«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БАРМАҒЫНАН БАЛ ТАМҒАН КЕЛІНШЕК

Қазір дүкен сөрелерінде жартылай дайын тамақтың түр-түрі бар. Бұл бүгінгідей ас пісірудің өзіне уақыт жете бермейтін заманда қажеттіліктен туған дүние. Қандыағаштықтардың осы қажеттілігін толық қанағаттандыруды армандап жүрген Ақтолқын Алимбаеваның жартылай дайын тамақтары қазірдің өзінде жерлестерінің арасында үлкен сұранысқа ие.

Ақтолқын Бақытқызы Арал қаласының тумасы. Мектеп жасында отбасымен Алматы қаласына қоныс аударып, сол жақта мектепті бітіргеннен кейін Логистика және көлік академиясында (бұрынғы ҚазАТК) тасымалды ұйымдастыру мамандығын аяқтап, теміржол саласында 10 жыл еңбек етеді. Сол жылдың ішінде оператор, техник, инженер, бас инженер қызметтерінде болған. Ал 2012 жылы отбасылық жағдаймен Қандыағаш қаласына қоныс аударып, теміржол саласынан да біржола қол үзеді. Сол жылдан бастап саудаға кірісіп, киім-кешек сатуға бет бұрады. Әр жерден тауар алып келіп, базарда балалар киімін сатып, нәпақасын тауыпты.

2021 жылы «Алан» базарынан орын сатып алып, киім дүкенін аштым. Сол кезде карантин кезі еді, сауда жүрмей, шамалы тоқырау болып қалған еді. Одан кейін өкінішке орай, ол базардың өзі өртеніп кетті. Міне, осы уақытта қарап отыруға болмайтын болды. Енді не істеймін деп бас қатырып жатпадым. Қолымнан келетін ас пісіруге кірісіп кеттім. Бұрын да базарда сауда жасап жүрген кездері үйден тамақ, түскі ас, жеңілжелпі ыстық бәліштер әкеліп сатып жүретінмін. Сол себеп болған болар, осы жолда да өзімді сынап көргім келді. Беріліп кеткенім соншалық, Астанадан, тіпті Түркия елінен аспаздық курстарын оқып келдім. Солай уақыт өте келе дүкен ашып, оны үлкейттім, — дейді аспаз.

Ол дүкенінде өз қолынан шыққан жартылай фабрикаттар дайындап, сатумен айналысады. Ал оның құрамындағы мал етін Ащысай ауылдық округінен алдырады. Аспаздықты, оның ішінде жартылай тамақты алдымен тұшпара, манты секілді тағамдармен бастаған оның ас мәзірінде қазіргі таңда тамақтың кез келген түрі бар. Қарамағында 2 көмекшісі тағы бар. Сондайақ мерекелерге, той-томалақ, отырыстарға тапсырыс қабылдап, қонаққа жайылатын дастарханды да дайындайды.

Қазір жұрттың барлығы бірдей қуанышын қымбат ресторандарға жасай бермейді, себебі қымбатшылық басым. Сол себепті біз секілді адамдарды үйіне жалдап, қонақ күтеді. Бұл да өте тиімді деп ойлаймын. Көмекке туыстарын шақырып әуре болмайды және ресторанға жұмсағандай ақша жұмсамайды. Есесіне дастарханының сәнін де, дәмін де келтіріп береміз, — дейді ол.

Тұрақты тапсырыс берушілерінің үйінде жиын-той бола қалса, бірден Ақтолқынға келіп дайын өнімдерді еш ойланбай-ақ алып, дастарханына ұялмай қояды. Көбісі оны әлеуметтік желі арқылы іздеп тауып алады екен.

Үнемі сұранысты зерттеп, мықты деген шетел аспаздарын қадағалап отырамын. Өз тұтынушыларымның тілектері мен ұсыныстарын әрдайым ескеремін, мұның өзі өнімдерді сатудың тұрақты өсімін қамтамасыз етеді. Кәсіпті кеңейту үшін қосымша қаражат керек. Сол үшін мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға берілетін несиелерге өтінім жіберіп қойдым, қазір жауабын күтіп отырмын, — деді кәсіпкер келіншек.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

ТҮНГІ РЕЙД ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

admin_mugalzhar

В РАЙОНЕ ОТМЕЧАЕТСЯ РОСТ COVID-19

admin_mugalzhar

2025 жылға қарай халықтың 99%-ы интернетке қол жеткізеді — Мамин

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.