«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТАКСИ: ЖЫР БОЛҒАН ЖОЛ АҚЫСЫ…

ӨТКЕН АПТАДА АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА АУДАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ӨТТІ. КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ НҰРЛАН СЕЙТКАМАЛОВ ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТКЕН ЖИЫНҒА АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ БАҚЫТЖАН КАДРАЛИН, ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ТАЛҒАТ ӨТЕМҰРАТОВ, КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІ ЖӘНЕ ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ ҚАТЫСЫП, «ҚАНДЫАҒАШ-АҚТӨБЕ» БАҒЫТЫ БОЙЫНША ЖҮРЕТІН ТАКСИ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАҒАСЫН КӨТЕРУ МӘСЕЛЕСІН ҚАРАДЫ.

Жиын басында сөз алған қала әкімі Талғат Өтемұратов қазіргі таңда Қандыағаш қаласы бойынша жолаушылар тасымалдайтын екі такси қызметі барын, бүгінде олар қымбатшылық пен жолдың сапасына байланысты жолақыны көтеруге ұсыныс білдіргенін жеткізді. Сондай-ақ қала әкімі өзге аудандардағы такси қызметінің бағасына бағдар жасады.

Қазіргі таңда «ҚандыағашАқтөбе» бағытына жолаушыларды тасымалдайтын екі такси қызметі бар. Олар — «Айжан» және «Алимбаева» жеке кәсіпкерліктері. Аталған такси қызметінде 100-ге жуық жеке жүргізушілер бар. Өзге аудандармен салыстырғанда біздегі таксидің жолақысы орташа бағаны құрап отыр. Айталық, облыс орталығына жету үшін Ембі қаласының тұрғындары 2500 теңге төлейді. Ал екі ортаның арақашықтығы 180 шақырым. Сонда ембіліктер 90 шақырым жерге 1250 теңге төлеп отыр. Бірақ Ембі мен Қандыағаштың арасындағы жолдың сапасы сын көтермейді. Хромтау ауданында да жолдың сапасы тым нашар. Такси қызметі 1500 теңге, бірақ такси баратын жеріңе дейін апарып тастайды. Сондай-ақ бұл жақта 600 теңгеге автобус қызметі ұйымдастырылған. Осы жағдайларды ескерсек, такси бағасын өсіру қарапайым халықтың қалтасын қағуы мүмкін, — деді ол.

Мінберге шығып, такси жүргізушілерінің атынан сөз сөйлеген «Алимбаева» жеке кәсіпкерлігінің өкілі Шынар Оңалбаева бүгінде газ тапшылығы белең алып тұрғанын, автоқосалқы бөлшектер мен жанар-жағар майдың тым қымбат екенін, жол сапасының да нашарлығын айтып, қазіргі бағаның, яғни 1000 теңгенің жүрген жолды ақтамайтынын алға тартты.

Қазіргі таңда қымбатшылық шарықтап тұр. Азық-түлік пен тұрмыстық тауарлардың бағасы күн сайын өсіп жатыр. Газ құю бекеттерінде де газ тапшылығы байқалады. Жанар-жағармай бағасы қымбат. Автоқосалқы бөлшектер сыртқы елдерден әкелінгендіктен олардың да құны артып барады. Такси жүргізушілері де — қарапайым халықтың бірі. Олар да бірнеше бала оқытып, отбасын асырап отырған адамдар. Көліктер жолдың сапасыздығына байланысты үнемі бұзылып не болмаса сынып қалады. Сол себепті тапқан пайдасы бүгінде жасап жүрген еңбектеріне тұрмайды. Осыған байланысты қызмет бағасын қымбаттатуды сұрап отырмыз, — деді ол.

Сондай-ақ ол қазіргі таңда жұмыстарына заңсыз такси қызметімен айналысып жүрген кейбір адамдардың кедергі болып отырғандарын да тілге тиек етті. Оның сөзінше, бүгінде такси қызметінде заңсыз 90-ға жуық адам жүр. Олар ешқандай салық төлемдерін төлемейді екен. Жиын барысында сөз алған кеңес мүшесі Шәмшат Әбдірзақ такси қызметінің сапасына көңілі толмайтынын айтып, жүргізушілердің кейде жол ережелерін сақтамайтынын, жылдамдықты шамадан тыс арттырып, адам өміріне қауіп төндіретінін мәлімдеді.

