«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖЕМІС-ЖИДЕК — ЖАЗ ДӘМІ: ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

ҚАУЫН-ҚАРБЫЗ БЕН ЖЕМІС-ЖИДЕК САТҚАН САУДАГЕРДІҢ ҚАЛТАСЫ ҚАЛЫҢДАП, САУДАСЫ ҚЫЗАТЫН ШАҚ БҰЛ. ДӘЛ ҚАЗІРГІДЕЙ АУА-РАЙЫНДА ЫСТЫҚ ӘРІ АУЫР ТАМАҚТАН КӨРІ ЖЕҢІЛЖЕМІС ПЕН КӨКӨНІСЖЕГЕН ПАЙДАЛЫРАҚ ЕКЕНІ АНЫҚ. АЛ ЕНДІ РАСЫМЕН ТЕК ПАЙДАЛЫ МА? СЫРТТАН ӘКЕЛІНЕТІНДЕРІТЕКСЕРІЛЕ МЕ? ТҰТЫНУДЫҢ ҚАНДАЙ ЗАҢДЫЛЫҒЫ БАР? БҰЛ ТУРАЛЫ ЖЕРГІЛІКТІ МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?

Зағипа АВАТАЕВА, Мұғалжар аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі:

Жұқпалы аурудан сақтанудың басты жолы – жеке бастың тазалығын сақтау

Ауа-райының, қоршаған ортаның, күнделікті өзіміз тұтынып жатқан тағамдардың, ауыз судың, жеміс-жидектің санитарлық талапқа сай болмауы, басқа да көптеген факторлар адам денсаулығына тікелей әсер етеді. Жалпы жұқпалы аурулар бөлімшесіне түсіп жатқан науқастардың көбі тамақты дұрыс тұтынбағаннан келіп жатыр. Олардың ішінде ересектер де, балалар да бар. Күннің аптап ыстығына келер болсақ, ол алдымен адам ағзасының сусыздануына жол ашып, дене қызуын көтеріп, бактериялар мен вирустардың көбеюіне алып келеді. Ауа-райының мұндай жағымсыз уақытында кез келген адам барынша күтінгені жөн. Аурулардың себебі әр түрлі болғанмен, оның бастысы жеке бас тазалығын сақтауда жатыр. Неге десеңіз, қазір жаз мезгілі болғаннан кейін, оның үстіне балалардың жазғы демалыс уақыты болған соң, қолына түскен тиынға дүкеннен неше түрлі заттарды алып, тұтынып жатады. Сыртта жүрген ойын баласы сол күйі алған затын жеп алады. Жуылмаған қолмен жеген асы асқазанға түсіп, неше түрлі асқазан ішек ауруларына, тамақтан улануға алып келеді. Ал ересектердің арасында қауын-қарбыздан ішек аурулары жиі кездесіп жатыр. Сырттан келген өнімдердің құрамы мен өсу жолына мән берген дұрыс. «Ауру — астан» деп бекер айтылмағанын ескерсек деймін. Егер ішек ауруларының белгілерін байқасаңыз, яғни іш өту, құсу тәрізді белгілер басталса, дәрігер кеңесіне жүгініңіз. Үй жағдайында жасалатын алғашқы көмек белсендірілген көмір таблеткасын адамның дене салмағына қарай мөлшермен ішіп, бірден 1 қаптама регидронды 1 литр қайнатылып суыған суға езіп, уақытпен ішіп отыру керек. Оны дұрыс тәртіппен ішетін болсаңыз, система құйғанмен теңдей болады. Инфекция түскен ішек құрылысына 5-7 күн ішінде ағарған сүт өнімдерін, майлы тамақтар мен зиянды заттарды тұтынбай, диета сақтаған дұрыс. Реті келсе, тоқаш, бөлке нан, қара шай сияқты тамақтарды ішкен абзал.

