨРДІК. СҰХБАТЫМЫЗҒА АУРУХАНАНЫҢ ЖАЛПЫ БАЗАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ, АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ, ЗАМАНАУИ МЕДИЦИНАЛЫҚ АППАРАТТАРМЕН ЖАБДЫҚТАЛУЫ АРҚАУ БОЛДЫ.

Әңгімемізді Мұғалжар аудандық ауруханасының жалпы жағдайынан бастасақ. Бүгінде аудандық ауруханаға қарасты қанша медициналық пункт пен амбулатория бар? Денсаулық сақтау саласында қанша қызметкер еңбек етуде?

-Өткен жылы аудандық аурухананың ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Мақсатымыз – науқастарды емдеп қана қоймай, келушілерге барынша жағдай жасау. Ал аурухананың медициналық техникалармен жабдықталуы 92,5 пайызды құрайды. Ауруханаға соңғы үш жылда 107 млн теңгеге лапароскопиялық видеоэндоскоп, 32 млн теңгеге флюорография, 15 млн теңгеге стоматологиялық кресло, 6,5 млн теңгеге видеокольпоскоп сатылып алынған. Мұғалжар аудандық ауруханасына қарасты 5 дәрігерлік амбулатория, 14 медициналық, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Елді мекендердегі амбулаториялар толықтай дәрігерлермен қамтамасыз етілген. Мұғалжар аудандық ауруханасына қарасты медициналық мекемелерде барлығы 486 адам жұмыс жасайды. Оның 61- і дәрігер, 233-і медбике, 192-сі басқа қызметкер.

Аяқ асты ауырып қалған науқастың өмірі үшін жедел жәрдем қызметінің сапалы жұмыс жасауы маңызды. Сол себепті, жедел жәрдем бөлімінің жұмысы қалай жүзеге асырылуда? Жалпы жедел жәрдем көлігі жеткілікте ме? Ал ауылдардың барлығында көлік бар ма?

Әрине, науқастарға тез әрі, сапалы қызмет көрсету — жедел жәрдем бөлімінде қызмет ететін мамандардың басты міндеті. Олар сапалы қызмет көрсету арқылы науқасты ауыр жағдайлардан аман алып қалады. Бүгінде жедел жәрдем бөлімінде күнделікті ауысыммен екі бригада жұмыс жасайды. 2 реанимобиль көлігімен қамтылған. Шұғыл науқастарды облыс орталығына тасымалдау үшін қосымша 3 реанимобиль көлігі қарастырылған. Ауылдық округтердегі 5 дәрігерлік амбулатория санитарлық автотранспортпен қамтамасыз етілген. Алайда Қаракөл мен Құмсай ауылдарындағы амбулаторияға автокөлік қажет. Бұл ауылдардың санитарлық көліктері әбден тозығы жеткен. Осы мәселені аудандық мәслихат сессиясында депутаттардың назарына ұсынып, сұраныс жасадық. Алдағы уақытта шешімін табатын болар.

Ауданда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша медицина саласында жұмыспен қамтылған жас мамандардың саны қанша? Жалпы ауданға қандай дәрігерлер жетіспейді?

-«Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы дәрігерлер елді мекендерде орналасқан медициналық мекемелерде қызмет етуге мүмкіндік алып отыр. Қазіргі таңда Мұғалжар аудандық ауруханасына қарасты елді мекендердегі амбулаторияларда аталған бағдарлама арқылы жалпы саны 12 медицина қызметкерлері жұмыс жасайды. Оның ішінде 2-еуі жоғары білімді дәрігер болса, 10- ы орта буын медицина қызметкері. Ауылдардағы медициналық мекемелерде дәрігерлер жеткілікті. Ал аудандық ауруханаға 2 анестезиолог-реаниматолог, 1 хирург, 3 неонатолог, 1 кардиолог, 1 балалар неврологі, 1 акушер-гинеколог, 1 терапевт, 5 жалпы тәжірибелі дәрігер қажет. Ал дәрігерлердің біліктілігіне келетін болсақ, олар 5 жыл сайын міндетті түрде біліктіліктерін арттырады. Сонымен бірге әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша кезектен тыс біліктілігін арттыру циклдарына жіберіледі. Бүгінде аудандық ауруханаға білікті дәрігерлерді тарту бойынша жұмыстанып жатырмыз. Келетін дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет. Алайда бізде осындай жағдайлар жасалмаған. Қандыағаш қалалық статусқа ие болғаннан кейін біржолғы көтерме жәрдемақы да берілмейді. Себебі заңғы қайшы келеді. Бүгінде аудан әкімдігімен бірлесіп, келетін дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін келіссөздер жүргізудеміз.

Аурухананың жалпы жағдайына тоқталдық. Дәрігерлер туралы айттық. Енді аудандық ауруханада тіркелгендерге келсек. Олардың ішінде қаншасы диспансерлік есепте тұр? Мұғалжар ауданында тұратын тұрғындардың арасында қандай сырқат түрлері көптеп кездеседі?