Таксидің жолақысын 1500 теңгеге қымбаттату дұрыс деп есептемеймін. Себебі қазіргі таңда такси бағытында қызмет көрсететін тасымалдау жұмысына көңілім толмайды. Тұрғындармен дөрекі сөйлесіп, балағат сөз айтатын жүргізушілер де бар. Жылдамдықты шамадан тыс арттырып, жол ережесін сақтамайтындар да жетерлік. Қыратты жерлерге көтерілген сәтте апатты жағдай туғыза отырып басып озу, бір-бірімен жарысу секілді әрекеттер жасайды. Тіпті, кейбір такси жүргізушілерінің көліктері лас болады, — деді ол.

Сонымен бірге залға жиналғандар кейбір такси жүргізушілердің арасында екіаралыққа 3- 4 мәрте қатынап, ұйқылы-ояу көлік жүргізетіндердің де барын жеткізіп, ұйықтап кету салдарынан жол-көлік оқиғаларының арты орны толмас қайғыға ұласып жатқандарын тілге тиек етті. Жоғарыда айтылған уәждерге такси қызметін ұйымдастырып отырған жеке кәсіпкерлердің де айтары бар болып шықты. «Айжан» жеке кәсіпкерлігінің иесі Жандос Шонанов күнде ертеңгісін такси жүргізушілері медициналық тексерістен өтетінін, жол ережесі бойынша түсіндірме жұмыстарының үнемі жүргізілетінін айтты.

Такси жүргізушілерін күнделікті тексеріп отырамыз. Денсаулы қтарын медбике қадағалайды. Бізге жүргізушінің жылдамдықты шамадан тыс арттырғаны туралы ақпарат түссе, көлігін бір айға дейін жүру кезегінен алып тастаймыз. Егер жылдамдықты асырған, жол ережесін бұзған, адамдарға дөрекілік көрсеткен жағдайға тап болсаңыз, ілініп тұрған жүргізуші бейджін суретке түсіріп, менің нөміріме жолдасаңыз болады. Ондай жағдайда біз шара қолданамыз. Бүгінде біздің жұмысымызға заңсыз такси қызметін көрсететіндер кедергі келтіріп отыр. Осы мәселені шешіп берсеңіздер, — деді ол. «Айжан» және «Алимбаева» таксилерінің жоқ болған кезін пайдаланып, аялдамада адам санының артқанын күтіп, бағаны қолдан өсіріп, заңсыз тасымалдайтындардың бары жасырын емес. Бұндай сәтте асыққан жолаушы қымбат таксиге амалсыздан отырып кететіні сөзсіз.

Жиынға қатысқан аудандық полиция бөлімінің қызметкері Әділет Идият жыл басынан бері облыс орталығы мен аудан аралығында заңсыз такси қызметімен айналысқан 11 тұлғаның анықталғанын, оларға әкімшілік хаттама толтырылғанын жеткізді.

Біз барынша заңсыз тасымалмен айналысатын адамдармен жұмыс жасаудамыз. Заңсыз такси екені анықталған сәтте әкімшілік хаттама толтырамыз. Дегенмен, заңсыз таксилерді тоқтатқан сәтте ішіндегі жолаушылар «танысымыз» деп, жұмыс жүргізуге кедергі келтіріп жатады. ҚР әкімшілік-құқықбұзушылық Кодексінің 463 бабының 1 бөлігіне сәйкес сотқа жолдаймыз. Жыл басынан бері көлік жүргізушілеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында профилактикалық шаралар ұйымдастырылуда. Жүргізілген жұмыстар аясында жылдамдықты асырмау, қарсы бағытқа шықпау секілді ережелерді толыққанды түсіндіреміз, — деді ол.