Радина ИРЖАНОВА, Мұғалжар аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының бөлім басшысы:

Нитраты көп жеміс-жидекаурутудырып, өлімгеде әкелуі мүмкін

Біз жергілікті жемісіміз дән бергенше, оңтүстік өлкенің өнімін қолданамыз. Бұл өнімдер мамыр айынан бастап сауда орталықтарында сатыла бастайды. Ерте піскен жемістердің көбінің құрамында селитра мен нитрат жиі кездеседі. Екпе (селитра) арқылы піскен көкөністер адам денсаулығына келтіретін зияны аллергияға себеп болып, қалқанша безін, зат алмасу және орталық жүйке жүйелерін зақымдайды, тіпті оның шектен тыс мөлшері улануға, кей жағдайда адам өліміне де әкеліп соқтыруы мүмкін. Талапқа сәйкес нитраттың негізгі жарамды көрсеткіші қауында 90мг/кг, қарбызда 60мг/кг болу керек. Нитраттар қарбыз, қауыннан бөлек қызанақ, қырыққабат, қияр, қызылша, картоп, сәбіз, құлпынай және көкшөптерде де (ақжелкен, аскөк, салат) жиі кездеседі. Қарбыз-қауын алған кезде тек қана арнайы дүкендер мен базарлардан сатып алған дұрыс, себебі ол нысандарды қадағалау органдары үнемі тексеріп отырады. Ал сауда нысандары мен жалпы базарларды тексермейміз. Жарлыққа сәйкес шағын бизнесті қолдау мақсатында тексерісті алып тастады. Егер оңтүстік өңірлерден келген өнімнің сапасы талапқа сай келмесе, арыз-шағымдар көп түсетін болса, дәлелді факторлар келіп жатса, онда сатуға тыйым салынады. Жалпы бау-бақша өнімдерінде нитраттың көп болуы адам денсаулығына өте зиян. Сондықтан көкөністердің ең дұрыс піскен уақыты әрі күмәнсіз тұтынатын кезі шілде мен тамыз айында.

Талғат АСАРБАЕВ, сатушы, Қандыағаш қаласы:

Қауын-қарбызды таңдай білу керек

Қарбыз-қауынды Шардара жақтан әкеліп сатып жатырмыз. 20 жыл бойы жаз мезгілінде көкөніс пен жеміс, қыста қымыз-шұбат сатумен айналысып жүрміз. Оңтүстіктен келетін көкөністер алдымен Ақтөбе қаласына келеді. Ол жақтан көтерме бағамен алып келіп, осы шағын дүңгіршегіме қоямын. Бір алған тұтынушы екінші рет міндетті түрде келіп, мақтап жатады. Соған қарағанда қарбызды таңдағанда да дұрысын, тәттісін таңдайтын болармын. Жалпы қарбыз алатын кезде сыртқы қабығы жылтырап тұруы керек. Қабығы қараймаса және астыңғы жақ түйнегі көлемді болса, ол тәтті деген сөз. Олардың өзіндік атаулары да бар. Әсіресе, «красное мясо», «балшекер», «тас қауын» «торпедо», «колхозница» деп аталатын қауын-қарбыздың түрлері өтімді.

Дастанбек ИБРАЕВ, диқаншы, Бірлік ауылы:

Біздің өнім қара күзге дейін сатылымда болады

Ауыл аумағынан суармалы жерлерді игеру мақсатында 3 гектар алқапқа көктем мезгілінде көкөніс (картоп) пен дәнді дақылдар (қарбыз-қауын) егіп жатқаныма биыл төртінші жыл. Алқапта әлі жемістер піскен жоқ. Себебі мен тез өсіру үшін арнайы қоспалар қолданбаймын. Өз уақытымен, табиғи жолмен өсіп жатқандықтан басы-қасында өзім жүрмін. Бұл дегеніміз сонау қара күзге дейін өнім болады деген сөз. Егістік алқапты суару үшін арнайы суару жүйесітамшылатып суару әдісі жұмыс істейді. Ол әрі суды үнемдеу үшін де таптырмас тәсіл. Мемлекет тарапынан беретін бағдарламаларға қатысқаныммен жеңіс бұйырмай жатыр. Сондықтан әкімшіліктен жер алып, соны пайдаға асырып отырмын. Өз қаражатыммен жасалып жатқан іс болғандықтан, тұтынушыларға тек табиғи өнім ұсынғым келеді. Бәрі мақтап, тез өтіп кетіп жатады. Бейнеттің зейнеті деген сол болар. Биыл да сол нәтижені күтеміз. Жылда қарбыздарды күн сайын Бірлік, Ембі, Саға, Шенгелши, Жағабұлақ ауылдарына жөнелтіп отыратынбыз. Есеп бойынша осы жылы 150 тоннаға жуық өнім аламыз деп жоспарлап отырмын. Жоғарыда айтып өткенімдей, өзім және балаларымнан бөлек, қосымша екі адамды жұмыспен қамтып келемін.