Біздің ауруханада жалпы саны 35773 адам тіркеуде тұр. Ал тұрғындардың аурушаңдығы бойынша диспансерлік есепке 8927 науқас тіркелген. Оның ішінде 1908-і балалар. Тіркеуде тұрғандардың ішінде 862-нің мүгедектігі бар. Мүгедектігі бар балалар саны – 230. Қазіргі уақытта тұрғындар арасында жүрек қан тамырлары аурулары бойынша аурушаңдықтың өсуі байқалады. Бүгінде қан қысымы диагнозымен 2448 адам есепте тұрса, жүректің түрлі ауруларымен 1246 адам есепке алынған. Аудандық ауруханада тіркеуде тұрған адамдардың 4120-сы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қаржы аудармағандар. Диспансерлік есепте тұрғандар өздерінің диагноздарына байланысты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Биыл оларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 63 990 743 теңге көлемінде қаржы бөлінді.

Әңгімеміздің бағытын балаларға бұрсақ. Бүгінде балалар арасында атын естімеген түрлі аурулар жиі кездеседі. Жалпы ана мен баланы қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда?

Иә, бүгінде балалар арасында туа біткен ақаулар көптеп кездеседі. 2022 жылы біздің ауруханада 166 бала туа бітті науқас болып туылса, 2023 жылдың 6 айының ішінде 150 бала осындай науқаспен туылып отыр. Осындай көрсеткіштердің көптеп орын алуына көп жағдайда ерлі-зайыптылардың жүктілікті жоспарламауының салдарынан болады. Сондай-ақ жүктілікке дейін әйел адам қосымша аурулармен ауыратын болса, іштегі балаға кері әсер етеді. Бүгінде ана мен баланың денсаулығын сақтау бойынша «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында балаларды скринингтік тексеруден өткізіп жатырмыз. Ауруханада тіркелген 14656 баланың 4581- і тексерістен өтті. Бүгінде аудандық аурухана бойынша 473 жүкті әйел есепте тұр. Жүкті әйелдердің босанғаннан кейінгі перинаталды скринингтен өтуі 81,2 пайызды құрап отыр. Бұл жұмыстар әлі де жалғасатын болады. Ал «Аңсаған сәби» бағдарламасымен 2022 жылы 4 әйел, 2023 жылдың 5 айында 1 әйел ана атанды.

Аудандық аурухананың ауласын абаттандыру және жөндеу жұмыстары басталатыны жөнінде ақпарат тараған еді. Бірақ әлі күнге дейін құрылыс жұмыстары басталмады. Осы туралы толығырақ айтып өтсеңіз?

-Аурухана ауласының құрылыс жұмыстары осы жылдың мамыр айында басталуы қажет болған. Алайда, аудандық аурухананың 2024 жылы ауданаралық орталық аурухана болып қайта бейімделуі мүмкіндігіне байланысты құрылыс жұмыстары уақытша тоқтап тұр. Қазіргі таңда ауданаралық аурухана үшін қосалқы құрылыс жұмыстарын жүргізуге жер қарастырылуда. Жоспарымыз жүзеге асып, ауданаралық аурухана болған жағдайда, 3 ауданның тұрғындарына қызмет көрсететін боламыз. Олар — өзіміздің Мұғалжар және көршілес Темір мен Байғанин аудандары. Бүгінде бұл жобаны министрлік егжей-тегжейлі қарастыруда. Бұл жаңалық мұғалжарлықтар үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Аурухана ашылған жағдайда ауданға білікті дәрігерлер де тартылатын болады.

Аудандық аурухананың үлкен ауданаралық аурухана болып қайта бейімделуі біз үшін де үлкен қуаныш болды. Осы тұста бұдан өзге алдағы уақытта атқаратын жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

Мемлекетіміздің басты байлығы – ұлт денсаулығы. Осы даналықты негізге алатын болсақ, тұрғындардың денінің сау, болашағының жарқын болғаны маңызды. Бүгінгі басты мәселелеріміздің бірі — кадрдың жетіспеушілігі. Осыған байланысты аудан әкімдігімен бірлесіп, ауданға келген жас дәрігерлерге бір реттік үстеме беру және қызметтік үймен қамтамасыз ету үшін жұмыстанып жатырмыз. Сонымен бірге аудан халқының саны өсіп келеді. Осыны ескеріп «Болашақ» және «Достық» мөлтек аудандарынан медициналық орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Аудандық ауруханаға соңғы үлгідегі лабораториялық анализаторлар сатып алынатын болады. Құмсай және Қаракөл ауылдық амбулаторияларына санитарлық автокөлік сатып алу жоспарда бар. 2024 жылы Ақкемер ауылдық округіне қарасты Жарық ауылынан медициналық пункт, 2025 жылы Қаракөл ауылынан дәгігерлік амбулатория, Басшилі ауылынан фельдшерлік-акушерлік пункт салынады.

Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Қазақстан төлем картасы арқылы ақша аудару ережесін қатаңдатты

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

admin_mugalzhar

ФРАКЦИЯНЫҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.