Жиын барысында такси жүргізушілерінің аудан бюджетіне төлеп жатқан салығы туралы да айтылды. Мұғалжар ауданы бойынша кірістер басқармасы басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұханбетов қазіргі таңда кейбір такси жүргізушілерінің жеке кәсіпкер болып тіркелмей жұмыс жасайтынын жеткізді.

Кірістер басқармасының мамандары жыл басында Қандыағаш қаласы бойынша такси қызметімен айналысып жүргендер арасында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жыл басында біздің жасаған есебіміз бойынша, «Айжан» жеке кәсіпкерлігіне 60 такси жүргізушісі тіркеліп, жұмыс жасап жатқан болса, оның 29-ы салық басқармасына кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Ал «Алимбаева» жеке кәсіпкерлігінде 24 такси жүргізушісі болса, оның 8-і «жеке кәсіпкер» деген куәліксіз жұмыс істеп жүр. Енді такси жүргізушілерінің төлеген салығын алып қарайтын болсақ, олардың барлығының 6 айда төлеген салығының мөлшері 310 мың теңгені құрап отыр. Ал олардың көліктері тұратын тұраққа суағар салу үшін аудандық бюджеттен 16 млн теңге бөлінді, — деді Нұрлыбек Лайкұлы.

Такси бағасын бірден 50 пайызға көтеру қарапайым халықтың қалтасына ауыр соғатынын айтқан аудандық мәслихат депутаты Азамат Жәлімбетов такси бағасын қымбаттатпастан бұрын Ұлттық банк бекіткен инфляция бойынша жұмыс жасау қажеттігін ескертті.

Сіздер күн сайын азық-түлік бағасының қымбаттағанын айтып, такси бағасын өсіруді сұрап отырсыздар. Сіздерде таңдау барын ұмытпаңыздар. Айталық, көліктеріңізге қажетті автоқосалқы бөлшектерді арзан жерден сатып алуға мүмкіндіктеріңіз бар. Ал қарапайым халықта таңдау жоқ. Егер арзан бағада автобус ұйымдастырылған болса, халықта таңдау болар еді. Қазіргі таңда Ақтөбе мен Қандағаштың арасында жол салынып жатқанын бәріміз білеміз. Бүгінде жолдың көп бөлігі пайдалануға берілді. Осыны ескерген жөн, — деді депутат.

Жиында мәселенің мән-жайы толығымен қаралып, жан-жақты талқыланды. Барлық тараптардың да пікірлері тыңғылықты тыңдалды. Кеңес мүшелері такси қызметін қымбаттатуға қарсылықтарын білдіріп, бір ауыздан жолақысын өсірмеу туралы шешім қабылдады. Ал такси иелері қоғамдық кеңестің шешіміне келіспейтіндерін білдірді. Кеңес төрағасы Нұрлан Сейткамалов такси жүргізушілеріне қызмет сапасын көтеріп, жол ережесін сақтау қажеттігін қатаң ескертті. Сонымен бірге көліктерге жылдамдықты бақылайтын GPS қондыру қажет екендігін де қадап айтты. — Жол бағасын көтеру мәселесін әлі де зерттеп, зерделеу керек. Сіздердің тараптарыңызға айтылған жоғарыдағы олқылықтардың бары жасырын емес. Сол себепті айтылған уәждерді ескеріп, берілген тапсырмаларды орындауға міндеттісіздер. Такси бағасын 1500 теңгеге өсіру жаппай халықтың наразылығын тудырып отыр. Бұл мәселе бойынша алдағы уақытта бірлескен қадағалау жұмысын ұйымдастырып, әлі де қарастыруымыз қажет, — деп түйіндеді Нұрлан Сейткамалов.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ЖАМБЫЛ АУЫЛЫНА ҚАЙТА БАРҒЫМ КЕЛЕДІ

admin_mugalzhar

Мемлекет басшысы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдады

admin_mugalzhar

Қазақстан 8 маусымнан бастап ПТР-тест пен вакцинация паспорты талабын алып тастайды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.