Қарбыз туралы не білеміз?

Қарбыздың отаны — Оңтүстік Америка. Ежелгі Египетте де адамдар бұл өнімді жиі пайдаланған деседі. Қарбыз сөзі парсы тілінен аударғанда «харпузак», яғни «есек қияры» деген мағынаны білдіреді. Қарбыздың адам денсаулығына әкелер пайдасы өте көп. Мысалы, қарбыздың құрамында магний өте көп болғандықтан, ағзаға қажетті бір күндік магнийді бар-жоғы 150 грамм қарбыз қамтамасыз ете алады. Сондықтан артериялық қан қысымы бар жандар оны ас мәзіріне міндетті түрде қосуы керек. Сондай-ақ жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққандарға да өте пайдалы, себебі, қарбыз адам бойындағы холестеринді шығарады. Тағы бір ерекшелігі сол, қарбыздың шырынында табиғи қышқылдар мен тұз болмайды. Бірақ ол сілтіге бай. Ал бұл несеп жолдары үшін өте пайдалы екен. Сондықтан дәрігерлер бүйрегіне тас байланған жандарға осы жемісті жеуге кеңес беріп жататыны бекер емес. Қуықтың, бүйректің қабынуы кезінде қарбызды көбірек пайдаланған жөн. Мамандар күніне қарбыздың кем дегенде екі келісін жеуді ұсынады. Бұл қан аздықты емдеуге жақсы көмектеседі. Десе де пайдасы мен зияны қатар жүретіндіктен созылмалы ішек ауруымен ауыратындарға қарбызды көп жеудің қажеті жоқ. Ол ішті кептіріп жібереді. Қант диабетімен ауыратындарға да пайдалы емес. Сондай-ақ жүктіліктің соңғы үш айында да одан бас тартқан абзал. Қарбыздың нитраттар жиналатын зиянды бөлігі — қабығына жақын тұрған жұмсағы. Сондықтан, әсіресе, балаларға ортасынан кесіп берген дұрыс. Бірақ 2 жастан кіші балаларға беруге болмайды.

МАМАНДАР ОСЫЛАЙ ДЕЙДІ. ЯҒНИ, ӘР АДАМНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ — ӨЗ ЖАУАПКЕРШІЛІГІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ. «АУРУ — АСТАН» ДЕЙДІ ҚАЗАҚ ТАҒЫ. ДҰРЫС ТАМАҚТАНБАУДЫҢ ЗИЯНЫ ШАШ ЕТЕКТЕН. ӘСІРЕСЕ, ЖАЗ УАҚЫТЫНДА ЖАЙМА БАЗАРЛАРДА АПТАП ЫСТЫҚТЫҢ ӨТІНДЕ ТҰРҒАН СҰРАНЫСҚА ИЕ ҚАУЫН МЕН ҚАРБЫЗДЫҢ ӨЗІНДІК ТҰТЫНУ ЗАҢДЫЛЫҒЫН ҰСТАНҒАН АБЗАЛ. УАҚЫТЫНАН БҰРЫН ЖЕМЕЙ, АЛАР КЕЗДЕ ДҰРЫС ТАҢДАП, САЛҚЫН СУҒА САЛЫП, МҰҚИЯТ ЖУЫП ЖЕУ — ӨЗІҢІЗДІ ДЕ, БАЛАЛАРЫҢЫЗДЫ ДА ТҮРЛІ АУРУДАН САҚТАРЫ АНЫҚ.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

 

Ұқсас ақпараттар

ТЖ жарияланған аймақтарда комиссия жұмысын бастады

admin_mugalzhar

Қазақстанның 100 мектебінде пилоттық режимде буллингке қарсы бағдарлама іске қосылады

admin_mugalzhar

«АҢСАҒАН СӘБИ»: 6 АНАҒА БАҚЫТ СЫЙЛАДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.